САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ ЖӘНЕ САҚТАНДЫРАДЫ

 

Қапияда жол мен көліктің апатты жағдайына ұрынған бір танысымыз әжептәуір әуре-сарсаңға түсті. Сот шешімінің шығуы, сақтандыру компаниясының сергелдеңі кесірінен алқам-салқамы шыққан көлігін жөндетуге жарты жылдай уақыты кетті. Сөйтсе де “мұның өзіне шүкір” деп, өзін жұбатып қояды.
Ал, заң мен тәртіпке салсақ, бұл мүлдем басқаша болуға тиіс еді. Бүкіл әлем жылдам хабар алдырған, технология жан-жақты еніп жатқан бәсеке заманы бәрімізден жаңа қарым-қатынасқа көшуді талап етеді. Сондықтан ескіше ойлау мен сыңаржақ психологиядан және баяғы өгіз аяңнан құтылғанымыз абзал.

Қайсыбір жылы құрғақшылық болып, бірқатар өңірде егін, мақта шықпай қалды. Сонда агробірлестіктер мен шаруа қожалықтары сақтандыру компанияларына арыз жазып, көмек сұрады, сотқа жүгінді. Тағы да созбалаққа (бюрократияға) ұласты. Зиян шеккендер бір теңге өндіріп ала алмады. Өтемақы төлеу тәсілі де тиімсіз. Сақтандыру шарттарының орындалуы жөнінде есеп беруде ашықтық жетіспейді. Мысалы, әлеуметтік сақтандыру қорынан 216 миллиард теңге тиімсіз жұмсалғаны анықталған. Заң әлсіз бе, орындаушы қауқарсыз ба, әлде, талапкер дәрменсіз бе?..
Осының бәрін ескерсек, Сақтандыру қызметі туралы заңды қайта қараудың уақыты келген сияқты.

“Пәле қайда деме, аяқ астында” дегендей, халықтың тұрғын үй-жайы, мал-мүлкі, мүкәммалы кездейсоқ өртке оранып, қар, топырақ көшкіні, су тасқыны астында қалатын жағдайда сақтандырушы ұйымдар, әдетінше сырт беруге тырысады.
Шаруалардың құрғақ уәдеге сеніп немесе арандап қалатыны өтірік емес. Керісінше, жекелеген пысықайлар мен мысық тілеулілер осындай жағдайды пайдалануға тырысады. Ондай әккілерге, қуаяқтарға заң жүзінде қандай жауапкершілік, жаза қарастырылған?

Су тасқыны кезінде жерлестері бір қайсар, еті тірі азаматты ауылды апаттан құтқарып қалғаны үшін кінәлғаны жөнінде сөз тарады. Сондағысы — егер ол құтқару ісіне араласпағанда үкімет есебінен жаңа үй-жай салынбақ екен. Кім біледі, қиыншылықта кейбір адамдардың пейілі тарылып, өзгеріп жатса, оған да негіз бар шығар.

Жалпы, кез-келген дамыған елде адамның дүниеге келуінен бастап, жалғаннан көшуіне дейінгі барлық кезеңде, жағдайда қауіпсіздік, әлеуметтік, білім алу, медициналық, техникалық, өзге де сақтандыру жүйесі өте жоғары деңгейде жұмыс істейді. Сақтандыру ұғымы мен жүйесі қалыпты, өзара тиімді шара, өркениеттілік өлшемі ретінде қарастырылған.

Әрбір адам өз өмірінің қауіпсіздігін, материалдық, рухани игілігінің сақталуын қамтамасыз етіп, ұзақ ғұмыр кешуге, алаңсыз еңбек етіп, тынығуға, ақылға сыйымды сейіл-сауыққа құқылы. Бұған жеке өзі ғана емес, мемлекет, қоғам, сақтандырушы ұйым да мүдделі болуға тиіс.
Бұрынғы аталарымыздың “жақсыны айтып, жаманды таяп қоятынына” мән бермейді екенбіз. Сөйтсек, бәрінің себебі бар екен-ау. Нақты мысалдарды еліміз ұмытқан жоқ, жақсы біледі.

Әлемдегі барша халық Жаратқан иеге сыйынып, төтеннен келетін қауіп-қатерден, бәле-жаладан сақтауды сұрайтыны белгілі. Сонымен бірге,
“Сақтансаң Құдай да сақтайды!” деп бекер айтпайды.
Сондықтан қауіп-қатерді болдырмаудың, алдын-алудың барлық қамын жасап, қолда барды жетілдіріп, жаңа идеялар мен бастамалар ғана адамзатты (міндетті, ерікті түрде) сақтандырады, оның дамуына қорған, қамал болады. Мысалы, көп елде өрт сөндіру саласында қолданысқа енген жаңа үлгідегі небір озық, қолжетімді технологиялар мен тәсілдерді неге енгізбеске? Керекті бақылау камерасын ұлттық парктерге, қорықтарға орнату қашан жүзеге асады? Қоршаған ортаны, табиғатты сақтандырудың көкесі осы емес пе?
Сондай-ақ, аса жауапты істе кемшілікке жол берген маманға, немқұрайдылық танытқан қызметкерге, лауазым иесіне шара қолдану — оқиға салдары емес, оның алдын алу үшін жүзеге асуға тиіс деп санаймыз.
Бұл — кезек күттірмейтін қоғамдық, мемлекеттік міндет.

Дархан МЫҢБАЙ