АСЕКЕҢДІ САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛСАМ

Жазушы-публицист
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев):
АСЕКЕҢДІ САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛСАМ…
Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, педагог, профессор, Қазақ КСР-нің Халық артисі Асқар Тоқпановпен 1971 жылы күзде алғаш кездескенімде ол кісі 56 жаста еді. «Еңбек сіңірген өнер қайраткерінен» басқа бәлендей атағы да жоқ-ты. 1940 жылы «Абай» спектаклін қойғанда небары 25 жаста екен. Қиқарлау мінезі, тік сөйлейтіні, ешкімнен ықпайтыны жоғары жаққа жаға бермесе керек. Түрлі сылтаумен біресе Қарағандыға, біресе Гурьевке (Атырау), біресе Жамбылға (Тараз) «жер аударылып» жүріпті. Алматыға қайтып оралғаны енді ғана екен.
Журналист ретінде менің жазуға ықылас танытқаным ол кісіге қатты ұнады. Қанаттанып, көтеріліп, өзінің еңбегінің баспасөз бетінде еленетініне балаша қуанды. Ол кезде Алматы облыстық «Жетісу» газетінде істейтін 22 жастағы жас журналистпін. Үйіне шақырып бірнеше күн әңгімесін тыңдадым. Телегей теңіз білімді, фольклордан да, тарихи деректерден де хабары мол, ұлтшыл жан еді. Арасында Бауыржан Момышұлының өзі туралы «Қазақта нөмірі бірінші жынды – Мен, нөмірі екінші жынды – Сен» деген сөзін келтіріп қоятын. Төле бидің, Абайдың шешендік сөздерін тасқындата төккенде аузымды ашып қалатынмын. Әйгілі театр педагогы К.Станиславскийдің де атын алғаш рет сол кісіден естідім. Әңгіме арасында Талғат інімнің өнерге талабы бар екендігін де құлаққағыс қылып қоямын. Ақыры «Театр тарланы туралы сөз» деген мақалам сол «Жетісу» газетінде 1971 жылғы желтоқсан айында жарық көрді. Содан бері 55 жыл өтіпті. Бұл өнер тарланының шығармашылығы туралы астаналық (ол кезде Алматы –астана) басылымда жарық көрген алғашқы мақала болатын. Әлеужеліде Мұхтар Әуезов пен Асқар Тоқпанов туралы сөз болып жатыр екен. Соған орай «Уақыт жебесі» атты бестомдығымнан алынған Асекең туралы материалымды назарларыңызға ұсынып отырмын.
ТЕАТР ТАРЛАНЫ ТУРАЛЫ СӨЗ
Қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі
Асқар Тоқпанов туралы сыр
Асқар тау жотасына тесіле қарады. Табиғаттың көне куәгері іспетті мына Алатаудың көк майса баурайы оған алабөтен ыстық. Уақыт қалай өзгертеді?! Кеше мұнан кеткенде жап-жас бала еді. Ал, енді самай шашын қырау шалған жігіт ағасы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор. Бұдан қырық жылдан астам уақыт бұрын оқысам деген арманмен осы жерден болашағына жол тартып еді-ау.
1919 жылдан партия мүшесі, Жетісуда совет өкіметін орнатуға белсене атсалысқан абзал азамат Қасым Күшелепов жастардың болашағына зор үмітпен қарады. Коллективтендіру қызу жүріп жатқан 1930 жыл болатын. Бойында оты бар алғыр жеткіншектің өнердің әр саласына ұмтылып, арна таппай жүргенін аңғарған Қасым оны бай шеңгелінен құтқарып, Алматыдағы №12 мектеп-интернатқа орналастырды.
Асқар осында хат таныды, сауатын ашты. Театрды тұңғыш осында көрді. Қазақ өнерінің қарлығаштары Қалыбек, Күләш, Иса, Әміре, Құрманбек өнеріне тәнті болды. Олардан көріп, үйренгендерін әп-сәтте қағып алып, айнытпай қайта орындап беретін достарына.
