Ақын, әнші Иса Байзақовтың шығармалары насихатталды

Түркістандағы білім ошағының бірінде ақын, әнші, композитор Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай »Дархан даланың» жыршысы атты кеші өтті. Түркістан қалалық орталық кітапхананың ұйымдастырумен Әмір Темір атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен бұл дивертисмент кешінің мақсаты қазақтың белгілі ақыны, айтыскер композитор шығармасын насихаттау, әндері мен драмалық туындыларын таныстыру болып саналады.

Ол қазақтың аса дарынды ақыны, әнші, әрі айтыс өнерінің шебері, сонымен қатар халық ауыз әдебиеті мен жазба поэзияны ұштастырып, ел арасында ерекше танылған тұлғалардың бірі. Иса жастайынан өнерге бейім болып өсіп, домбыра тартады. Суырып салма айтыскер ретінде елге таныла бастайды. Кең тараған айтыстары мен әндері арқылы өз дәуірінің көрнекті өнер иесіне айналады. 1920-30 жылдары кәсіби өнер мен әдебиетке ден қойып, поэмалар, әндер, айтыс туындыларын жазды. Ол кеңес дәуіріндегі мәдени қозғалыстарға қатысып, қазақ әдебиеті мен сахна өнерінің дамуына үлес қосты. «Құралай сұлу» Иса Байзақовтың ең әйгілі поэмасы саналады. Бұл туындыда қазақтың көне аңыздары мен эпикалық дәстүрі жаңаша сипатта жырланады. Бұдан бөлек «Алтай аясында», «Өмір жыры», «Желдірмелер» секілді шығармалары бар. Біржан сал, Ақан сері дәстүрін жалғастырған, айтыс мәдениетінде жаңашылдық әкелген тұлғаның айтыстары көркем тілімен, тапқырлығымен ерекшеленеді. Осылайша қазақ халқының поэзиясы мен ән өнерінде өшпес із қалдырды.

Түркістан қаласы