«Қаладан ауылға» бағдарламасымен қоныс аударушылар ішінде мұғалімдерге ерекше көңіл бөлінуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауылдық өңірлердің дамуына ерекше мән беріп келеді. Өйткені ауыл – елдің берекесі, ұлттық құндылықтардың қайнар көзі, тұрақты даму мен өркендеудің тірегі. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен елімізде өткен жылы «Қаладан ауылға» жобасы қолға алынды.

Жоба басталғалы бері ауылды сақтауға, шекара маңындағы елді мекендерді жандандыруға, ауыл халқының санын арттыруға, жастардың туған жерге оралуына бағытталған жұмыстар көпшілік тарапынан қолдау тапты.

Нәтижесінде бағдарлама басталған соңғы бір жылдан бері облыстың ауыл-аймақтарына 149 отбасы немесе 712 адам көшіп келіп, жаңа өмір бастады. Қоныс аударушылардың басым бөлігі Казталов ауданына тұрақтаған. Мұнда бүгінде 139 жан санын құрайтын 27 отбасы жаңа тұрмысқа бейімделіп, ауыл тіршілігіне араласып жатыр.

Өткен аптада, Ұстаздар күні қарсаңында, Казталов ауданының Көпкүтір ауылында екі жас отбасына жаңа баспананың кілті табыс етілді. 45 түтіні, 286 тұрғыны бар шағын ауыл үшін бұл қуанышты оқиға, әрі ауылды тұрақтандыру мен жастарды қолдауға бағытталған маңызды қадам болды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа қоныс иелерін құттықтап, ауыл өмірінің маңызын өз сөзінде былай деп атап өтті: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ауылды дамыту – бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз» деп атап өткен еді. Шын мәнінде, ауыл – елдің алтын бесігі, халқымыздың түп тамыры, салт-дәстүріміздің қайнары. Сол мақсатта өткен жылы өңірімізде алғаш рет “Қаладан ауылға” кешенді бағдарламасы іске қосылды. Бұл жоба — Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттермен үйлесіп отырған, нақты нәтижеге бағытталған бастама», — деді облыс басшысы.

Жаңа үй иелері — Шайхиевтер мен Ерғалиевтер отбасы қалада бірнеше жыл пәтер жалдап тұрған. Бағдарлама жайлы естіп, ұзақ ойланбастан ауылға көшуге шешім қабылдапты. «Орал қаласында пәтер жалдап жүрген кезде ауылдағы туысқандарымыз осы бағдарлама туралы айтты. Алғашында күмәндандық, бірақ кейін оның тиімділігін көріп, тәуекел еттік. Балаларымыз мектеп пен балабақшаға орналастырылды, барлық жағдайы жасалған жаңа үй берілді. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту үшін ірі қара мен ұсақ мал бөлінді», — дейді жас ана Лаура Ғұбайдоллаева.

Ауылға жаңа тыныс беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған «Қаладан ауылға» жобасы — тек қоныс аудару емес, өмір сапасын жақсартуға, ауыл инфрақұрылымын дамытуға және өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған нақты іс.

                                                              Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі