ЖАЛҒАН АҚСҮЙЕКТІК
Бауыржан Момышұлы туралы Мамытбек Қалдыбайдың естелігі
–Жалған ақсүйектік не?– деді де Баукең өзі жауап берді.
– Кейбір ақымақтар біреудің бойындағы жақсы әдетке, жақсы мінезге еліктейді. Өзінде ондай қасиет, тәрбие жоқ. Соған қарамастан жақсы адам, көргенді кісі болғысы келеді. Онысының бәрі бадырайып тұрады.
Бірде Мақұлбек деген аулымыздың кісісі:
–Әй, шырағым, сен ауылдан кетіп, әлі қалаға жетпепсің ғой, – деп біреуге ұрысты. Әлгі қалалық болып көрінгісі келіп, білгішсінсе керек.
Шаруа адам ақсүйек болсам дейді. Бұл қолынан келмейтінімен ісі жоқ. Осы аурумен біздің қазақ оқығандары да ауырады. Үй алса, кейбір ақымақ әйелдер оны ақ сарайдай көріп, шалқаяды да қалады. Жарасса да, жараспаса да ішін көрмеге айналдырады. Әрине, оны ойланбай істейді. Ал ойланып істеген кісілердің үйі көрмеге ұқсамайды.
Енді біреулер сиырды ерттегендей боп киінеді. Тұлпардың ерін сиырға ерттеу ерсі емес пе? Пәленше мынандай костюм киді деп ол да сондай костюм киеді. Сия ма, симай ма, жараса ма, жараспай ма, ісі жоқ. Тағы біреулер жарассын, жараспасын қасын, бетін, кірпігін баттастырып бояйды. Қарауға ұяласың. Кейбіреу костюмге сыймай оқтау жұтқандай боп шіреніп жүреді. Жалған ақсүйектік дегеніміз осы, қарағым.
Кейбір ақымақ президиумға сайланса, маңғазданып «мені көрдіңдер ме?» — дегендей кеуде керіп, сіресіп қатып қалады. Байқап жүрген шығарсың, шіреніп, қимылдамайды. Бұл да жалған ақсүйектік.
Кейбіреу қызмет бабынан сәл жоғарыласа, кеудесін көтергені сонша, әрі-беріден кейін туған әкесін де танымай кетеді. Мұны да өмірден кездестіріп жүрген шығарсың?
Басын шайқай күлімсіреді.
–Кейбіреулер оқымаса да: ,,Сіздің шығармаларыңыз жақсы екен, оқыдым,,– деп соғады. Әсіресе, бұл қызметкерлердің қатындары арасында жиі ұшырасады.
Қонақта отырғанда:
–Ойпырмай, өте жақсы екен. Пәленшедей кім жаза алады?–деп соғады. Тіпті олардың оқымаған кітабы жоқ болып шығады. Мен қолым бос кісімін, қарағым, бәрін оқыдым деп айта алмаймын.
–Ойпырмай, пәленнің сьездегі сөзі қандай әдемі?! – деп саясатқа да кетеді. Ал шын мәнінде одан хабары жоқ. Хабары болғанмен түсінігі жоқ.
Осы ауру баяғыда орыс ,,ақсүйектерінің,, ауруы болған еді, енді ол біздің қазақ қызметкерлерінің арасына көшті. Олардың әдебиет, өнер, музыка, саясат мәселелерінен хабары атүсті, соған қарамастан білгіш боп шыға келеді.
Тіпті біздің кейбір ,,ақсақалдарымыздың,, өзі қай галстукті, көйлекті кигенім жөн деп бәсекеге түседі. Жасы келіп қалғанына қарамастан әжімім көрінбесін деп бетіне опа жағады. Пижон настоящий! Бірінен бірі кейін қалмаймыз деп адам ойламаған нәрсеге барады. Қартайғанына қарамастан қуыршыққа ұқсап киінеді. Бұл не?
Әр жастың өз заңы бар екенін ұмытады. Егер бір жері бүлініп қалса, қайғырады. ,,Аһ, біз де сондай болсақ,, деушілер тағы бар. Ал, шырағым, мақтанды деп ойламағын, сен мені қазір көріп отырған жоқсың. Қалай киінетінімді қонақта, көпшілік бас қосқан жиындарда өзімді қалай ұстайтынымды байқаған шығарсың? Керіліп, сызылып отырады десең, айт! Қонақта маңғазданып, берген тамағын менсінбей жемеген кезім бар ма?
Президиумда: ,,Мен осындаймын, маған қарағын!,, – деп кеуде керген кезімді көрдің бе? Жеңістің отыз жылдығына арналған жиында болдың ба, болмадың ба?
–Бола алмадым.
