Түркістанда Ғалымжан Елшібайдың шығармашылық кеші өтті

Түркістанда талантты журналист, ақын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібайдың 50 жасқа толуына арналған «Қаламға қонған құт» атты шығармашылық кеш өтті.

«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында арнайы көрме де жасақталып, келушілер назарына ұсынылды. Кешке ел руханиятының майталмандары, ақын-жазушылар, журналистер, өнер және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген қаламгерлер мен журналистер қатысты.

Шараның салтанатты ашылуында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, Ғалымжан Елшібайдың қоғам мен журналистикадағы елеулі еңбегін жоғары бағалап, жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы құттықтау хаттары оқылды.

Белгілі журналистер Оралхан Дәуіт пен Досымбек Қонысбек кешті тізгіндеді. Жиын барысында ақынның шығармашылық жолын танытатын бейнеролик көрсетіліп, «Самғау» би ансамблінің биі мен «Жаңа леп» өнер ұжымының композициясы ұсынылды. Сүндет Асан, Ақжүніс Азидолла, Ағабек Бақдәулет, Гүлзат Сатылханова сынды өнерпаздар ақын сөзіне жазылған «Қалай? Қалай?», «Махаббатым мәңгілік», «Үкілім-ай», «Түркістан жұлдыздары» атты әуезді әндерді орындады. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен айтыстың арыстаны атанған «Алтын домбыра» иегері, түркістандық Бекарыс Шойбеков арнау айтыс айтып, кеш иесіне жыр шашуын арнады. Сонымен қатар ақынның ізін жалғаған інілері мен жас талант Сезім Мергенбай жүрекжарды жырларын арнап, әсерлі өлең жолдарымен кештің рухани шырайын кіргізіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кеш барысында заң ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, Түркістан облысының Құрметті азаматы Серік Ибадуллаев, Түркістан облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Шәріпбек Жамалбек және өзге де зиялы қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.Кеш иесі өз өлеңдерін оқып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Іс-шараны Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының Түркістандағы филиалдары ұйымдастырған. «Қаламға қонған құт» атты бұл тағылымды кеш Түркістан жұртшылығына рухани әсер сыйлап, елге еңбегімен танылған қаламгердің мерейлі белесін айшықтаған ерекше мереке болды.

Ғалымжан Елшібай журналистика саласында 33 жылдан астам еңбек еткен тәжірибелі қаламгер. Ол «Төлеби туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», республикалық «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде еңбек етіп, қазіргі таңда «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарып келеді. Қоғамдық қызметте де белсенді азамат ретінде танылған Ғалымжан Елшібай — Түркістан облыстық мәслихатының екі шақырылымының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы, «Кедергісіз келешек» жобасының өңірлік амбассадоры және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Ол өзінің адал еңбегі мен қаламгерлік шеберлігі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен және «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атағымен марапатталған.

Түркістан қаласы