Ұлттың келешегі – балалардың құқықтық кепілдігі
Ұлт болашағы балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуына байланысты. Осы бағытта Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған ұлттық стратегия қабылданып, баланың туғаннан кәмелетке дейінгі өмірін кешенді қолдау көзделді. Құжатта 71 міндет айқындалып, оны іске асыруға 1,3 триллион теңге бөлінген. Бағдарлама 6 заң жобасы, 24 бұйрық және 158 шараны қамтиды.
158 шараның жартысынан астамы бала қауіпсіздігіне бағытталған. Зорлық-зомбылық, суицид, ерте жүктілік және цифрлық қауіпсіздік бойынша 39 бағыт белгіленген. Мәселен, 239 баланың терезеден құлап, 45-інің қаза табуына байланысты қауіпсіздік талаптары күшейтіледі. Сонымен қатар мектептерде «психолог сағаты» енгізіліп, ерте анықтауға арналған цифрлық жүйе құрылады.
Балаларды цифрлық сүйемелдеу үшін арнайы модуль іске қосылып, ата-аналарға қызметтер бір жерден ұсынылады. Сонымен бірге ата-аналарға оқыту курстары енгізіліп, жұмысқа қатысты жеңілдіктер қарастырылады.
Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау аясында 76 шара жүзеге асады: 9 перинаталды орталық, 10 балалар ауруханасы салынып, 19 оңалту орталығы ашылады, 48 мекеме жаңғыртылады. Ауылдарда 4041 тегін үйірме ашу жоспарланған. Елде 120 мың ерекше қажеттілігі бар және 21 мың сирек ауруға шалдыққан бала бар. Бұл шаралар олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Түйіндей келгенде, бұл стратегия мемлекеттің әрбір баланың қауіпсіздігіне, денсаулығына және жарқын болашағына берген кепілдік болмақ. Балалардың бақытты балалық шағы үшін жасалған бұл инвестиция елдің ертеңгі тұрақтылығына деген кепілдік екені даусыз.
Жасұлан Сейілхан

