Ел бірлігі – тұрақтылықтың басты қайнар көзі

Елімізде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп келеді. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Қоғамдағы татулық пен өзара құрмет – ел тұрақтылығының басты негізі. Мемлекет этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясатты жүйелі түрде жүргізіп, көпұлтты қоғамды біріктіруге басымдық береді. Осы бағытта қоғамдық ұйымдар мен институттар бірлік пен ынтымақтастықты арттыруға арналған түрлі іс-шараларды жүзеге асыруда. Мұның барлығы ел дамуына оң әсер етіп, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Қазақстандық тұрақтылық – мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріндегі бейбіт дамудың берік іргетасы. Бұл – ішкі бірлік пен сыртқы саясаттағы бейбітшіл ұстанымның нәтижесі. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан бейбіт даму жолын таңдап, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырды. Соның арқасында ел экономикасы нығайып, қоғамда татулық пен келісім қалыптасты. Мемлекет пен халықтың бірлескен еңбегі, заң үстемдігін сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау – тұрақтылықтың негізгі тіректеріне айналды. Тұрақтылық пен бейбітшілік – кез келген елдің өркендеуінің басты шарттары. Қазақстан осы қағиданы берік ұстанып келеді. Ел ішіндегі татулық халықаралық аренада да мемлекет беделін арттырып, Қазақстанды сенімді серіктес ретінде танытады. Ел бірлігі – тұрақтылықтың басты қайнар көзі. Көпұлтты құрылым ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың маңызын айқын көрсетеді. Қазақстан халқының бірлігі – мемлекеттің ең үлкен құндылығы. Өйткені бірлік пен татулық болған жерде ғана қоғамдағы әртүрлі этнос өкілдері өзара ынтымақтастықта өмір сүріп, ортақ мақсатқа жұмылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXII сессиясында сөйлеген сөзінде ел бірлігінің маңызын ерекше атап өтті. Президент өз сөзінде Қазақстан халқының бірлігі күні – татулық пен келісімді дәріптейтін маңызды мереке екенін айтып, мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау үшін бірліктің әрдайым бекем болуы керектігін жеткізді. Мемлекет басшысы референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерістердің тарихи маңызына тоқталып, бұл қадам бүкіл халықты Әділетті Қазақстанды құру жолында біріктіргенін атап өтті. Оның айтуынша, ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімдерде халықтың бірлігі мен ортақ ұстанымы ерекше рөл атқарады.

Президент бірлік пен тұрақтылық саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың басты шарты екенін, ал ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы ең қымбат құндылықтар екенін баса айтты. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта ғана емес, қоғамның барлық саласында дәріптелуі тиіс. Бұл – әр азаматтың күнделікті ұстанымына айналуы қажет.

Қазақстан халқы бірліктің қадірін жақсы түсінеді. Тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ жерінен пана тапқан көптеген этностар үшін бейбітшілік пен тұрақтылық – ерекше маңызды құндылық. Осы құндылықтарды сақтау арқылы елімізде татулық пен келісім нығайып, қоғам дамуының берік негізі қалыптасып отыр.

Г.Тұрлыбекова