Жеке хабарламада бір бауырым мынадай сұрақ қойды:
«Неге сіз жар таңдауда аса мұқият болып, ұзақ ойланып, терең зерттеп барып шешім қабылдау керек деп жиі айтасыз?»
Жауабым мынау:
♦️ Ер-азаматтың абыройы, әулетінің намысы, шаңырағының берекесі – көп ретте алған жарына байланысты. «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» деген сөз бекер айтылмаған.
♦️ Қыз баланың ибасы, көргендігі, ұяты мен тәрбиесі – ең алдымен анасынан дариды. Анасының мінезі, тектілігі, өскен ортасы – қыздың болмысына із қалдырады. Сондықтан «Анасын көріп, қызын ал» деген нақыл бар.
♦️ Сен түзде жүріп, тіршілік қамын жасап жүргенде, балаңа тәрбие беріп, бойына иман мен иба сіңіретін – анасы. Ұлдың да, қыздың да мінезінің қалыптасуына ананың ықпалы зор.
♦️ Көңілің жабырқағанда, шаршап-шалдыққанда жаныңды ұғып, демеу болатын – адал жар. Жақсы әйел ерінің еңсесін тіктейді, жаман әйел жігерін жасытады.
♦️ Үйіңе асықтырып тұратын, дастарханыңды берекеге бөлейтін, өмірге құлшынысыңды арттыратын – ақылды, сабырлы, иманды жар. Барда да, жоқта да шүкір етіп, ерінің абыройын ойлайтын әйел – шаңырақтың шырағы.
♦️ Ердің ырысы мен берекесі – кейде жарының ақ тілегіне, адал ниетіне байланысты. Жақсы жар – еріне тілеулес, дұғасына себепші.
♦️ Анаңмен, бауырларыңмен, ағайын-туыспен ара-қатынасыңның жарасымды болуы да көбіне әйелдің парасатына тіреледі. Ақылды келін – екі жақтың арасына алтын көпір.
♦️ Тағы бір маңыздысы – әйелдің көрген тәрбиесі. Қандай отбасында өсті, анасы қандай адам – бұлар ертеңгі шаңырағыңа әсер етпей қоймайды. Тек қызды емес, оның өскен ұясын да тану керек.
✅ Сондықтан айтарым: жар таңдау – жай ғана үйлену емес, тұтас бір әулеттің болашағын таңдау. Ол – сенің өмірлік серігің, балаларыңның анасы, шаңырағыңның ұйытқысы. Дұрыс таңдау – биікке бастайды, қате таңдау – берекені қашырады.
Сол үшін бұл мәселеге салмақпен, сабырмен, жауапкершілікпен қарау – әр ер-азаматтың парызы.
Abdulakhad Smanov«Facebook» әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Abdulakhad Smanov«Facebook» әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды