Түркістандық ақын Айдар Сейдәзімнің поэзия кеші өтті

 

Белгілі ақын Айдар Сейдәзімнің «Күзді сүйемін» атты поэзия кеші өтті. Оқырман қауымның әдебиетке, поэзияға, өнерге деген қызығушылығын, сонымен қатар қаламгермен байланысын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Кеш барысында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Ордабасы ауданының әкімі Азат Әбдіғалиұлы арнайы құттықтап, сыйлықтарын табыстады.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Түнгі кітапхана» жобасы аясында өткен кеш барысында лирикалық би, пролог ақын өлеңдерінен композиция, ақынның «Күзді сүйем» әні, сондай-ақ, ашық микрофон сынды бағдарламалар ұйымдастырылды. Ақынды Парламент мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібекұлы және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Ләйла Мұсалы құттықтау бейнебаянынын жолдады. Поэзия кешіне ел ағалары мен беделді тұлғалар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын барысында ақын өлеңдері арқылы көрермендерге рухани әсер беріліп, поэзия мен музыка, би мен сырлы әңгімелер тоғысты. Қатысушылар ақынның шығармашылығын тамашалап, ашық микрофонда өз пікірлерімен бөлісті.

Кештің кейіпкері бүгінде Түркістан қаласындағы облыстық «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің директоры, сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының Түркістандағы өкілі. Шығармашылық ізденісінің арқасында «Халық алғысы» төсбелгісі мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Оның «Жапырақ ғұмыр» жыр жинағы көпшіліктің сүйікті кітабына айналып үлгерді. Айдар Бастарбекұлы 1980 жылы 26 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. 1987 жылы сол ауылдағы Жамбыл Жабаев атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттап, 1995 жылы Алматы қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп гиманзиясында 10-11 сыныптарын тамамдаған.  1997-1999 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің әдеби шығармашылық бөлімінде белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Таразиден дәріс алған. 2003 жылғы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универсиетітінің филология факультетінің түлегі. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Еңбек жолын «Ақиқат – Истина» республикалық газетінде бастаған ол кейінгі жылдары «Замана» газетінде тілші, «Тылсым дүние» басылымы бас редакторының орынбасары, «Қазақстан-Шымкент» облыстық телеарнасының редактор-жүргізушісі, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары, «31» телеарнаның Астана қаласындағы қосынының редакторы, «Елордалық Астана» журналы бас редакторының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Сондай-ақ ол Алматы қаласындағы «Атакент» АҚ-ның баспасөз қызметінің жетекшісі, «Ақ ниет» қоғамдық қорының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінде, облыстық «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің бөлім меңгерушісі, Мақтаарал, Жетісай  аудандары  әкімінің кеңесшісі, баспасөз қызметінің жетекшісі, облыстық «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің директор орынбасары, Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі, «Түркістан» телеарнасының редакторы қызметтерін атқарған. Отбасылы, екі қыз, бір ұлдың әкесі.

Өлеңдері республикалық, облыстық газеттер мен журналдарда жарияланған. Жалынды жырлары бірқатар жинақтарға енген.  Төменде бірнеше өлеңін ұсынамыз.

КҮЗДІ СҮЙЕМ

Күзді сүйем,
Жо, жо, жоқ, сізді сүйем.
Ғашықтықтың бойдағы ізгісімен.
Жапырақтай үмітім үзіледі,
Түңілгендей кейіпте жүз кісіден.