–Болмасаң, мен артқы орындықта отырдым. Жай қарапайым киініп бардым. Ордендерімді жарқыратып, омырауыма таққаным жоқ. Отыз жыл өтті ғой, менің ордендерімді көрдіңдер ме деп қайтем дедім. Алдыңғы орынға неге отырмадым деп өкпелегенім жоқ.
Президиумда қатар отырған біреу оқтау жұтқандай бедірейді де қалды. Сүзеген бұқаға ұқсап түрі де бұзылып кетеді екен. Соны көріп, ,,шаршайсың-ау,, деп аядым.
Бір құрдасым: ,,Президиумда отыра білмейді,,– деп маған сырттай кінә тағыпты. Оның ойынша тірі мүсінге ұқсап, сіресіп қалуым керек екен. Кейде менің президиумнан кетіп қалып, темекі тартып келетін әдетім бар ғой.
Әнеукүні жас ақын-жазушылармен кездесуде темекі тартып келейін деп едім, Дмитрий Снегин: ,,Саған осы жерде тартуға рұқсат,,– деп қағаздан күлсалғыш жасап, алдыма қойды. Темекімді тағы өзі тұтатты. Аудитория ақымақ емес, Снегиннің мені жібермей қойғанын көріп, түсіне білді.
Бұрындары президиумға шықсам, екінші қатарда отырушы едім, бұл жолы жиналыс төрағасы ,,сіздің орныңыз мұнда,, деп бірінші қатарға отырғызды. Лаж жоқ көндім. Менде, қарағым, жалған ақсүйектік жоқ.
Байқап, көріп жүрсің ғой, кейбіреулер қонақта сызылып, шіреніп, не томсырайып отырады да қояды. Емін-еркін әңгімелесу жоқ. Емін-еркін отырса, үй иесі де қуанады ғой. Қалай шаршамайтынына таңым бар. Бұл да жалған ақсүйектік.
Көшеде жолыққанында да сызылып:
–Денсаулық, үй іші қалай? Туған-туыс, бала-шаға, көрші-қолаң, бәрі аман ба? – деп өтірік сыпайы боп көрінеді. Амандассаң, ақ ниетіңмен амандас.
Шын ақсүйектер тәрбиесі табиғи. Соны көріп, біз түсінбей еліктейміз. Тамақ жегенде салфеткі керек пе, сызылмай ал. Өзіне жараспайтын нәрсені жамау – жақсылық емес.
Иден ағылшынның премьер-министрі Черчилльдің оң қолы, дипломат болған. Нағыз ақсүйек. Бір жиналысқа асығып барса, көйлегінің бір жағасы қисайып қалыпты. Оны ол білмейді. Жұрттың бәрі назарын көйлегінің сол қисайған жағасына аударыпты.
Келесі жиналысқа бір ақымақ лорд оң жағасын қисайтып, екінші ақымақ лорд сол жағасын қисайтып келіпті. Үшінші біреуі галстугін қисайта байлапты. Ал Идендікі мүлде кездейсоқ нәрсе ғой…
–Міне, жалған ақсүйектік!– Баукең дауыстай күлді. – Каирде, Суэц каналы жағасында Черчилль палатка тігіп отырады. Көрші бір мемлекет басшысы келіссөзді сол жерде өткізбекші болыпты. Күн ыстық. Айтқан мезгілде ол келеді. Үстінде әскери киім, жарқ-жұрқ. Екі жағында екі, соңында бес-алты күзетші.
–Ішке енді. Мен жай, жеңіл киінгем. Әңгімені әдейі соза түстім. Жарты сағат ішінде бәрін де бітіруге болар еді, бірақ болар-болмасты айта бердім. Кофе ішіп отырдық. Мен сонда сонша көп ләзатты кофеден емес, әлгінің терлеп-тепшігенін тамашалаудан алдым. Орамалмен маңдайын сүртуге шамасы жетпей быт-шыты шығып, терлеп отырды,– деп жазады.
Бірде оған Сауд Арабиясының королі келеді. Жеңіл киінген, тіпті оған қызықтым дейді Черчилль. Құрметті қарауыл әзірлеп едік, өз адамдарын тастап, менімен жалғыз кетті.
–Жоғары мәртебелім, мен темекі тартпай, коньяк ішпей отыра алмайтын кісімін. Әдетіме айналып кеткен, – дедім. Маған жымиып қарады да: ,,Менсіз өзіңізді қалай ұстасаңыз, солай ұстай беріңіз,, – деді.
Әңгімелесіп отырмыз. Шал қалтасынан тостаған ап, біраз ішті.
–Мұнысы не? Өзінің арағы шығар, – деп ойлап едім, сонымды сезіп:
–Бұл – зәмзәм суы, – деді. – Мекенің қасында ғана бар. Осыны ішіп жүрем. Сіз де дәмін татыңыз. –Бокалға құйып берді.
