Түркістанда Әкім Ысқақ жайлы көрме жасақталды

Түркістанда көрнекті қаламгер Ысқақ Әкімнің 65 жылдық мерейтойына орай кеңейтілген кітап көрмесі жасақталды. Онда шығармашылық иесінің жайлы жайлы сыр шертетін мағлұматтар оқырманға ұсынылды. «Әмбебап Әкім әлемі» атты бұл көрмені қалам мен парасаттың үндестігінен туындаған деуге болады. «Жазушының өмір жолы – ізденіс пен еңбектің, елдік пен руханияттың айқын айғағы. Ал шығармашылығы – ұлт болмысын ұлықтап, тарихи сананы тереңдетуге бағытталған құнды қазына» дейді көрме жасақтаушылар. Ал оқырман қауым бұл көрмеге бір қаламгердің шығармашылық әлемі ғана емес, тұтас қазақ руханиятының биік болмысы айшықталатын тағылымды дүние болғанын алға тартады.

Терең ойы, тұнық тілі, тағылымға толы еңбектері арқылы Әкім шығармашылығы қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен дараланады. Ордабасы топырағының төл перзенті елдің ертеңі үшін біршама тер төккені көпке аян. Тіліміз бен мәдениетімізді қолдаушы жанашыр ретінде заң шығарушылық қызметінде ерекше мән берді. Шығармалары мектеп оқулығына, жоғары оқу орындарындағы түрлі туындыларға енді. Ұстаздық жолдан бастап, кейін қаламгер, журналист, қоғам қайраткері ретінде елге танымал. Отыз жыл бұрын, яғни 1995 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына баламалы негізде сайланған. Ең маңызды заңдардың бірі саналатын Халықтың көші‑қоны туралы заңын қазақ тілінде тұңғыш жазған депутат ретінде тарихта қалып отыр. Ақын, жазушы, сазгер ретінде де көптеген шығармалары бар. Көрмеге жазушының осы және басқа да публицистикалық мақалалары, тарихи-танымдық туындылары және елдік рухты асқақтататын еңбектері топтастырылды.

Түркістан қаласы