Күзді ұнатам,
Жо, жо, жоқ, сізді ұнатам,
«Көңіл — деме — үмітін үзді, Ботам»
Жақсы көрем жанымнан сенесің бе?
Сенің кейпің — әдемі, күз, құла -таң,

Күзді күттім,
Жо, жо, жоқ, сізді күттім,
Ынтығыппын, соншалық үздігіппін.
Жаңбырлы кеште біздер жолығайық,
Иісіне елітіп ізгіліктің.
Күзді сүйем,
Жо, жо, жоқ, сізді сүйем…

КҮЗ БЕН СІЗ
Күз – қылықты,
Жо-жо-жоқ, Сіз – қылықты.
Сіз менен үркігендей алғашқыда,
Ақ қайың жатырқайды ызғырықты.
Сар далаға салғандай күз құрықты,
Сіз деп жүрек күні-түн үздігіпті.
Айтыңызшы, қарындас, сүр бешпетті,
Сіз қалай бағалайсыз ізгілікті?
Сіз қалай қабылдайсыз мына күзді?
Санаңызды оятты-ау сұрақ ізгі.
Өзіңізді мен қимас сияқтанып,
Жапырақ соңғы үмітін жылап үзді.
Күз – әдемі,
Жо-жо-жоқ, Сіз – әдемі.
Белгісіз жансыз бізге ізгі әлемі.
Ақ қайыңды аппақ қар басқандайын,
Ақ орамал жабсам ғой Сізге әдемі.
Осылайша жасайық біз кәдені.
Күз – тым сұлу,
Жо-жо-жоқ, Сіз – тым сұлу.
Мұндай ғажап болар ма шын қысылу?
Қара жерге тым құштар ақ ұлпадай,
Ұлы бақыт сияқты Сізге ұмсыну.
Күз – бір керім,
Жо-жо-жоқ, Сіз – бір керім.
Кісінетіп кеп қалды күз күреңін.
Қара жер сусағандай ақ жауынға,
Сізді іздеп күндіз-түні үздігемін.
Күз ұнайды,
Жо-жо-жоқ, Сіз ұнайсыз.
Шыбық та сындырмаймыз біз Құдайсыз.
Ағымнан жарылайын, сенесіз бе,
Мендік арман шеңберін Сіз құрайсыз.

КҮЗГІ ҚОШТАСУ
Кім білген күз келерін, сыз келерін?
Бәлкім, білген шығарсыз сіз дерегін.
Қара күздің қоңырқай уағын таңдап,
Тырналар шырқап ұшты ізгі өлеңін.
Бұл өлең неменеге сазды, мұңлы?
Тырналар ұят санайды жазғыруды.
«Қош енді, қош бол, туған алтын мекен,
Жайлы кеш, жазық дала жазды күнгі…»
Дегендей, тырналарым тыраулайды,
Кім жұбатып, көңілді кім аулайды?
Шақа — күн нысанадай, ал тырналар
Садақтың жебесінен тым аумайды.
Кімді, нені жолыңда кез қыласың?
Суық күз мойындамас өз кінәсін.
Топ тырна сыңсу айтып теңіз асты,
Каспийге үзіп тастап көздің жасын.
Белгісіз келмесі де, келері де,
Уайым ғып оны әзірге керегі не?
Кету керек, әйтпесе амалы жоқ,
Тәйірі, пешенеден көреді де…
Шынымен бұл тырналар келеді ме?

БҰЙЫРҒАНЫ
Бұйырғанды Алла нәсіп қылады,
Ел қатарына іліндік еппен.
Бақырдың бағы басып тұрады,
Сұрай қалсаңыз құныңды көптен.
Сорымды іштім сораптап талай,
Сыйламас жұртым қабірімді ашып.
Басыма бақ та қона алмай талай,
Құтыла алмай жүр қадірім қашып.
Еңбегім етсін мерейімді үстем,
Адалдығым тұрсын қасқайып.
Түзе, жаратқан, пейілімді іштен,
Бақтырмасыншы басқа ұйық.
Қадіріңді бұрын адам білетін,
Тыңдайтын жырды ел ұйып.
Жақсы мен жаман қатар жүретін,
Жер шары – мәңгі жерұйық.
Мен таптым оны Асан таппаған,
Қайғының мініп Қасқасын.
Мұқаштың өзі масаттанбаған,
Қасқайып өлген жас Қасым.
Кінәмнің бәрін кешуге барсың,
Жетелеп көкке үміт-ой.
Өлгенде менің есімде қалсын,
Халқымен көрер ұлы той.
 

Түркістан қаласы