Қазақ тілінде сөйлеу: ұлт намысын қорғаудан қиын ба?

Өз елінің атынан додаға түскен талай спортшының қазақшаға келгенде тілінің күрмелетіні жасырын емес. «Извините» деп, сұхбаттан сырғып өте шығатын олардың әрекеті кейде көңілді күпті етеді.
Мемлекеттің намысын арқалап, көк туды көтеретін азаматтардың өз тілінде сөйлей алмауы таңғалатын жағдай. Орысша десең ағылып тұратындардың қазақ тілінде екі ауыз сөз құрастыра алмағаны өкінішті.
Мәселе тек спортшыларда емес, жалпы ортада қазақ тілін білмеуді қалыпты жағдай санайтындардың көбейіп кеткенінде. Оларға нан тәтті, марапат бағалы, ақша қадірлі болса, қазақ тілінің қадірсіздеу көрінуінің себебі неде? Тілдің дәмі неге ащы болуы тиіс? Осыны түсінбей-ақ қойдық.
Бір қызығы, шетелге барсақ, бір ай өтпей жергілікті халықпен тіл табысып кетеміз. Мәселен, Англия мен Испанияға жолымыз түссе, он сөзді амалсыз үйреніп, нан сұрап жеудің қамын жасаймыз.
Өйткені ол жақта тіл білмеу тығырық. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді білмеу спортшыларды еш тығырыққа тіреп жатқан жоқ. Талап жоқ жерде тәртіптің ақсауы заңдылық.
«Қазақша сөйлемегенің ұят» деп бетіне басатын орта қалыптаспаған. Сол себепті де қазақ тілін білмеу ешкімді алаңдатпайды. Намысты ту етіп ұстайтын спортшылардың өзінде ұлттық сана оянбайынша, алар асуы аласалау болып қала бермек.
Әлемдік аренада топ жарған Серік Сәпиевтің Лондонға барып, ағылшын тілін тез меңгергені, Самат Смақовтың Түркиядағы алты ай ішінде түрік тілінде еркін сөйлеуі тіл үйренудің мүмкін екендігін анық көрсетіп тұр. Ерік пен ықылас болса, адам кез келген тілді игеріп алады. Өзгеге құрмет көрсеткен адам бірінші өз ұлтына, өз тіліне құрмет көрсеткені дұрыс болар еді.
Амангелді Сейітханов, спорт журналисті
Асылхан Бөрібай ФБ парақшасынан алынды