Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге бағытталған жыл: Құлан агротехникалық колледжінің бастамалары

Еңбек адамын құрметтеу, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және жұмысшы кәсіптердің қадірін көтеру мақсатында биылғы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған бұл атаулы жыл аясында республика көлемінде еңбек адамының еңбегін насихаттайтын іс-шаралар ұйымдастырылып, жұмысшы мамандығын меңгеріп жүрген жастардың кәсіби даярлығын күшейтуге бағытталған түрлі бағдарламалар қолға алынуда. Осы маңызды бастамадан Т.Рысқұлов ауданы да қалыс қалған жоқ.

Ауданда жұмысшы кадрларын даярлап келе жатқан, ғасырдан астам тарихы бар Құлан агротехникалық жоғары колледжі жыл көлемінде бірқатар тағылымды іс-шаралар өткізуде. Колледж оқытушылары Меркі, Шу, Талас, Байзақ, Мойынқұм, Жамбыл және Жуалы аудандарындағы жалпы білім беретін мектептердің 9-сынып оқушыларымен кездесіп, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Ал студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, таңдаған мамандықтары бойынша біліктіліктерін жетілдіре түсті.

Мәселен, «Сүт өнімдерін өндіру» мамандығында білім алатын жастар «Меркі ірімшік зауытында» тәжірибеден өтті. «Дәнекерлеу ісі» мамандығының студенттері «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының Түрксіб станциясында және «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнында» тәжірибеден өтсе, «Электр жабдықтары» мамандығы бойынша оқитындар аудандық электр желілерін тарату мекемесінде практикалық машықтарын шыңдады.

Жақында Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Ильяс Әділет техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған «Мен – кәсіпкермін» атты Гранд-турнирдің облыстық кезеңінен жүлделі орын иеленді. Бұған қоса, өткен айда осы орталықтың бастамасымен «КәсіпSKILLS» облыстық кәсіби шеберлік байқауы өткізіліп, өндіріс саласының мамандары, колледждің өндірістік оқыту шеберлері мен студенттері өзара сынға түсті.

Аталған байқау өңірде алғаш рет ұйымдастырылды және оның негізгі мақсаты – өндірістік оқыту шеберлері мен мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, үздіктерді анықтап, оларды қолдау, сондай-ақ студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын күшейту болды.

«Тамақтандыруды ұйымдастыру» бағыты бойынша Құлан агротехникалық жоғары колледжінің «EMPIRE» кафесінің аспазы Рустам Кырманчиев, өндірістік оқыту шебері Сымбат Әлдибай және студент Кәусар Мұхиттан құралған команда ІІ орынға ие болды. Ал «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша Серік Рахметалы, өндірістік оқыту шебері Ғазиз Рахимов және студент Артем Нейфельд ІІІ орынға қол жеткізді.

Колледж ұжымы әлеуметтік серіктестеріне білікті маман даярлауда көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдірді. Агроөнеркәсіп саласына қажет кадрларды дайындау мақсатында Құлан агротехникалық жоғары колледжі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен өзара әріптестік жөнінде меморандум бекітті.

Бұл келісім аграрлық білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталды. Кездесуде университеттің Басқарма төрағасы–ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов өңірлік кадрлар даярлауда серіктестіктің маңызын атап өтті.

Кездесуге сондай-ақ Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Гүлмира Алпысбаева, Білім беру процесінің мазмұны бөлімінің бастығы Жанар Кусаинова, Білім беру үдерісін ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Азамат Койшибаев және салалық факультеттердің кафедра меңгерушілері қатысты.

Сонымен бірге Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Айбар Сапарғали, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Тұрарбек Шарипов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Жұмағали Оспанбаев, сондай-ақ «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру» ғылыми-зерттеу институтының ғалым хатшысы Айгүл Таджиева агроинновациялар, тәжірибе алмасу және бірлескен жобалар әзірлеу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Колледж түлектері үшін де жаңа мүмкіндіктер қарастырылды. Құлан агротехникалық жоғары колледжін бітірген жастар В077 Өсімдік шаруашылығы, В079 Орман шаруашылығы, В080 Балық шаруашылығы, В062 Электр техникасы және энергетика бағыттары бойынша екі жылдық оқу бағдарламаларына қабылдана алуы үшін білім беру бағдарламаларын сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп, жақын уақытта бекітілетін болды. Сонымен қатар тараптар агроинновация, цифрландыру және заманауи агротехнологиялар бойынша пікір алмасып, жұмысшы мамандарын заман талабына сай даярлау мәселелерін талқылады.