ОТБАСЫНДАҒЫ ҚЫЗДАР ТӘРБИЕСІ: ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕРДЕН САҚТАНДЫРУ

Сараш Қоңырбаева — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының
қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Халқымызда қыз баланың тәрбиесіне көңіл бөлу ерекше жолға қойылған. Мұны қамқорлық деп түсінуіміз керек. Соңғы кезде осы мәселенің тонын теріс айналдырып, «қазақта ер балаларға қарағанда қыздарға шектеу көп қойылады, бұл кемсітушілік» деп қабылдайтындар көбейді. Шындығында мұндай пікірлер тәрбиенің нәтижесін әлсірететінін пайымдай бермейміз. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе есіктегі қара күңнен тыю» деген мақалдың мәніне терең бойламай, тек тыйым тұрғысынан түсінетіндер көп. Шындығында бұл қыздың тәрбиесіне түгел қоғам жауапты деген тұжырым ғой.
Әрине, қоғамдағы қыз бала тәрбиесінің әлсіреуінің себебін нақты бір мәселеге апарып тірей алмаймыз. Оның көптеген заманауи факторлары бар. Тек қыздар тәрбиесі емес, көптеген келеңсіздіктер арқылы біздің әлеуметтік ортаның рухани әлсірегенін байқаймыз.
Еліміздегі білім беру жүйесінің заманауи реформалары: жаңартылған білім мазмұны, білім сапасын арттыру, оқушы жүктемесін азайту, цифрландыру, инклюзивті ортаны дамыту, т.б. түрлі мәселелерге басымдылық бергенімен, ұрпақ тәрбиесін қоғам болып жаппай қолға алмасақ, бәрінің нәтижесіз болатыны анық қой.
“Қоғамдық тәрбие” деген ұғым талап етілмейтіндігі сондай, тіпті ұмытылып барады. Қарапайым мысал: қоғамдық көлікте жастарға үлкендер ескерту айта алмайды. Бұл жоғары мәдениеттіліктен емес, айтылған ақылдың қабылданатынына күмәнді болғандықтан да айтылмайды деп ойлаймын. Демек үлкендер тарапынан кейінгі ұрпаққа деген жанашырлық аз. Әлеуметтік желілерде өзара талқылағанымен, олардың ортасынан табылып, жөн айтып, жол көрсетушілер жоқтың қасы. Білім беру мекемелерінің мойнына арта салумен тәрбие деген күрделі мәселе шешіле кетпейді ғой. Отбасынан бастап, қоғамның әрбір саналы азаматы жанашырлықпен ортақ іс деп атсалысуы керек.
Зайырлы, дамыған, мәдени ортада өмір сүріп жатыр деген жастар арасында да қарапайым қарым-қатынас мәдениетінің дұрыс сақталмауы зардабынан қанша жағымсыз жағдайлар орын алып жатыр. Бұл мәселелер күрделеніп кеткені сондай, қорқытып-үркіту, жеке басқа қауіп төндіру, күш көрсету, алып қашу, тіпті сорақысы өш алу үшін, өмірін жою сияқты ауыр зардаптарға соғып жатқаны халықты үрейлендіреді. Ұрпағымызды осындай мәселелерден қалай сақтаймыз және қалай сақтандыруымыз керек?
Қыз баланың қауіпсіздігі – отбасының ортақ жауапкершілігі, сондықтан әрбір қыз бала өзін қорғайтын жанашыр бірінші ата-ана екенін сезінуі керек.
Сондай-ақ:
— ана-ана қызымен ашық сөйлескені абзал, айтылатын ақыл қорқытудан емес, қамқорлықты сезіндіруден, сендіруден басталғаны дұрыс;
— “егер қорқатындай жағдай болса, маған айтасың” дегенді баса ескерту;
— “жеке шекара” деген мәселе жөнінде анасы қызымен ашық сөйлесу;
— денесіне басқалардың қол жүгіртуіне, күш көрсетуіне, тіпті жақын танысы болса да жол бермеу керектігін, “жоқ” айтуға құқың бар деп айту;
— интернет арқылы әлеуметтік желілердегі жеке парақшалары мен телефон қолдануда жеке мәліметтерін жарияламауын, таныс емес адамдардан хат жазысу қаупі туралы ескерту;
— күнделікті қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру үшін: қайда, кіммен, қашан келетіні туралы алдын ала айту – міндет екенін үйрету;
— телефонының әрдайым жанында, қуаты бар болуын, төтенше жағдайда хабарласатын нөмірлерді жатқа білсін.
Ер балалар тәрбиелеп отырған ата-аналар да өз жауапкершілігін күшейткені дұрыс. Отбасындағы тәрбиедегі ұстанымға ер балалардың қыздарға қатысты қарым-қатынас мәдениеті жөнінде ескертіп отырыңыз:
— кез келген ортада (көшеде, оқу орнында, желіде) әдеп сақтау;
— оның жанында қыз өзін қауіпсіз сезінуі керек;
— қыздарды қорқыту, қысым, мазақ, намысына тию – ер-азаматқа тән әрекет емес;
— қыздың денесіне, уақытына, эмоциясына иелік етпеуі;
— қыздың шешімі мен таңдауын сыйлауы;
— ер бала сөзі бен әрекетіне жауап беретінін түсіндіру;
— қарапайым қалжыңның өзінде шекарадан аспауы керек.
— айтылған уәдені орындау – үлкен жауапкершілік;
— ашумен, қызбалықпен жасалған әрекетке де жігіт жауап береді.
— жігіттің жауапкершілігі – қыздың еркіндігі мен қауіпсіздігін шектемеу, керісінше оны қорғауы дегендей ақылды ұл балаға ер-азаматтық ұстаным ретінде қалыптасардай ескертіп отырғаны дұрыс.
Шындығында балаларды қауіп-қатерге берілмейтіндей, өмірдің кейбір мәселелерінде өз сезімін дұрыс басқаруына бағыт-бағдар беруші, бас ұстаз ата-ананың өзі екенін естен шығармаған абзал.
Kun.KZ