1932 жылы КазПИ-дің тіл және әдебиет фа­культетіне түсті. Бұл кезең Асекеңнің өміріндегі негізгі бетбұрыстың басы секілді. Бірде сауыққой студенттер пьеса қоюға жиналысты. Бірақ білікті режиссерсіз іс алға баспай қойды. Бәрі ойланып-толғанып, сол кездегі драма театрының бас режиссері Жұмат Шанинді шақырмақ болысты. Іштеріндегі өжеттеуі болған соң шақыру Асқарға жүктелді…
Келесі күні репетицияға қағылез, қияқ мұртты, орта жастар шамасындағы кісі келді. Шанин аса бір кішіпейіл жан болған ғой. Уақытының аздығына қарамастан студенттердің спектаклін дайындауға көп көңіл бөліп, жөн сілтеп отырды. Ақыры айтылған күні театрдың жазғы сахнасында спектакль қойылды. Көрермендер студенттер еңбегін жылы қабылдады.
Бірнеше күннен соң Шанин Асқарды шақырып алды да:
– Сенен түбі жақсы режиссер шығады, оқуың керек. Мәскеудің Луначарский атындағы өнер институтына жібертейін, барасың ба? – деді бірден. Мұндай сөз үш ұйықтаса түсіне кірмеген Асқар абыржып қалды. «Рас па?» дегендей қайта көз тастады.
– Репетицияларыңды басқарған кезімде үлкен қабілетіңнің барын байқадым. Оқы, Асқар, оқы – деді қайталап.
– Барсам барайын, – деді Асқар, Шанин сияқты режиссер болатынына қуанып. Бойына шаттық сезім шымырлап жайлып бара жатты. «Жолға дайындала берейін бе?» —деді дегбірсізденіп. Кеудесінде кейінгі толқын ініге деген қамқорлық оты маздаған асыл аға сәл жымиды да:
– Келіссең болды, әзірше сабыр ет. Жақын күндерде хабарласарсың, – деді.
Біраз уақыттан соң өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Асқар Мәскеудің Луначарский атындағы өнер институтының дайындық курсына түсті. Ары қарай оқуына Азамат соғысының батыры Д.М. Фурмановтың зайыбы, сол институттың директоры Анна Никитична Фурманова жәрдемдесті. Верныйда болып қазақтармен етене таныс болған ол қазақ жастарына үлкен назар аударған жан еді.
1940 жыл. Асқар – Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері. Институтты бітірген соң осында жіберілген. Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболев бірігіп жазған «Абай» пьесасының премьерасына әзірлік өтіп жатты. «Спектакльдың нағыз шын өмір сүруі ол аяқталған соң, көрермен өзімен бірге бір нәрсе ала кеткен кезде ғана басталады» деген Немирович-Данченконың сөзі режиссер еңбегінің таразысы іспетті. Қойылым сәтті шықты. Қалыбек Абай рөлін биік дәрежеге көтерді. Бұл – зор жетістік, зор табыстың тасасында зор еңбек жатыр еді.
Ұлы ақынның бейнесін сахнаға шығару режиссерлік үлкен толғаныс пен шеберлікті қажет етті. Себебі, әрбір мизансцена «мыңмен жалғыз алысқан» Абай образын, ақын ортасын ашуға көмектесуі тиіс болатын. Асқар ұлы ақынның жарық көрген барлық шығармаларын қайталап оқып шықты. Абайдың нені мақсат тұтып, нені армандайтынын ақынның өз көзімен көруге ұмтылды. Командировка алып бірнеше рет Абай ауылына барды.
Ақынның көзін көрген Ысқақтың (Абайдың ағасы) баласы Арқам, Мағауияның қызы Уасила, Жиреншенің баласы Бөгек, тағы басқа Қатпа сияқты құймақұлақ, көнекөз қариялармен әңгімелесті. Елдің ақын өмір сүрген тұстағы тұрмыс салтына көңіл аударды. Байқап қараса, Абай еліндегі жақын отырған екі ауылдың өзінің киім киісінде, күнделікті тіршілігінде, тіпті ұстаған қамшысына дейін бір-біріне ұқсамайтын өзгешеліктер бар екен. Осындай ізденіс, еңбек нәтижесінде ол Абай ауылы киген шапан тігісінің ерекшеліктеріне дейін қағазға түсіріп қайтты.
