Түркістан театры жаңа маусымды «Бекзат» премьерасымен ашады

 

Биыл даңқты боксшы, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың туғанына 45 жыл. Осыған орай Түркістан музыкалық драма театры көрерменге Қуат Ежембектің «Бекзат» драмалық қойылымын тарту етеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз жиынында толығырақ баяндалды.

Қойылым барысында киелі Түркістан топырағында дүниеге келіп, қазақ спортының айбынды жұлдызына айналған чемпионның өмір жолы сахналанады. Театрдың ашылғанына көп болмаса да елімізде танылып үлгерді. Биыл бесінші маусымының шымылдығын түріп, Түркістанның мақтанышына арналған алғашқы премьерасын осылайша көпшілікке ұсынбақ. Қойылым тек шаршы алаңдағы жеңістерді ғана емес, сонымен бірге ананың алаңдаған жүрегін, әкенің үкілі үмітін, алғашқы махаббаттың мөлдір сезімін, жарыстардағы бәсекелестікті, жеңіс пен жеңілістің ащы-тәтті сәттерін де сахнада шынайы жеткізеді. Осылайша көрермен Бекзаттың спорттағы биіктерін ғана емес, оның адами болмысын, нәзік сезімдерін, отбасылық құндылықтарын және ел алдындағы жауапкершілігін де тани түседі. Бекзаттың спорттағы еңбек жолы алғаш рет бапкері Нұрлан Жұмабаевтың қолында басталды. Кейін ол ұлттық құраманың танымал жаттықтырушылары – Александр Апачинский пен Тұрсынғали Еділовтің қолдауымен халықаралық аренаға жол ашты. Олимпиада қарсаңында ол еліміздің әйгілі спорт саңлақтары Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдабековпен жақын араласып, тәжірибе шыңдады.

 

Қойылымның идея авторы, белгілісі акткр Асылхан Төлепов, ал жоба жетекшісі Айгерім Бозщина. Пьесаның авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – CarloSciaccaluga. Жарық бойынша суретші – Gaetano La Mela. Қоюшы режиссері —Carlo Sciaccaluga, ал режиссері — Giorgia Coco. Қойылым композиторы –Хамит Шанғалиев. Басты рөлдерде Қадыржан Төреханов, Досымжан Арқабеков, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Шерхан Саматұлы, Темірлан Еркінғалиев, Мұзафар Ғалымжанұлы, Данияс Нұрқабден, Мерей Құдайбергенов, Динар Қалдыбай, Темір-СұлтанМейірбек, Инабат Абытхан, Аида Серикова, АқбөпеСәбет, Айдана Аққали, Ұлан Әділбек, Сембай Нұрла сынды әртістер ойнайды.

Жаңа маусымның ашылуы 9 қазан күні, ал қойылымның премьерасы қатарынан төрт күнге, атап айтқанда 9, 10, 11, 12 қазан күндері сағат 19:00-ге жоспарланып отыр.