СҰРАУЫ БАР СУДЫҢ ҚАСИЕТІ

Белгілі бір жердің ауасын жұтып, суын ішкенді айту — мақтангершілік, жершілдік немесе бөлінушілік емес. Бөліп алып, билегісі келетіндердің ойлап тапқан өзге «измдері» мен “шілдіктеріне” де жатпайды.
Шындығында, ол — адамның табиғатпен үйлесімінен, саналы сезімінен тамыр тартатын қадыр-қасиет, үйлесім арқауы, ұлт ұйысуының бір арнасы.

Кім білсін, өзге пиғылдағылар құйтұрқы оймен бірлігіміздің күшейіп кетуінен сақтанған шығар, совет кезеңінде көпшілік, әсіресе, шенділер мен мемлекеттік қызметтегілер кіндік қаны тамған жерін ашық айта бермейтін. Жасқаншақтайтын, именетін. Тек ақын-жазушы қауымы ғана ешкімнен сескенбей туған топырағын мақтаныш тұтып, жырлап, суреттеп жүрді. Олардың бүгінгі ізбасарлары да осы жолды лайықты жалғастырып келеді.

Топырағын тапқан дәннің өнетінін білген қаламгерлердің бұл ісі көп салаға үлгі болғандай. Олар табиғат-ананың құшағын ерекше сезініп, жүрегін оятқан дүниені қалт жібермесе керек.
Әбубәкір ақын Смайыловтың осыған байланысты жазған бір пікірі көкейіміздегіні тауып, көңілімізден шықты. Талантты, ізденгіш замандасымыз сонда не дейді?

“Соңғы уақытта әлем ғалымдары судың ерекше қасиеттері туралы бірнеше жаңалықтар ашты. Ең бастысы – кез келген адам бойындағы судың құрамы сол адамның туған жерінің су құрамымен бірдей екен. Ең қызығы, ол өмір бойы өзгермейді! Сен мекеніңді мың рет ауыстырып, мұхит асып кетсең де! Қазақ үшін аса қасиетті – туған жердің киесі деген ұғымның тағы бір дәлелі осы ма екен?!
…Біздің әкелеріміз елді, жерді сүю хақында ешқашан бос уағыз, құрғақ насихат айтқан емес. Олар туған жердің тылсым құпиясын іштей түйсініп, оны қалай сүю керектігін ірі-ірі іс-әрекеттерімен, қала берді бүкіл ғұмырымен дәлелдеп кетті! Ал біз ше?..”.

Иә, біз туған табиғатымыздың киесі, жер байлығы туралы көп айтамыз. Ал іске келгенде, қарапайым экологиялық талаптарды ұмытамыз, бәрін ысырып қоямыз. Инвестиция тарту желеуімен қадағалаушы орындар жұмысының өзі қожырап кетеді. Әйтпесе, шалғай ауылдардағы өзіміз суын ішкен киелі бастауды, әулие бұлақты қаншалықты қадірлеп жүрміз? Оның құрамын зерттеу мен қорын сақтап қалу үшін ғалымдарды, тиісті мамандарды шақырдық па?

Кезінде жұрт Түркістан өңірі Түлкібас ауданы аумағындағы Кемербастаудың шипасын, емдік қасиетін жиі сөз ететін. Балдағымен келген кісінің өз аяғымен жүріп кететіні және ертеде Ұлы Жібек жолының көш-көліктері осында арнайы ат басын бұрып, су алып әкететіні аңызға айналғанын ескеріп, бірнеше бастаудың суын сынақ үшін тиісті зерттеу мекемелеріне жолдадық. Өкінішке қарай, ешкім қолдай қоймады, жауапсыз қалды.

Әйтпесе, шипалық қасиеті бар су түгілі, асханалық қара су бағасының жыл сайын өсіп жатқанын көпшілік жақсы біледі.
Жалпы, еліміз бойынша минералдық, емдік қасиеті бар ауызсуды зерттеу ісін қолға алатын кез келді деп ойлаймыз.

Рас, бәрін ғылым шешеді. Мәселен, қазір отандық ғылым саласында бастау, бұлақ суларының бүгіні мен келешегін, құрамы мен қасиетін зерттейтін жоба (мемлекет есебінен қаржыландыратын ғылыми жоба) бар ма екен? Болса, ғалымдар нәтижесін неге жарияламайды? Жұртшылықтың осындай сұрағы да бар.

Ең басты мәселе — еліміздің су шаруашылығы туған елін, жерін сүюде өзгелерге үлгі көрсете алатын білікті мамандарға зәру екенін мойындауымыз керек. “Мұрап аяғымен басқан жердегі суды ішуге болады” деген халық даналығы осы кәсіп иесінің ары мен жанының тазалығын, халыққа арналғанын меңзесе керек.

Өйткені, бүгінгі заман мұрабы (гидрология, ирригация т.б. маманы) арнайы жан-жақты біліммен, жаңа цифрлық технологиямен жарақтанған, ысырапқа жол бермейтін адам болуға тиіс. Оның міндеті — табиғатқа қамқоршы, қорған болу, суды үнемдеп, бағалау.
Иә, судың да, су берушінің де сұрауы, іздеуішісі болғаны қандай жақсы. Тұрғындар су қадірін білсе, суды үнемдер еді, мұраптың еңбегін бағалар еді-ау…

Ғалымдардың пайымдауынша, Орталық Азия аумағында таяу онжылдықта су көлемі үштен бір есеге кемиді, ал тұтыну 30-40 % артады. Ауа температурасы бірте-бірте 6 градусқа көтерілмек. БҰҰ болжамына сенсек, 2050 жылға қарай планетамыздағы тұрғындардың жартысынан астамы су тапшылығына ұрынады. Осы болжамды ескеріп, шұғыл шараларды қолға алмасақ, кеш қаламыз.

Ауаның, ауызсудың тазалығы — елдің құты, өркениеттің бір көрсеткіші. Кез келген өзен суы тұнады, әр түрлі табиғи жағдайда, өндірістік қалдықтар есебінен ластану салдарынан астына ұйық жиналады. Ғалымдардың айтуынша, егер сол ұйықтың көлемі отыз пайыздан асып кетсе ағын су өзін өзі тазалайтын қасиетінен айырылады екен.

Кейде бізге осы тұжырымды қоғамның барлық құбылысына, тіршіліктің түрлі саласына қолдануға болатындай көрінеді. Ал, соның ішінде ең маңыздысы — туған жерін қалай сүю керегін іс-әрекетімен, бүкіл ғұмырымен дәлелдейтіндер азайып кетпесе екен дейміз.
Иә, бұған да кешенді насихат, жан-жақты елдік ынта-ниет қажет.

Дархан МЫҢБАЙ