Түркістанда әдеби-шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

 

Түркістан қаласындағы «Farab» әмбебап-ғылыми кітапханасында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен жас ақындар мен жазушылар арасындағы «Ұлы Дала» әдеби-шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Түркістандық жас қаламгерлерге серпін болған бұл байқауға қатысушылар көп болды. Қазіргі заманғы отандық әдебиетті дамыту және кітап оқу мәдениетін насихаттай отырып, өңірлердегі талантты жас қаламгерлердің еңбегіне лайықты баға беруді мақсат тұтқан байқауға 18-ден 45 жасқа дейінгі авторлар қатысып, «Поэзия», «Проза» және «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша үздіктерді анықтады. Байқауға қатысушы авторлар өз шығармасына ұлттық болмысты арқау ете отырып, қазіргі заман мен келешекке сай тың ой, жаңа образ жасаудан жарысты, адамзаттық құндылықтар, әділет, ар-ұят, адам құқығы сынды тақырыптарды көтерді, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қарапайым еңбек адамының болмысын ашу және еңбек құндылықтарын дәріптеді, жас ұрпақты білім мен ғылымға, ана тіліне, ел тарихын қадірлеуге үндеді.

Шығармашылықты дәріптеп, ұлттық руханияттың дамуына жағдай жасауға бағытталған іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, әдебиетті ұлттың жанына балап, сөз өнерін – халықтың асыл қазынасына теңеді. Партиямыз шығармашылық иелерінің еңбегін дәріптеуді, жаңа туындылардың жарыққа шығуына жағдай жасауды әрдайым қолдайтынын білдірді. «Бүгін біз, сөзді қадірлейтін, жазуды жақсы көретін, өз ойын, сезімін қағазға түсіріп, оқырманға жеткізе алатын азаматтарды жинап отырмыз. Оған себеп, партиямыздың ұйымдастыруымен өткелі отырған, «Ұлы дала» әдеби-шығармашылық байқауының облыстық кезеңі. Әр байқау – бұл жаңа таланттарды табуға, жаңа есімдерді ашуға үлкен мүмкіндік. Байқауға қатысқан әр адам – жеңімпаз. Себебі, сіздердің жазуға деген құлшыныстарыңыз, шығармашылыққа деген махаббаттарыңыз – еліміздің рухани байлығы. Сіздер – біздің әдебиетіміздің болашағысыздар» деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Байқауға қатысу үшін «Проза» номинациясына 25, «Поэзия» номинациясына 15, «Балаларға арналған шығарма» номинациясына 15 беттен аспайтын жұмыстар қабылданды. Авторлар ұсынған әдеби шығармаларды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, аймақтық байқау комиссиясының жетекшісі Қалыйма Жантөреева бастаған комиссия өкілдері саралады. Комиссия құрамына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, елімізге белгілі айтыскер ақын, «Түркістан балалар мен жасөспірімдер орталығының» директоры, «MIRAS» кеңесінің мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбеков, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директоры-бас редакторы, «MIRAS» кеңесінің мүшесі Абай Балажан, елімізге белгілі сазгер, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, журналист, «MIRAS» кеңесінің мүшесі Бекжігіт Сердәлі, танымал ақын, ҚР Жазушылар одағы, Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «MIRAS» кеңесінің мүшесі Айдар Сейдәзім, «Turkistan Media Holding» басқарушы директоры, «MIRAS» кеңесінің мүшесі Тельман Бейсенов, «Түркістан» қалалық газетінің директоры-редакторы, «MIRAS» кеңесінің мүшесі Мәлік Дәулетов, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Тұран-Түркістан» әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, «MIRAS» кеңесінің мүшесі Аида Өтеп еніп, авторлардың шығармаларына сарапшылық бағаларын берді.

Байқау қорытындысымен әр номинация бойынша жеңімпаз деп танылып, бірінші орын алған авторларға – 100 мың теңге, екінші орын иегерлеріне – 70 мың теңге және үшінші орын алғандарға – 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар тағайындалды. «Проза» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылғандардың қатарында ІІІ орынды Айжан Реметова, ІІ орынды Дияна Сейітман, І орынды Отызбай Бабыр жеңіп алды. Байқау жеңімпаздарына дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев табыстады. Байқаудың «Поэзия» номинациясы бойынша І орынды Өмірбек Нұрдәулет, ІІ орынды Айгерім Жұмабаева және ІІІ орынды Тағайбек Тұрышбеков иеленді. Жеңімпаздарды комиссия мүшелері Бекжігіт Сердәлі, Айдар Сейдазым, Аида Өтеп марапаттады.

«Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша ІІІ орын иегері болып Ұлжанат Исмайлова, ІІ орын игері санатында Мерей Слайхан, І орын жеңімпазы болып Арқалық Әмәлиятұлы танылды. Осы номинация бойынша байқау жеңімпаздарына марапатты, комиссия жетекшісі, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева табыстады. Бәйдібектік жазушы Абзал Әділбеков белсенді қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығын алды.

Осылайша облыстық кезеңі қорытындыланды. Байқау Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы шәкірттері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Түркістан қаласы