БӘЙТЕРЕКТІҢ БҰТАҒЫ
/Алақандай эссе/
Ол – бәйтеректің бұтағы. Бәйтерек болғандай қандай! Мәуелі бәйтерек. Бүгілмей құлайтын бәйтерек. Қайта тіктеліп, қайта көктеп-көгеретін, өскен үстіне өсетін, өнген үстіне өнетін берекелі бәйтерек. Бақ қонақтаған бәйтерек. Сол бәйтеректің ең басты бұтағы бұл. Бүршік жайған бұтақ. Бата қонған бұтақ. Өзі де бәйтерекке айналған бұтақ.
Бақытжан Момышұлын танып-білгелі қашан. Талай рет әңгімелестік. Баяғыда бірінші курста оқып жүргенде Бауыржан Момышұлына сәлем беріп барғанымыздай, төңірегіне төрт шайыр болып топтасқанымыз жоқ. Жалғыз жолықтық. Бір кітабына өзімен аттас ұлымызға арнап қолтаңба жазып берді. Біздің бала соны көріп, көпке дейін демін ала алмай жүрді.
Қазақ зиялысы кім дегенде Бақытжан ағаны ойланбай көрсетуге болатын еді. Батырдың ұрпағы болғанымен ешқашан мастанбайды. Ешкімді ренжітпейді. Ешкіммен керілдеспейді. Үлкенді де, кішіні де сыйлайды. Өзін де соларға сыйлата біледі. Ми қыртысына дейін мәдениет қонақтаған адам. Орысша жазғанымен, қазақша ойлайды. Жұртқа болсын дейді. Жазу өнері тәсілінің жеті атасын игерген. Мәнді жазады. Мәнерлі жазады. Мәдениетті жазады. Не нәрсені де иін қандырып илейді. Мүйізі қарағайдай қарымды қаламгерлеріміздің айтулы туындыларын орысшаға аударды. Сөз зергерлерінің айтар ойын рухани құндылықтарды сол тілде санаға сіңіретін оқырманның құлағына қапысыз жеткізді. Жай жеткізген жоқ, майын шайқап, мәйегін байқап, сөлін сақтап, сәнін баптап жеткізді. Сондықтан оның көркем аудармаларында мін болған жоқ. Өзінің төл туындыларының да шоқтығы биік екені баршаға мәлім.
Ал адами болмыс-бітіміне келейік… Былай қарасаң, мінезі өте жайлы. Сыпайы, сырбаз, сабырлы… Бірақ көзінен қайсарлықтың оты ұшқындап тұрады үнемі. Қанша дегенмен еменнің иір бұтағы емес пе?! Жетесіздерді желкелемей-ақ, тексіздерді тізерлетпей-ақ, тәрбиесіздерді тепкілемей-ақ, дөрекілерді дүрелемей-ақ тәубесіне түсіреді. Қас-қабағымен-ақ қалыпқа салады. Жанарымен-ақ жасқап тастайды. Содан соң әлгі пақырың енді қайтып аяғын қия баспайды.
Ал енді Шүкір Шахай мына суретті Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернаттың бастығы, абзал азамат Ким Серікбаевтың кабинетінде 1991 жылы түсірген. Сол күні мектеп алдына батырдың бюстін орнату рәсімі өтіпті. Бақытжан аға сол жиынға арнайы келіп, сөз сөйлеген. Ол ағасының бөлмесінде бір сәт дамылдап, ойланып отырғанда ширақ Шүкір фотоаппаратының ұңғысын кезей қойған ғой. Бұдан кейін Шүкір Шахай Ким Серікбайұлына өлердегі сөзін айтып, «Аға, Асылхан Әбдірайымұлының үйлену тойы болғалы жатыр еді, сол күні Медеу жақты бір-екі рет айналып келуіміз керек», – деп, ол кезде өзге жұрттың қолы жете бермейтін шетелдік маркалы қымбат көлігін сұрайды. Сонда көңілі көлдей Ким ағамыз «ердің артқы қасын сұрадың ғой» деп бәлсінбестен, мініп жүрген машинасын фототілшіге бере салыпты ғой. Бұл енді басқа әңгіменің жүлгесі…
Сонымен, елуге енді ғана келген Бақытжан ағаның кескін-кейпі, көрік-келбеті… Елге танымал Екінші Момышұлы…

