Ұлыбританияның әйгілі премьер-министрі Уинстон Черчилль Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел бюджетін қарап отырып, мәдениетке бөлінген қаражаттың жоқтығын көріп, таңғалыпты:
– Мәдениетке бөлінетін шығындар қайда? – деген сұрағына қасындағы шенеуніктер:
– Қазір соғыс жүріп жатыр, мәдениет қайдан болсын? – деп жауап берген көрінеді. Сонда Черчилль:
– Егер мәдениет болмаса, онда біз не үшін соғысып жатырмыз? – деген екен.
Шынында, мәдениет ұлттың жаны, елдің рухы, оның басты құндылығы. Елдің ертеңі тек экономикалық көрсеткіштер мен әскери қуатта ғана емес, ең алдымен сол халықтың рухани-мәдени деңгейімен анықталады. Ал сол мәдениеттің өзегі – тіл.
Бұл оқиғаны бүгінгі Қазақстан жағдайымен байланыстырып қарасақ, біз үшін де ұлттық мәдениет пен тілдің орны ерекше. «Қазір әлемде экономикалық дағдарыс, геосаяси шиеленістер жүріп жатыр, тіл мәселесін, мәдениет мәселесін кейінге қалдырайық» дейтін пікірлер айтылуда. Бірақ тілді қорғау, дамыту дәл қазіргі күрделі кезеңде аса маңызды екендігін ұғынумыз керек.
Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алып, барлық салада еркін қолданылуы ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі, ұлттың болашағының кепілі. Тіл мәдениетпен бірге жүреді, мәдениетті дамытпай тұрып, тілдің өркендеуі мүмкін емес. Қазақ тілін дамыта отырып, біз ұлттық санамызды жаңғыртамыз, ұлттың бірлігін нығайтамыз.
Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігін қорғау тек шекараны сақтау мен экономиканы көтеру ғана емес, ұлттық болмысымыз бен тілімізді сақтап қалумен де өлшенетінін естен шығармауымыз керек.
Черчилль айтқандай, мәдениет соғыс кезіндегі қиындықта да, бейбіт заманда да маңызды құндылық. Егер мәдениетіміз, ана тіліміз жоғалса, біздің тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің мәні де жоғалады. Ұлттық мәдениетіміз бен тілімізді сақтағанда ғана біз өз болмысымызды сақтап, болашаққа нық қадам баса аламыз.

