Бүкіл әлемнің ережелері қайта жазылып жатқан шақта Қазақстанның өз дипломатиялық жолы, өз стратегиялық бағыты бар екені айқын көрініп келеді.

 Жапония сапары — соның тағы бір дәлелі.
Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанға деген ерекше құрмет бірден сезіледі. Қазақ пен жапон халқының ұқсастығы — дүниетанымынан, еңбекке көзқарас пен дәстүрге құрметтен байқалып тұр. Екі күндік ресми сапардан кейін, үшінші күні Орталық Азия елдері қатысқан С5 + Жапония саммитінде бастан аяқ болып, мол ақпарат алуға мүмкіндік туды. Мемлекеттік медиамен қатар жекеменшік, тәуелсіз медиа өкілдерінің де мұндай сапарларға қатысуына жол ашылуы дұрыс әрі маңызды қадам деп есептеймін. Бұл — ашықтықтың белгісі.
Жапонияның жаңа Премьер-министрі Санаэ Такаичи Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде бірнеше мәрте айрықша атап өтті. Бір қызығы — осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өтіп, оған сол кезде Тоқаев төрағалық еткен екен. Такаичи ханым осыны еске салып, «Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Қарым-қатынасты күшейтеміз» деп қалды.
Сапар барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке кездесудің де сәті түсті. Мемлекет басшысының елде болып жатқан барлық үдерістерден хабардар екені, әрбір маңызды оқиғаны жіті бақылап отырғаны аңғарылды. Ал Жапониямен дипломатиялық әрі экономикалық ынтымақтастық Қазақстанға нақты пайда әкелетінін айтты.
Сапар аясында жапондық бизнес өкілдерімен де кездесіп, пікір алмастық. Қазақстан Жапонияға жылқы етін экспорттауды жоспарлап отыр. Сирек кездесетін металдар саласына жапон инвестициясы тартылмақ. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді. Бұл — экономика үшін маңызды бағыт. Жапондар энергетика, урбанистика, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларын, жасанды интеллект тәжірибесін бізбен бөлісуге дайын. Осы сапардың нәтижесінде қазақ және жапон бизнесі арасында 3,72 миллиард долларға тең 60-тан астам құжатқа қол қойылып отыр.
Мен үшін ең бастысы — Қазақстан экономикасының шынайы әртараптануы. Біз бір ғана елге: Ресейге, Қытайға немесе бір ғана қаржы көзіне тәуелді болып қалмауымыз керек. Әрине, мұның бәрі оңай емес: ұзақ жұмыс, күрделі дипломатиялық келіссөздер, кейде ауыр компромистер қажет.
Айтпақшы, Президент өз сөзінде мемлекеттік мүдде әрдайым алдыңғы орында тұруы тиіс екенін де ашық айтты.
Құрметті достар, оқырмандар,
өздеріңіз жақсы білесіздер, Ulysmedia осы төрт жыл ішінде талай күрделі мәселені көтеріп келеді. Біз жазудан, айтудан, ізденуден ешқашан тартынған емеспіз. Көпшілік біледі, мен бір орында отыра алмайтын, тынымсыз адаммын. Командамды да тоқтамауға, тынымсыз еңбекке жетелеймін. Соның нәтижесінде көз алдарыңызда Ulys бүгін топ жарып, халықтың қолдауымен өсіп жатыр.
Жуырда National Business Kazakhstan жобасын бастадық. Кеше ғана маған жастарға арналған Masa Media жобасы табысталды. Мұның бәрі — үлкен жауапкершілік. Бұл жобалар менің елге, халыққа барынша шынайы әрі сапалы ақпарат жеткізейін деген ішкі қажеттілігімнен, адал ниетімнен туған.
Халыққа ақпарат беру — жай ғана жаңалық тарату емес. Бұл — конструктивті сын айту, ақиқатты айту, қоғамның шындығын жасырмай жеткізу.
Біздің жол — осы.