БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕКТІҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:
1988 жылы мектеп бітірдім. Сонда ағаларым «атамыз сені оқыт деген» деді де, қызыл жигулилеріне салып алып, қалаға əкелді. «Экономист, бухгалтер боласың» деді. Экономикаға еш ебім жоқ. Емтиханнан өтпей қалдым. Ағаларым маған «есеп білмейтін есексің» деп ұрысты да, ауылға апарып, қой бақтырып қойды. Содан бір жыл бойы қой бақтым. Келесі жылы тағы да үш ағам мені көлікке салып алды да, тағы сол оқу орнына алып келді. Мен тағы «құлап» қалдым. Ұрсып-ұрсып, сол жақта тастап кетті. Мен бардым да, құрылыс техникумына түсіп алдым. Ары қарай екі жылға əскерге кеттім. Əскерден келсем, менен кейінгі 1974 жылғы інім қойбағып жүр екен. 75 жылғы інім де бос жүр. Сол кезде қазақтың «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген сөзі еске түсті. Содан өзімнен кейінгі бауырларымның алдында жауапкершілігім зор екенін түсіндім. «Мен кім бола алам, қолымнан не келеді?» деп, біраз ойландым. Кішкентайымнан футболшы болуды армандағам. Бірақ, уақытынан кеш қалғанымды білдім. «Осы мен шығарманы жақсы жазамын ғой, жазуға қабілеті адам кім бола алады?» деп ойладым. «Жазушы деген тым биіктеу естіледі, бəлкім, журналист…» деген ой сап ете қалды. «Не туралы жазамын сонда?» деп өзіме сұрақ қоямын. «О, футболды жақсы көрем ғой, ендеше, спортты жазатын журналист болайын» деп шештім. Сөйтіп, спорт газетінің редакциясына келдім. «Оқу бітіргенсің бе?» деп сұрайды. «Жоқ» деймін күмілжіп. Содан көңіліме қарады ма, ара-тұра шайға жұмсағанға қажет болар деді ме, маған «жазып тұр» деді де, өздеріне қабылдады. Жазғанымның бəрін редактор аға-апалар қып-қызыл қып түзетіп тастайды. Сонда да қайтпай қойдым. «Журналистиканы кеш бастадым, бірақ қайтсем де жақсы маман болуым керек» деп, өзіме талап қойдым.
Ауылдағы достарым келіп, барахолкада жұмыс жасау туралы айтты. «Жоқ, мен өзіме сөз бергем» деймін. Сөйтіп, 23 жасымда оқуға тапсырдым. Мені курстастарым «шал» дейтін. Оқу аяқтаған соң да, біраз жыл қатарластарымды қуып жеткенше қиналдым. Құдайға шүкір, бүгінде журналист ретінде алмаған марапатым жоқ. 57 елде болдым. Ең мықты деген əлем көшбасшыларымен сұхбаттастым. Мұның бəрі мақсатымның жолында еңбектенгенімнің арқасы деп білемін. «Болдым, толдым» дегенім емес. Мен алмаған асулар, жете алмаған жетістіктер жетеді. Бірақ, ізденген адам өз саласының мықты маманы бола алатынын айтқым келіп отыр.
PS: Меніңде бірінші мамандығым » Қаржыгер». Кішкентайымнан көгілдір экранан спектакль, киноларды көріп актёр болуды армандағам. Бірақ, оқу бітірген соң үй — іштің айтқанымен мұғалімдікке оқуға түсіп, бірінші семестрде оны тастап екі жылға əскерге кеттім. Əскерден келсем, қатарластарымның көбі жас маман атанып жатыр екен, елден қалмайық деп түскен оқуым ғой бірінші мамандық.
Тфә — тфә онда да жаман болмадық, талай жыл еңбек еттім. Бірақ жазуға, өнерге деген махаббатымның арқасында Бейсен ағам сияқты жазуға қабілет болған соң тіл мамандығын оқып бітірдім…

