Түркістан театрында Бекзат Саттарханов жайлы премьера саханаланды

Түркістан музыкалық драма театрында V маусым ашылды. Ашылғанына көп болмаса да репертуар қоржынына оннан астам қойылым қосып, елімізге және шетелге танылып үлгерді. Биылғы маусым шымылдығы даңқты боксшының туғанына 45 жыл толуына орай «Бекзат» драмалық қойлымымен түрілді. Қуат Ежембектің пьесасы негізінде қойылған бұл туындыда киелі Түркістан топырағында дүниеге келіп, қазақ спортының айбынды жұлдызына айналған, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмір жолы бейнеленген.

Аншлагпен өткен премьера төрт күнге жоспарланған болатын. Қойылымды тамашалауға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова және Тұрсынғали Еділов, Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Жұмабаев бастаған танымал бапкерлер арнайы келіп тамашалады. Сонымен бірге Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов пен күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбеков және өзге де әлем чемпиондары мен жүлдегерлері көрермен қатарын толықтырды.

Театрға келген көрермендер қойылым басталар алдында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттық жетістіктеріне арналған арнайы көрмемен танысты. Экспозицияда боксшының жеке заттары, фотосуреттері мен марапаттары қойылған. Облыс әкімі Бекзаттың анасы – Сырлыкүл апаның иығына орамал жауып, құрмет көрсетті.

Спектакль – тек шаршы алаңдағы жеңістерді ғана емес, ананың алаңдаған жүрегін, әкенің үкілі үмітін, алғашқы махаббаттың мөлдір сезімін, жарыстардағы бәсекелестікті шынайы жеткізіп, жұртшылықты тәнті етті. Осылайша, көрермен Бекзаттың спорттық биіктерін ғана емес, оның адами болмысын, нәзік сезімдерін, отбасылық құндылықтарын және ел алдындағы жауапкершілігін де танып білді.

Бекзаттың бокстағы алғашқы қадамы бапкері Нұрлан Жұмабаевтың қолында басталған. Кейін ол ұлттық құраманың танымал жаттықтырушылары Александр Апачинский пен Тұрсынғали Еділовтің қолдауымен халықаралық аренаға шықты. Олимпиада қарсаңында спортшы еліміздің әйгілі спорт саңлақтары Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдабековмен бірге дайындалып, шеберлігін шыңдады. Ал соңында 2000 жылғы Сиднейдегі жеңіс дәл қазір өткендей әр көрерменге мақтаныш сезімін сыйлағаны анық. Мұнда спорттан бөлек ата-ананың ақ батасы, махаббат, достық, сатқындық, барлығы да әдемі үйлесім тапқан.

Басты рөлдердерде – Қадыржан Төреханов, Досымжан Арқабеков, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Шерхан Саматұлы, Темірлан Еркінғалиев, Мұзафар Ғалымжанұлы, Данияс Нұрқабден, Мерей Құдайбергенов, Динар Қалдыбай, Темір-Сұлтан Мейірбек, Инабат Абытхан, Аида Серикова, Ақбөпе Сәбет, Айдана Аққали, Ұлан Әділбек, Сембай Нұрла және тағы басқа да әртістер бар. Қойылым идеясының авторы – Асылхан Төлепов, жоба жетекшісі – Айгерім Бозщина. Ал пьесаның авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – Карло Шакалуга.

Спектакльге дайындық көктемде басталған екен.Шығармашылық топтың да зор жауапкершілік алып, Олимпиада чемпионының өмір жолын бейнелеуде қобалжығандары мәлім. Жігіттерге мың алғыс дейсің, кәсіби боксшыны ойнау үшін күнделікті спортпен шұғылданғаны көрініп тұр. Шаршы алаңдағы тартысты, оның сыртындағы зор дайындықты шынайы жетізе білді. Қазақ спортының жұлдызы болып тарихта есімі қалған біртуар азаматтың анасы Сырлыкүл Саттарханова апайымыз да тамашалады. Қандай күйде болды екен, иә? Ал тілеуін тілеген абзал жанның рөлін Инабат қалай алып шыққан. Әрине бұл жолы премьераны көрермен асыға күттік. Себебі Бекзат Саттарханов есімі киелі Түркістанның ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы емес пе? Оған қоса биыл даңқты боксшының туғанына 45 жыл толып отыр. Кинодан кейін театр сахнасында қалай болар екен деген көрермен үмітін ақтады деп сенеміз. Театр ұжымы «Бекзат» драмалық қойылымын жоғары деңгейде алып шыққанын көрерменнің қошеметінен-ақ байқауға болады. Премьераны тамашалаған көрермен қауым қазақ спортының шоқжұлдызы Бекзат Саттархановты еске алып, ерекше тебіреніспен қолдау білдіріп, өнер ұжымының ізденісін жоғары бағалады.

Түркістан қаласы