Алтай ауданында 30 шақырымға жуық жол жөнделді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданы тұрғындарымен кездесу өткізіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың барысын баяндады. Аймақ басшысы ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытында маңызды жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Әкімнің айтуынша, аудан аумағында биыл 28 шақырым жолдар мен көшелер орташа жөндеуден өтті. Бұл жергілікті тұрғындардың күнделікті қатынау мүмкіндіктерін жақсартып, елді мекендер арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар Алтай қаласының батыс бөлігінде су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталған, ал жергілікті бюджет есебінен су құбыры мен кәріз желілерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Алтай ауданында 5 қазандық іске қосылған, олар арқылы 2,5 мыңға жуық нысан орталықтандырылған жылумен қамтылып отыр. Биыл жылу көздеріне қатысты барлық ағымдағы жөндеу жұмыстары өз мерзімінде аяқталған. Бұдан бөлек, Жаңа Бұқтырма кентінде жалпы құны 9,2 млрд теңгеге аулаішілік жылу желілерін қайта құру жұмыстары жалғасуда.
Интернет желісінің қолжетімділігі де басты назарда. Қазіргі таңда Алтай ауданында халықтың 97,2%-ы интернетпен қамтылған. Дегенмен байланыс сапасына қатысты 2 мыңнан астам тұрғыны бар 17 елді мекеннен шағымдар түскен.
«Быково ауылында бюджет есебінен антенна-мачталық діңгектің құрылысы 30 қыркүйекте аяқталды. Қазір 20 желтоқсанға дейін мобильді интернет қызметін көрсету үшін қажетті жабдықтарды қосу жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған ауылдар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен интернетке қосылады. Сонымен қатар ауданның 23 мектебіне жоғары жылдамдықты интернет жеткізу мақсатында Starlink кешендері орнатылды», – деді облыс әкімі.
Алтай ауданында атқарылған бұл жұмыстар өңір инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Тәттімбек Асханұлы
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің
ШҚО бойынша меншікті тілшісі

