ВОРКАУТ АЙМАҒЫ — ЕСІРТКІСІЗ ЕЛОРДАҒА САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН СЫЙЛАМАҚ
3 қыркүйек күні сағат 15:00-де С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде студенттерге арналған жаңа спорттық воркаут зонасының ашылу салтанаты болып өтті. Іс-шараға ҚР Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, саяси партиялар мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары қатысты. Ресми қонақтар жастардың спортпен айналысуына жағдай жасайтын мұндай жобалардың қоғам үшін маңызын атап өтті. Университет басшылығы жастардың денсаулығы — оқу орнының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ректордың айтуынша, воркаут аймағы студенттердің сергек, белсенді болуына ықпал етіп қана қоймай, олардың өздігінен дамуына мүмкіндік береді. Болашақта кампустың басқа бөліктерінде де жаңа спорт нысандарын ашу жоспарда бар екенін жеткізді.
Шара барысында университет жастары воркаут элементтерін көрсетіп, шағын көрсетілім жаттығуларын орындады. Спортшылардың шыдамдылығы мен шапшаңдығы көпшіліктің қызығушылығын оятты. Жиналғандар жаңа алаңның мүмкіндіктерімен жақын танысып, құрылғыларды өздері де байқап көрді.
Университет бұрыннан студенттер мен қызметкерлерге арналған спорт кешені, спорт залдары, жаттығу базалары, футбол алаңдары және тағы басқа инфрақұрылымдар ұсынып келген болатын. Бұл жолы тың бастамаға жол ашылды. Воркаут алаңдары барлық жастағы адамдарға арналғанын айта кетуіміз керек.
Бүгінде бірқатар қала тұрғындары «көше спортымен» шұғылданып, денсаулығын нығайтатыны анық. Әсіресе «Street Workout» спорттық бағыты сұранысқа ие болып тұрғаны сөзсіз. Бұл спорт түрі алғаш рет АҚШ-та пайда болған еді. Өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулитын спорттың бұл түрі өзге елдермен қатар, Қазақстанда да жоғары қарқынмен дамып келеді. Өйткені бұл арнайы залдар мен қосымша жағдайды талап етпейтін спорттың түрі, оған қымбат құрал-жабдық, үлкен фитнес-клуб қажет емес. «Street Workout» бұқаралық спорт түрлерінің бірі болғандықтан, онда қолданылатын белтемірлер мен қырлы бөренелер сынды қарапайым құрылғылар қаламыздың кез келген ауласы мен көшелерінде бар. Ол құралдардың арқасында түрлі жаттығулар жасауға болады. Сондықтан ауладағы белтемірде ұршықша үйірілетін жастардың қатары күннен-күнге көбейіп келеді.
«Дені саудың – жаны сау» демекші, бүгінгі күні елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың дене белсенділігін арттыру және ұлттық спортты насихаттау маңыздылығын үнемі атап келеді.
Осы бағытқа сәйкес, университетте студенттер мен қызметкерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына жағдай жасайтын бірнеше жаңа спорттық нысандар іске қосылды. Жаңа воркаут аймағы — сол бастамалардың бірі.
Салтанатты түрде ашылған спорттық аймақ студенттер мен қызметкерлердің бос уақытын пайдалы өткізуіне арналды. Ашық аспан астындағы алаңға күш жаттығуларын орындауға арналған түрлі конструкциялар, турник, брусья, көлденең сатылар, серіппелі жабдықтар және қауіпсіздік стандарттарына сай арнайы жабын орнатылған.
Университет өкілдерінің айтуынша, бұл аймақ оқу орнының спорттық базасын жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңі емес. Соңғы екі жылда кампуста футбол алаңы, шағын спорт павильондары және жүгіру жолақтары ашылған. Ал жаңа воркаут алаңы – жастар арасында ерекше сұранысқа ие бағыттың дамуына тың серпін бермек.
Салауатты өмір салты оқу үлгеріміне, психологиялық тұрақтылыққа, ынтаның артуына тікелей әсер ететіні дәлелденген.
Жаңа нысан оқу орнының жастарға арналған инфрақұрылымын күшейтіп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды.
Салтанатты жиынға арнайы қатысқан қоғам қайраткері, Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Асет Гельманов: “Спорт – нашақорлықпен күресудің әрі оның алдын алудың ең пәрменді құралдарының бірі. Бүгін осы спорт алаңының ашылуында студенттік лига турнирінде бірінші орын алған баскетболшылар марапатталды. Бұл — мұндай спорттық алаңдардың қажет әрі маңызды екенін дәлелдейді. Олар жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, нәтижеге ұмтылуына қосымша серпін береді” деді өз сөзінде.
Жаңа спорт аймағының іске қосылуы — тек бір университеттің ішкі жаңалығы емес. Бұл — жастардың өмір сапасын арттыруға, оларды стресстен арылтуға, орта қалыптастыруға және салауатты қоғам құруға бағытталған кең ауқымды жұмыс.
Салауатты өмір салты оқу үлгеріміне, психологиялық тұрақтылыққа, ынтаның артуына тікелей әсер ететіні дәлелденген. Сондықтан мұндай алаңдар жастардың күнделікті өмірін жақсартып, шынымен пайдалы ортаны қалыптастырады.

