ӨМІР ДЕГЕН — ШАХМАТТЫҢ ТАҚТАСЫ…
Ол отыз жеті жасында біздің Қаратереңге келді. Жалпы, сол жылдарда әртісің бар, ақының бар, жазушың бар, әйтеуір Аралға жолы түскен жақсы мен жайсаңның қай-қайсысы да теңіз қолтығына тығылып жатқан момақан ауылымызға бір соқпай өтпейтін. Еті тірі жігіттер елге келген қонаққа қонышы қара санды қабатын резеңке етік кигізіп, моторлы қайыққа мінгізіп, көк айдынның төсін тілгілеп бара жатар еді. Теңізді көрдік деп олар мәз, тектіні көрдік деп біз мәз. Асанәліні де қонақжай қаратереңдіктер сол дәстүрлі жолмен қыдыртты. Дарияға сүңгітті, теңізге шығарды. Қабаданмен балық аулап, қарма пісіріп берді. Сол күні жел теңізден соғып тұрды. Мұндайда әншейінде төбесінен тоқпақтап ұрып, тұтқасын кемпірауызбен бұрап, каналдан каналға ауыстырып жататын тұмса телевизорымыз зорлық қылмай-ақ жақсы көрсетеді. Өзі жатқан үйдегі көгілдір экранды қарап отырған Асекең Қаратереңнің бүкіл телевизоры үнемі осылай судай көрсетеді екен деп ойлап қалды. Ол сол тұста ауылда небәрі он-ақ телевизор бар екенін қайдан білсін?!
Кешке тайлы-таяғымызбен төбесі ашық жазғы клубқа жас актер Асанәлі Әшімовпен кездесуге бардық. Қасында өнердің босағасынан енді ғана аттаған жерлесіміз, жап-жас әртіс Құдайберген Сұлтанбаев жүрді. Негізі, Арал аймағына бұлармен бірге Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова да келіпті. Ол екеуі аудан орталығында қалыпты. «Көрермендермен кездесуде Меруерт пен Құман «Қыз Жібек» фильміндегі киімдерін киіп отырыпты. Мына Бекежанға алаңдағанша, сонда баруымыз керек еді», — деп желдей есті Қаратереңнің ақпарат министрінің міндетін қиналмай атқара беретін менің қадірлі жеңешелерім.
Содан Асанәлі ағам кеңінен көсілді. Киноның сан түрлі құпиясын армансыз ақтарды-ай келіп. «Қыз Жібектің» қызықтары мен шыжықтары бірінен-бірі өтеді. Ғажайып фильмге қапысыз сенген басым, Бекежанға еріп келгендердің өз ауызынан «Төлегеннің киімінің ішіне, жауырын тұсына екі елі тақтай салып қойып, жебені соған қададық қой» дегенді естігенде жүдә біртүрлі болдым. Жәмән боп қалады екенсің. Оның үстіне фильм түсіру барысында Бекежан-Асанәлі Төлеген-Құманды байқаусызда шынымен де жазым ете жаздаған сияқты. Ашығын айтсам, Асанәліден гөрі өзімнің Құманға бүйрегім көбірек бұратын еді. «Ойпырмай, не болды екен, өлтірді-ау, абайламағаны несі?!», — деп қапаландық та отырдық. Артынша Асекең «Атаманның ажалы» фильмінің түсірілімінде өзі де суға кетіп қала жаздағанын айтқанда, адам баласынан ықпайтын Бекежанға деген аяушылық сезіміміз оянды. Кездесу үстінде «Қыз Жібек» жырын жата-жастанып оқыған біздің әкей орнынан тұрды да, «Осы кітаби нұсқадағы Төлегеннің інісі Сансызбайды фильмге қосуға болмады ма?», — деп тосындау сұрақ қойды. Яғни, Асекеңнің құрдасы, біздің шақар шал аздап бүйректен сирақ шығарды. Өр мінез Асанәлі ептеген кеңестік ұстаныммен қатқылдау жауап берді: «Сіз не айтып тұрсыз өзі? Ертең шетелдіктерге қазақтар қайтыс болған ағасының әйелін ала берген деп көрсетеміз бе?», — деп бір қайырды. Әншейінде мәселе дәл осылай қойылған кезде шытыр ете қалатын әкей бұл жолы елдің бәрін таң қалдырып, адам айтқысыз ұстамдылық танытты. Балпаңдап басып барып орнына жайғасты.
Содан бері көп жыл өтті. Асанәлі Әшімовпен ара-тұра жұмыс барысында жүздесіп қаламыз. Бірақ қоян-қолтық араласудың сәті түсе қоймапты. Сондықтан оған баяғы Қаратерең сапары туралы айтудың да реті келмеді. Тек бүгін Шүкір Шахайдың қазыналы қоржынынан алпамсадай Асекеңнің шахмат тақтасына үңіліп, бір пешканы қозғайын деп, ойланып отырған ғаламат суретін көріп, баяғы балалық шағымдағы, яғни өзімнің де «пешка» кезімдегі оқиғалар көз алдыма тізбектеліп келе қалғаны… Өмір деген — шахматтың тақтасы… Ойнаса, мэтр ойнасын оны…
* * *
/Суретті түсірген — Шүкір Шахай/
Бауыржан Омаровтың фб парақшасынан

