ҚЫРУАР «САУАП» жинап жүр, талай қазақ жастары

– Оразаны не үшін ұстайсың?
– Сауап жинау үшін.
– Сауап деген не?
– Жақсылық жасау.
– Сонда ораза ұстау арқылы кімге жақсылық жасамақсың?
Жауап жоқ.
Бұл – бір ғана студент қыздың тосылысы емес. Бұл – бүгінгі дінге бет бұрған жастардың ой кеңістігіндегі үзіліс.
Олар сыртқы ғибадатты үйренді. Бірақ оның ішкі мағынасын толық игере алды ма?
Қазіргі жастардың оразаға бет бұруы – қуанышты құбылыс. Олар мешітке барады, ауыз ашады, намаз оқиды. Бірақ көп жағдайда діни ұғымдар «сауап жинау» деген қысқа формуламен шектеліп қалады.
Ал «сауап» деген не?
Құран Кәрімде оразаның мақсаты «тақуа болу» деп айтылады. Тақуалық деген тек аш жүру емес. Тақуалық деген – ішкі жауапкершілік. Нәпсіңді тежеу. Өзгеге жанашыр болу. Әділет сезімін күшейту.
«Амалдар ниетке байланысты» деген де хадис бар. Демек, ораза биологиялық тәжірибе емес, рухани жаттығу.
Егер ораза адамның сабырын нығайтпаса, тіліне тосу болмаса, ашыққан жанның күйін сездірмесе, өзімшілдікті тыймаса, онда ол тек күндізгі аштық пен кешкі мол дастарханға айналып қана қалады.
Жастар «сауап» сөзін көбіне жеке есеп секілді қабылдайды: ауыз бекітем, маған сауап жазылады, сосын жұмаққа барам.
Шынайы діндегі сауап, ол ішкі сапаның өзгеруі. Егер сен ораза арқылы мінезіңді жұмсартпасаң, кешірімді бола алмасаң, қоғамға пайдаң тимесе – онда жиналған сауап қайда көрінеді?
Жастардың ораза ұстауы зор үмітке жетелейді. Бірақ оразаның мәнін түсінбеуі – ойлантарлық жай.
Бәлкім, біз оларға «ұстау» керектігін айтсақ та, «түсіну» керек жайларды үйретпеген болармыз. Бәлкім, рәсімді көрсеттік, бірақ рухын ашып бере алмадық.
Егер ораза адамның сапалық өзгеруіне жол ашпаса, онда ол тек физикалық ашығу болып қана қалады.
Егер сауап қоғамға пайда әкелмесе, ол жай ғана есеп.
Ал шынайы дін – адамның ішкі болмысын өзгертетін күш.
Рамазан сауап жинайтын ай ғана емес, жүрек тәрбиелейтін ай.
 Гүлмәрия Барманбекованың «Facebook» әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды