ЕҢБЕК ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Әлемді әлдиімен тербететін ана деген құдіреттің күшінде шек бар ма?! Қазіргі кезде аналардың көпшілігі екі тізгінді тең ұстауға машықтанып, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелетіп жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшы мамандығы» жылына орай және Еңбек күні мерекесі аясында аудандық Мансап орталығының қызметкерлері аудан тұрғыны, көпбалалы ана және жеке кәсіпкер Айнұр Исентаеваны мерекемен құттықтап, адал еңбегі үшін мекеменің атынан Алғыс хат тапсырды.

Алғыс хатта:
– Саналы ғұмырыңызды ауданымыздың экономикасы мен кәсіпкерлік саласының дамуына арнап, өзіңіздің жайдарлы мінезіңізбен адалдықпен атқарған ісіңіздің зейнетін көрген кәсіпкер, іскер ұйымдастырушы және аяулы ана ретінде ел құрметіне бөленіп келесіз. Бүгін өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – делінген.
Ия, өңірде қоғам игілігі үшін еңбек етіп, кәсіпкерлікті дамытып, сонымен қатар аналық міндетін бірге алып жүрген әйелдер аз емес.
Ана болу мен мансапты қатар алып жүру – әр әйел үшін үлкен жауапкершілік.
Осындай аналарымыздың бірі- Айнұр Изатуллақызы 30 жыл еңбегін тігін саласына арнап, ауданға еңбегі сіңген жан. «Адал еңбек — ардың ісі» дегендей, ауданымызда осындай еселі еңбегімен елге сүйкімді болған жандардың жұмыстары жемісті бола бергей.