Кең отырдық. Өте білімді, мәдениетті, әдепті кісі екен, – деп жазады Черчилль. Өзі король, жалған ақсүйектік ауруымен ауырмаған.
Кубаға барғанымда мен сусар бөркімді киіп бардым. Күннің ыстығына орай тор сызықты көйлек, жеңіл шалбар, жеңіл туфли кидім.. Галстук таққаным жоқ. Мемлекет басшылары қабылдауына да солай бардым. Сусар бөркімді, костюмімді, бантигімді, ақ көйлегімді қол сандығыма салып қойдым. Қарасам, елдің бәрі жеңіл, қарапайым киініп жүр. Мен де солай киіндім.
–Сіз неге әскери киіміңізді кимедіңіз? – деді біреулер. Оның қажеті не? Киіп, ыстықтап, терлеп-тепшіп жүргенім керек пе?
–Кейде сізді жазушылар одағы жиналыстарында президиумға шақырады, кейде шақырмайды. Бұған қалай қарайсыз?
–Кімді президиумға отырғызамыз, кімді отырғызбаймыз дегенді жазушылар одағы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетімен ақылдасып шешеді. Менің ондайға араласпауға ақылым жетеді.
Мен мансапқор емеспін. Президиумға шақырмаса ренжімеймін. Ондай майдалыққа бармаймын, ал басшылардың майда, майда емесін халық ойлап, таразылап отырады. Маған сол жетіп жатыр.
,,Аттың сыры егесіне мәлім,, дейді қазақ. Ат дегеніміз бейнелеп айтқанда бастықтар, олардың егесі біз боламыз. Сол себепті оларға өкпелеу жарасымсыз.
–Білгендерің сол болса, мейлі, шырақтарым, – деп отыра беремін. Бұл жағынан бір ақынымыздың ақымақтық істегені бар. Өткен жазушылар сьезінде:,, Жиырма кітабым жарық көрді, мені неге Мәскеуде өтетін сьезге делегат етіп сайламайсыңдар?!,,– деп шатақ шығарғаны есімде. Майда кісі екен. Ал жазушылар одағының оны делегат етіп сайламағаны да дұрыс емес. Мұндайда мен аузымды ашпаймын.
Пәленмін, түгенмін деп әрқайсымыз шыға келсек, әдепсіздік болар еді. Кейінгі жиналыста мен жоғары шықпастан төменде отырдым. Байқадың ба?
–Байқадым.
–Жоғарыға барып, шіреніп не керек? Президиумда отырмын деген Бауыржан Момышұлы жоқ. Бұл образ деталы. Бардым да төмен отыра қойдым. Жоғарыдағыларды көз қиығыммен шолдым.
Бір жазушысымағымыз шіреніп отыр. Аудиторияға ,,мен кіммін, сендер кімсіңдер?,, деп төсін керіп мәз. Бүл – нағыз топастық! Бұл– аудиторияны қорлағандық! ,,Ой, ақымақ!,,–дедім ішімнен.
Білген кісіге аудитория – рентген, президиум рентген обьектісі. Аудитория төрдегілерге ішінен баға беріп: ,, Ой, мына ақымақты президиумға кім сайлады?,, – деп отырады.
Сәл бөгеліп, күлімсірей сөзін жалғады.
–Е, айтпақшы, әлгі жазушысымағымыздың көзі бір кезде маған түсіп: ,,Көрдің бе, мен мұндамын, ал сен ше?,,– деген келемеж көзқараспен қарады. Бұл қызық көзқарас. Бұған терең ой жүгірт, қарағым. Ол жоғарыда отырғанына қуанса, мен төменде, көптің арасында отырғаныма қуандым.
Осы тұста еріксіз сөзге араласып, Баукеңе төмендегі жайды әңгімеледім.
–Бірде бір қарт ақынымыз: ,,Әнеукүні сендердің университеттеріңде өткен кездесуде мен де болған едім. Бір студент қыз балаларың ,,Қазақ әдебиеті,, газетіне осындай ақын-жазушылармен кездесу өтті,, деп шағын хабар жазыпты. Бірақ, қатты ренжіп, налығаным, менің фамилиямды қалдырып кетіпті. Бұл маған қасақана істелген қаскөйлік,,- деп шатақ шығарды
–Студент қыз байқаусызда сіздің фамилияңызды ұмытып қалыпты,– десек, көнбей, сенбей, дауласты.
–Ар жағын айтпай-ақ қой,– деді Баукең қабағын шытып.– Ол топастың топасы, оңбағанның оңбағаны. Ондайлар да өмірде толып жатыр.
Атымды шығарсам деп тыраштанатындар қанша ма? Мұның бәрі жалған ақсүйектік ауру.

