Рысқұлов ауданында туризм саласы қарқынды дамуда

 

Рысқұлов ауданында туризм бағытын дамыту мақсатында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аталған бастамалар ауданның инфрақұрылымын жетілдіруге, жол бойындағы сервисті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан ауданның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында қызмет көрсету кешендері салынуда. Солардың бірі – «Бауырсақ» ЖШС жүзеге асырып жатқан кешенді жоба. Бұл жоба аясында автобекет, жанармай құю бекеті, жүк көліктеріне арналған тұрақ (тир), қонақ үй және өзге де сервистік нысандар салу көзделген. Жобаның жалпы құны – 1,0 млрд теңге, нәтижесінде 18 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, «Алаш-Метан» серіктестігі тарапынан газ құю станциясы мен жол бойындағы қонақ үй кешенін салу жобасы қолға алынуда. Аталған жобаның инвестициялық құны 1,0 млрд теңгені құрап, 24 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Ауданның табиғи ерекшеліктерін туризм саласында тиімді пайдалану мақсатында «Сарым» шаруа қожалығы тау бөктерінде этно-туристік демалыс кешенін салуды жоспарлап отыр. Ұлттық дәстүр мен табиғи ландшафты үйлестіретін бұл жобаның құны 150,0 млн теңге, ал іске асқан жағдайда 6 жаңа жұмыс орны ашылады.
Аталған жобалар 2026–2027 жылдары толық қуаттылығына шыққаннан кейін, Рысқұлов ауданында 560-тен астам жаңа жұмыс орны құрылып, туризм саласының дамуына серпін береді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының нығаюына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін тигізеді.