ЕКІ ДҮНИЕНІҢ ПАРҚЫ МЕН НАРҚЫ

Кез келген дінді ұстану, ұстанбау әр адамның өз еркі. Зорлық жоқ. Ешкім қыстамайды. Жалған дүниені шайқап өтесің бе, алды артыңды байқап өтесің бе, таңдау еркі берілген. Қалауың біледі ойыңа келгенді істей бер. Малдан артықшылығың: ақыл-ойың, білімің бар. Өлетін жеріңді білесің ең бастысы. От пен суға баспен қойып кетпейсің ешқашан. Санаң уланбаса, ақыл-есің ауыспаса сақ жүруге тырысасың.
Ішіп-жейсің. Жар құшасың. Бала-шаға өрбітесің. Арақ ішіп, наша шегіп алып көлік айдасаң, біреуді соғып жазым етсең, ұрлық істесең, ар-намысқа тіл тигіссең заң бар. Жазықсың жанның көз жасы бар. Сотталасың. Яғни сот бар. Айыптаушы прокурор, ақтаушы адвокат бар. Мұның бәрі осы дүниеде. Бәріміз білеміз оны. Пенде болғасын түрлі жағдайлар болып тұрады. Мысалы біреу машинадан аударылады. Көліктен дым жоқ. Өзі дін аман. Көрген жұрт «Алла сақтаған екен» деп таңданып жатады. (Оның бәрі намаз оқымауы мүмкін). Сәби талпынып жатып керуеттен құлап кетуі мүмкін. Еш жері сынбаған. Көрген жұрт «Періштесі қаққан екен» деп таңдай қағысады.
Біреу ашуға мініп, жөн-жосықсыз біреулерді тілдеп, ұрып жатса «Мынаны жын соғып кеткен бе?» дейтіні тағы рас. Демек адам баласының бойында бір тылсым дүниеге деген сенім бар. Ол сенім – ата-баба қаны арқылы жеткен асыл қасиет тіні. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасы бермек.
Олай болса «Алла», «Періште», «Жын» деп кімдерді айтып жатырмыз? Олар қайда? Неге қиналғанда ауызымызға бірінші осылар түседі? Бұдан біздің ұғатынымыз мына өмірмен параллель әлем бар екені. Біздің көзіміз перделенгендіктен оны көре алмаймыз. (Жалған дүниеге құл болмаған, құлшылықтан нәр алған әулие-әмбиелер тылсым дүниенің сырын ұғуы әбден мүмкін).
Осыдай кейін ақыл-ойы кемел адам баласы ойланса керек-ті. Алла деп, Жаратушы деп кімді айтамыз? Ол қалай сақтайды? Неге ол жалғыз? Жәй ғана бір мысал. Физика, математика, геометрия нақтылықты, дәлдікті қалайтын ғылым. Егер күн мен түн сәл «мүлт кетсе», осъінен тайса, бір-біріне байланып тұрған тіршіліктің күлі көкке ұшпақ. Ақырзаман орнайды. Жер бетін топан су басады. Демек, басқарушы бір құдірет бәрін реттеп тұр.
Көне грек мифологиясындағы көп құдайшылыққа қараңыз, олар бір-бірімен айқасады. Соғысады. Құдайлар «қырқысқан жерде» қайдағы ақиқат. Исламға дейінгі араптардың пұттары да бір-бір «құдай» еді. Хрестиандар да Иса пайғамдарды Алланың ұлы деп адасып, тарам-тарамға бөлінді. Қазақ атамыз «жалғыз Аллаға» сыйындым дейді. Содан медет тілейді. Бірақ оның мекенін іздемейді. Жамандықтан сақтаса «Аллаға шүкір» дейді. Басына қайғы-қасірет келсе «Бәрі Алланың ісі» дейді.
Жалған дүниеде жақсылыққа марапат, алғыс-хат беріледі, жамандыққа сот үкімі шығады. Кім болсада жазасын тартады. Алайда әділдік үнемі салтанат құра бермейді ғой бұл фәниде. Ақшаның күшімен, болмаса тамыр-таныстықпен заңды белшесінен басып, ойына келгенін жасап жүргендер (дүние мен Ар сотынан қашып жүргендер) неге сұрақ-жауапсыз кетуі тиіс бұл жалғаннан? Олардың үн-түнсіз, жым-жылас, есеп-қисапсыз кеткенін сіз де қалайсыз ба? Бұл әділдік емес қой? Жәй адами көзбен қарап көріңізші? Егер тап солай болса, бұл өмірдің не мәні бар?
Біреуден қиянат көрген, таршылықта өмір сүрген, еңбегі еленбеген пенделердің өле сала ізім-қайым жоғалғаны да логикаға қайшы емес пе. Дүниеден өткен адам жоғалатын болса, оларға неге құран бағыштаймыз, неге садақа береміз? Неге ұмытып кетпейміз? «…Кезі келсе жолығармыз ақыретте, әзірге сағына бер, сағына бер» деп Мұқағали ақынның дінсіз қоғамды дір еткізіп жазған қызыны арнауы қандай! Қаға бересің таңдай!
Жақсылықтың өтеуі болмаса, жамандықтың есесі қайтпаса – дүниеге келіп, кетуде не құн бар! Демек, ана дүниеде қайта тірілеміз. Сұрақ-жауапқа тартыламыз. Сот бар… Мәңгілік өмір бар… Қимас жандар қауышамыз… Мына дүниеде бар нәрсенің, ана дүниеде болмауы ақылға қонымсыз ғой.
Жоқтан бар етіп бізді жаратқан Алланың соты – әділ сот. Сені қаралайтын да, ақтайтын да періштелер қасыңда жүргенін ұмытпа. Олардан қашып құтыла алмайсың ешқашан.
Ана дүние жоқ деп басқаны білмеймін, дәл қазақ айта алмайды. Себебі олай десе, жалған дүниеден өтіп кеткен ата-бабасы мен ата-анасын да жоғалтады. Аруақты жоғалтса, қазақ «мазақ» болады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсілдің мағынасы тереңде білгенге. Атамыз қазақ «ана дүние бәріміз баратын жер, оған иманмен, таза пейілмен бару керек» деп қысқа қайырған. Сөйте тұра «Бір күндік өмірің қалса, он күндік мал жина» деп және айтады. Өлуге асықпа дегені.
Солай достар!