АЙТАЛЫ КӨТЕРГЕН БІР МӘСЕЛЕ

 

Анабір жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы елімізде екі әйел алуды заңдастыру керектігі жөнінде мәселе көтерді. Өте салмақты, әр сөзін безбенге салып айтатын депутаттың бұл ұсынысын көп адам түсінбей қалды. Әсіресе, әйелдер жағы шу ете түсті. Еркектер бір қопаңдап барып басылды.
Сол кезде Астанадағы жиынға келген мен Амангелді ағама соқтым. Әңгімеміз әлгі тақырыптан басталды. «Ақыры бастадыңыз, неге өзіңіз алып, үлгі көрсетпеске?» дедім мен. Амангелді Әбдірахманұлы біртүрлі сасып қалғандай көрінді. Бірақ лезде бойын жинап алды.
— Бауыржан, мен саған бірнеше хат оқытайын. Сосын әңгімелесейік, — деді маған. Сосын ар жағындағы шкафтан бір папканы алды.
— Міне, оқып көр. «Құрметті Амангелді Әбдірахманұлы! Мен осы мемлекеттегі лауазымды тұлғаның бірінің екінші әйелімін. Балаларым өсіп қалды. Олар маған: «Басқа балалар әкесінің тегінде, біз неге сенің тегіңдеміз?» деген сұрақты жиі қоятын болды. Сосын оның бірінші әйелінің ұл-қызына жасалып жатқан игілікті менің перзенттерім неге көрмеуге тиіс?. Сондықтан да екінші әйел алуды заңдастыру жөнінде мәселе көтеруіңізді сұраймын». Орыс тілінде жазылған хаттың мазмұны шамамен осылай.
— Енді, мынаны оқып көр. Хат мұсылман әйелдері қауымынан екен. Олар әйел, әсіресе, екінші боп тиген айымдар мен олардың балаларының құқын қорғау үшін екі әйел алуды заңдастыру керектігін, осы мәселені басқа емес, ұлттың жоғын жоқтап жүрген Айталы көтеруі керектігін жазыпты.
— Мынадай да пікір бар, — деді Амангелді аға тағы бір хатты ұсынып. Ираннан келген қандасымыз екен. (Сірә, біреуге жаздырып алса керек. Өйткені олар төте жазумен «төтелейді» ғой, мында «өзіміздің» кирилл алфабиті). «Әй, Айталы, — деп төте салыпты ағамыз, — менің 4 қатыным бар. Қазақстан Үкіметі соны мойындамай отыр. Менің қатындарымды заңдастырып бересіңдер ме, әлде мен үшеуін қоя беруім керек пе? Осы мәселені шешіп беруіңді сұраймын».
— Ал енді әңгімелесейік. Өзің көріп отырғандай, бұл жерде менің жеке мүддем жоқ. Бірақ ел арасында осындай проблема бар. Біреудің қызы, біреудің қарындасы қазір екінші әйел болып отыр. Олардың балалары шешесінің фамилиясында. Сондықтан аталған заң қабылданса, ол ең алдымен әйел мен оның баласының құқығын қорғайды. Еркектің жауапкершілігін күшейтеді. Бала тапқыздың ба, оны бағып-қағу — міндетің. Бұл мәселені еркектер емес, әйелдер көтеріп отырғаны да көп нәрсені аңғартпай ма?
— Сонда махаббат қайда қалады деген де пікір айтылып жатыр ғой?
— Жақында бір әлеуметтік зерттеу институты зерттеу жүргізіпті. Мәскеудегі 15 миллион халықтың 3-ақ пайызы шын махаббаттың иесі екен. Бұл — қалғандарында сезім жоқ деген сөз емес. Бірақ ұлы махаббат екінің бірінің басына қона бермейтін бақ. Көбіне тұрмыс билеп кететіні рас қой.
— Жеңгеміз қалай қарады бұл ұсынысыңызға?
— Дұрыс қарады. Өйткені ол да айналамыздағы жағдайды, көп әйелдің құқығы тапталып отырғанын күн сайын көріп отыр. Айтпақшы, сенің әріптестерің сол күні тура үйге звондапты…
…Мен анабір депутаттың «Онда біз де екі күйеуге тиюіміз керек…» деген пікірін еске салып ем, Амангелді ағаның түрі бұзылып кетті: «Ұят, тіпті ерсі, өрескел, жиіркенішті дүние…»
…Сол сұхбат «Ақтөбе» газетіне жарияланды. Газет қолына тигесін ағамыз телефондап: «Әй, Бауыржан, сен мені қатты састырдың-ей» деп кеңкілдей күлген. Сірә, інісінен: «Өзіңіз алып, неге үлгі көрсетпейсіз?» деген сұрақты күтпесе керек…