Халықтың рухани кемелденуі маңызды
«Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Жамбыл ауданында болды.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы экспедициясы аясында Жамбыл ауданындағы жаңадан ашылған кітапхананың жаңа ғимаратымен танысып, кітапхана жұмысы, оқырмандарға көрсетіліп жатқан қызметтерін тамашалады.
Кездесу Жамбыл аудандық кітапханада жалғасып, оған аудан әкімінің орынбасары Махпал Сатыбалдықызы, ауданның ардагер журналисті Сансызбай Махамбетқұлов, сондай-ақ білім, мәдениет, спорт, жастар орталығы мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында Сәуле Мешітбайқызы ұлттық құндылықтар, тіл, салт-дәстүр, отбасы тәрбиесі мен жас ұрпақтың рухани дамуы жайында мазмұнды ой қозғады. Аса ауылына кіреберіс тұста орналасқан аудандық кітапханада өңір тұрғындары үшін заманауи әрі қолайлы жағдай жасалған.
Сәуле Мешітбайқызы екі қабатты жаңа кітапхана ғимаратының ішін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Ғимаратта оқырмандарға, балалар мен жасөспірімдерге арналған бөлімдерге, электронды оқу залына, конференц залына, зағип жандарға арналған арнайы кабинет пен кітап қорын толықтыру мен өңдеу бөліміне бас сұғып, онда 46800 кітап сақталғанынан хабардар болды. Кітапхананың білім мен руханияттың, мәдениет пен өркениеттің ордасына айналатынына сенім білдірді.
Еланасы жергілікті мекеме-ұйым қызметкерлерімен, мектеп директорларымен, балабақша меңгерушілермен кездесті. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Сансызбай Махамбетқұлов жүргізген жиында Сәуле Мешітбайқызы қазақ өркениеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл және өзге де ұлттық, отбасылық құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Бүгінгі қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайттарға тоқталып, ұлт, бала тәрбиесі туралы салмақты сөз сабақтады.
– Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған ғасырында ұлтты және ұлттық құндылықтарды, ең бастысы, жас ұрпақты тәрбиелі де саналы азамат ретінде сақтап қалу өте күрделі мәселе болып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда шын мәнінде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, орын алып жатқан орны толмас қайғы-қасіреттерге қарап еріксіз осылай демеске амалымыз жоқ.
Облыстар мен аудандарға жасаған әр сапарымның мақсаты – ел ішінде орын алып жатырған ізгі істерді, жақсылықтарды жариялап, халықтың рухани кемелденуіне үлес қосу. Әсіресе, қазақ қоғамының руханияты, ұлттық құндылықтар, қоғамдық сананың жаңғыруы секілді маңызды мәселелер сіз бен біздің тарапымыздан елеусіз қалмауы тиіс. Ұлттық құндылықтардың халық өмірінде алатын орны өзгеше. Сол себепті ұлтымыздың салт-санасын жаңғырту мемлекеттік маңызға ие. Елімізді дамытуға арналған мемлекеттік саясатты қолдау, қолға алынып жатқан жобаларды ұлттық сипатта жүргізу, азаматтарымыздың қоғамдық өмірге белсене араласуы, ұлт мүддесіне немқұрайлы қарамауы аса маңызды. Ұлттық идеяның қалыптасуы ұлттық құндылықтарды дұрыс насихаттаудан бастау алады десек, ең әуелі, тіл мәселесі мен бала тәрбиесіне баса назар аудару керек.
Бұл ретте болашағын ойлаған әрбір азамат газет-журналдарға жазылуы керек, оқуы қажет. Баспасөз – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті абыроймен атқару – біздің міндетіміз. Жасөспірім мен жастардың шығармашылық қабілеттері, қасиеттері осы газет-журналдарымыз арқылы қалыптасады, дамиды, – деген Сәуле Мешітбайқызы қатысушылармен елге ортақ өзекті мәселелерді қызу талқылап, ой-пікірлерін тыңдап, өңірлерде анықталған проблемалық мәселелерді тиісті орындарға жеткізетінін тілге тиек етті.
Жиында ұлт тәрбиесі, білім беру ұйымдарындағы түйткілді мәселелер, балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингтің және өзге де зиянды әдеттердің алдын алу, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің дамуы мен олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру мәселесі кеңінен сөз болды. Қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, көкейтесті сауалдарын қойып, әрбір сауалға нақты әрі тұшымды жауап алды.
Келелі кеездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова қоғам қайраткеріне ел игілігі жолындағы абыройлы қызметі үшін алғыс айтса, аудандық орталық кітапхананың директоры Аида Қалисаева алғысын айтты. Іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары Махпал Сатыбалдықызы елдік мүдде жолындағы қажырлы еңбегі үшін Сәуле Мешітбайқызына алғыс білдірді.
Ауыл тұрғындары ауылшаруашылық саласындағы кейбір өзекті мәселелерді ортаға салды. Тағылымды кездесу қатысушыларға рухани серпіліс беріп, мазмұнды ойлармен қорытындыланды.
Ильяс Қалыбеков,
Журналист,
Жамбыл ауданы.







