ПРОФЕССОР ІЛБЕР ОРТАЙЛЫНЫҢ БІР ЖАС ТАРИХШЫҒА ТАҒЫЛЫМДЫ ЕСКЕРТУІ

Үлкен кітапхананың күңгірт залында жас зерттеуші отыр еді. Оның алдында тек Осман тарихына қатысты бірнеше кітап жатқан. Ол парақтарды тез-тез аударып, жазбалар жасап, кейде басын көтеріп терезеден сыртқа қарап қоятын. Оның ойында үлкен жоспар бар еді: Осман империясы туралы «керемет бір зерттеу» жасау
Дәл сол сәтте оның үстелінің жанынан өтіп бара жатқан профессор Ілбер Ортайлы оған жақындады.
— Не туралы жұмыс істеп отырсың, балам? — деп сұрады.
Жас зерттеуші мақтанышпен жауап берді:
— Осман мемлекетінің өрлеуі мен құлдырауы туралы зерттеу жасап жатырмын.
Профессор жымиып қойды.
— Жақсы. Ал Еуропа тарихын қаншалықты білесің?
Жас жігіт сәл таңырқап қалды.
— Еуропа тарихы ма? Онша көп емес.
— Ал Византия?
— Оған да көп қараған жоқпын.
— Ал Түркістан хандықтары, Ислам өркениеті, Еуропаның орта ғасырлары ше?
Жас зерттеуші үнсіз қалды.
Қарт профессор кітапхананың биік сөрелерін нұсқады. Ол сөрелерде Шумерден бастап Қытай әулеттеріне дейін, Римнен Орта Азия далаларына дейінгі жүздеген кітап тұр еді.
— Тарих, — деді профессор баяу ғана, — бір ғана мемлекетті немесе бір ғана ғасырды әңгімелемейді. Ол адамзаттың ұзақ сапары. Бір кезеңді түсіну үшін одан бұрынғыны да, одан кейінгіні де білу керек.
Жас зерттеуші басын көтерді.
Профессор сөзін аяқтады: «Тарихи ой-тұжырым айтқысы келген адам алдымен барлық дәуірлерді білуі керек.»
Сол күні жас зерттеуші бір нәрсені түсінді: тарих жазу — тек бір оқиғаны баяндау емес. Тарих жазу — адамзаттың мыңдаған жылдық тарихын бір-бірімен байланыстыра білу.
Бұл әңгімеден түсінетініміз, тарихты дұрыс түсіну үшін бір ғана кезеңді немесе бір ғана саяси құбылысты білу жеткіліксіз.
Мысалы, Алаш қозғалысын толық түсіну үшін тек ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қызметін білу аздық етеді. Оны дұрыс бағалау үшін Қазақ хандығының ғана емес, Түркістан хандықтарының — Бұхар, Хиуа, Қоқан мемлекеттерінің тарихын, Ресей империясының отарлық саясатын, Түркістандағы ұлттық қозғалыстарды, жәдидизмді, сондай-ақ сол кезеңдегі Еуропа мен әлемдегі саяси өзгерістерді де білу қажет.
Міне, Ортайлының тарихқа деген өзгеше, көп ғалымға бұйыра бермейтін кең тынысты көзқарасы осындай. Дәл осы терең әрі ауқымды пайымы оны тарихшылардың биік шыңына көтерді десек, артық айтқандық бола қоймас.
Марқұм профессор Ілбер Ортайлыға, осы орайда, Алла алдынан жарылқасын дейміз. Жатқан жері торқа, барған жері ұжмақ болғай!