БҚО-да АӘК алушы отбасылар саны азайған

Батыс Қазақстан облысында өткен жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны 6,3%-ға төмендеген. Сонымен қатар өңіріміздегі 52 ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алушылар тіркелмегені де – қуантарлық жағдай.

Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз жиынына қатысқан БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдолов мәлімдеді. Өңірдегі азаматтарға жергілікті бюджет арқылы көрсетілетін әлеуметтік көмектер туралы баяндаған аталмыш басқарма өкілінің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мәлімет бойынша барлық қаржыландыру көзінен 11719 батысқазақстандық отбасыға 724,9 млн.теңгеге әлеуметтік көмектер көрсетілген. – Бұл – атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, үйде оқитын мүгедектігі бар балалардың шығындарын өтеуге әлеуметтік көмек, азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы және мерекелік күндерге, өмірлік қиын жағдайға тап болғанда және басқа да қосымша әлеуметтік көмектер. Атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған, табысы төмен отбасыларға тағайындалатын ақшалай және әлеуметтік бейімдеу бойынша көмек, жұмысқа орналастыру, өз бизнесін ұйымдастыруға көмектесу және жұмыспен қамтудың басқа да түрлері арқылы жанұяның табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау, – деді Жақсылық Каримоллаұлы.

Басқарма басшысының орынбасары берген деректерге сүйенсек, облысымызда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында 400-ге жуық көпбалалы отбасы бар. Өткен жылмен салыстырғанда аталған көмекті алушы отбасылар саны 6,3%-ға төмендепті. Сонымен қатар өңіріміздегі 52 ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алушылар тіркелмегені қуантады. Бұл көрсеткіш облысымызда әлеуметтік қолдау шараларының тиімді жүзеге асып жатқанын және халықтың әл-ауқатының біртіндеп жақсарып келе жатқанын байқатады.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай жыл сайынғы дәстүрге сәйкес ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға біржолғы материалдық көмек биыл да сәуір-мамыр айларында төленеді. Биыл облысымыздағы осы санатқа жататын 1700-ден астам адамға 91,8 млн.теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Олардың қатарында ҰОС-на қатысқан алты майдангер бар. Қалғандары – Ленинград қаласын қоршау кезінде жұмыс жасаған, Кеңес Армиясының ерікті жалдамалы құрамында болған, фашистік лагерьде тұтқында болған, сұрапыл соғыс кезінде тылда еңбек еткен адамдар және қайтыс болған ардагерлер мен соларға теңестірілгендердің әйелдері.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілі еліміз бойынша әлеуметтік көмектерді біріздендіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Осыған байланысты барлық аудандар мен қалалық мәслихаттар өз шешімдеріне тиісті өзгерістер енгізу бойынша жұмыстануда.

Биылғы сәуір айына дейінгі мәлімет бойынша облысымыздағы 300-ден астам отбасыға тұрғын үй көмегі көрсетілсе, үйден оқитын мүгедектігі бар балалардың шығындарын өтеу үшін 400-ге жуық балаға (386 отбасы) әлеуметтік көмек берілген.

– Әлеуметтік осал тұтынушыларды қорғау бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және жүзеге асыру мақсатында 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін «Қазақ ГазАймақ» АҚ БҚО филиалы газды арнайы төмендетілген бағамен ұсынуда. Аталған қызмет 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап «Әлеуметтік әмиян» арқылы проактивті тәсілмен тауарлық газға ваучерлер беру арқылы көрсетілуде. Коммуналдық қызметтер тарифтері көтерілген жағдайда тұрғын үй көмегінің мөлшері де ұлғаяды, яғни аз қамтылған азаматтардың шығындары көбеймейді, – деді басқарма басшысының орынбасары Ж.Абдолов.

Әлеуметтік көмек – қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды тетік. Ол қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдап қана қоймай, олардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына және қоғамның тұрақты дамуына ықпал етері анық.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы