Кешірімділік – адамгершіліктің биік көрінісі
Наурыз – табиғатпен бірге адамның да жаңаратын шағы. Бірақ кешірім сұрау мен кешіре білу тек мерекелік дәстүр ретінде қалып қойса, оның мәні жоғалады. Нағыз кешірім – адамның өз-өзімен жұмыс істеуі, тәкаппарлықты жеңуі. Ол үшін адам ең алдымен өз қатесін мойындап, өзгеге түсіністік таныта білуі қажет. Қазақ халқының «кешірімді бол» деген сөзі бекер айтылмаған. Бұл – халықтың рухани тірегі. Кешірімді қоғам ғана бірлігін сақтап, алға дами алады. Сондықтан кешірімділік – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың құндылығы.
Қоғамның шынайы деңгейі оның техникасымен не байлығымен емес, адамдар арасындағы қарым-қатынастың сапасымен бағаланатыны белгілі. Дархан Мыңбай көтерген мәселе – тек бір мерекеге қатысты емес, жалпыадамзаттық маңызы бар тақырып. Наурыз – жаңару мен тазалықтың нышаны болғанымен, кешірімділік бір күндік әрекетпен шектелмеуі керек. Кешіре білу – өз нәпсіңді жеңу, бұл әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет.
Қазіргі қоғамда «мен осындаймын» деген түсінік кейде жауапкершіліктен жалтарудың бір жолына айналып барады. Көп адам қателігін мойындағаннан гөрі, оны ақтауға тырысады. Мұндай көзқарас отбасыдағы байланысты әлсіретіп, достыққа сызат түсіріп, қоғамдағы сенімді төмендетеді. Себебі кешірім болмаған жерде өзара түсіністік те болмайды.
Кешірім – жай ғана сөз емес, ол нақты іс-әрекет. Кешірім сұрау үшін батылдық қажет болса, кешіре білу үшін кең пейіл керек. Шынайы кешірім – болған жағдайды ұмыту емес, оған деген көзқарасты өзгерту. Бұл – адамның ішкі жан дүниесін жеңілдетіп, тыныштық табуына жол ашады. Сонымен қатар, кешірім – тәрбиенің маңызды бөлігі. Балалар үлкендердің іс-әрекетіне қарап бой түзейді. Егер отбасында сыйластық пен кешірімділік болса, бұл қасиеттер жас ұрпақтың бойына да сіңеді. Яғни кешірімділік – келешек ұрпақтың да рухани негізі.
Сондықтан Наурызды кешірімнің бастауы ретінде қабылдаған жөн. Ең бастысы – сол кешірімді күнделікті өмірде ұстану. Ренішті ұзақ сақтамай, түсіністікке ұмтылу – адамның мәдениеті мен парасатын көрсетеді. Өйткені адамгершіліктің ең биік көрінісі – кешірімді бола білу.
Назарларыңызға Дархан Мыңбай Фейзбук парақшасында жариялаған материалды ұсынамыз