Рөлдер бөлініп, репетиция да басталды. Бірде спектакльдің репетициясына пьеса авторы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтың өзі келе қалды. Залда отырып актерлардың ойындарын көрді. Кетерде:
– Ойындарың осы ма!? Қалибектей Абайы бар, Асқардай режиссері бар Қазақ театры жетіскен екен! – деп Мұхаң шығып кетті. Төбелеріне суық су құйып жібергендей болды. Мүлде жаңаша ізденіс керектігін бәрі түсінді. Жаңа спектакльді шығару жолында Асқардың тіпті мазасы кетті. Кейбір актерлердің рөліне ене алмай, жаттаған сөздерін құры айтып тұрғанын көргенде күйіп кетеді. Ондайда:
– Бетті гримдеп, рөлдің сөзін тақылдатып айтқаныңның керегі жоқ! Маған образ керек. Кейіпкердің жан-дүниесі қайда? Іздеу керек, тағы да іздену керек! – деген дауысы өктем-өктем естілетін. Ақыры спектакльдің премьерасы болатын күн де жетті. Көрермен қауым спектакльді аса жоғары бағалады. Бұл қазақ сахнасының, сонымен бірге жас режиссер Асқардың да үлкен жетістігі еді. Аншлагпен өткен премьерадан кейін Мұхтар Әуезов өзі келіп: «Бәрекел­ді! Тамаша шықты! Өткендегі сөзім Қалибек пен Асқарды қайрау үшін айтылған еді. Енді риза­мын! –деп кетті.
Талантты режиссер бұдан кейін де қазақ театрының тарихына жарқын бет болып қосылған талай спектакль қойды. Олардың ішінде М. Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», Ш. Құсайыновтың «Марабай», Ғ. Мүсіреповтың «Ақан Сері–Ақтоқты», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» сияқты пьесалары бар.
1945 жылы СССР Ғылым академиясының Алматыдағы филиалында өнер секторы ашылды. Асқар театр бөлімінің меңгерушісі ретінде Ахмет Жұбановпен бірге көп еңбек етті. Қазақ халқы өнерінің тарихын жинастырып, зерттеуде ұлан-ғайыр жұмыстар істелді.
Оның отыз жылдан астам режиссерлік қызметі педагогтық жұмыспен жемісті ұштасып келеді. Республикалық театр училищесінде, кино мектебінде оқып, Тоқпановтан сабақ алған көптеген шәкірттері кейін танымал өнер қайраткерлеріне айналды. Олардың қатарында Шолпан Жандарбекова, Күләш Сакиева, Бикен Римова, Тұрлыбек Оспанов, Жамал Бектасова, Мұқтар Бақтыгереев, Гүлжаһан Жанысбаева, Қуат Төлеков пен Күлипа Иманғалиева сияқты белгілі артистер бар. Өнерді сүйген азаматтың қай жерде қандай қызмет атқарса да мақсаты біреу ғана. Ол – халыққа адал қызмет ету. Мейлі, Асқар Қарағанды, Атырау облыстық театрларында, МХАТ-та стажировкадан өткен кезінде, Балалар мен жасөспірімдер театрында, Республикалық халық творчествосы үйі мен Жамбыл облыстық театрында істеген кезінде болсын, осы азаматтық асыл мұраттан тайған емес.
Иә, Қазақстанның көрнекті өнер қайраткекрі Асқар Тоқпанов қазақ театры өнерінде өзіндік орны бар жан. Оның бар өмірі театрға арналған және сонымен байланысты. Өмірінде алпыстан астам спектакль қойып, актерлердің 15 тобын тәрбиелеп шығарған асыл аға алпысқа таяп қалса да жігерлі. Әлі де творчестволық жолын табыспен жалғастырып келеді.
«Жетісу» газеті, желтоқсан, 1971 жыл