Түркістан саябағында поэтикалық кеш өтті

 

Түркістан саябағында «Абай әлемі – руханият бұлағы» атты поэтикалық кеш ұйымдастырылды. Әдеби кештің негізгі мақсаты Абай мұрасын кеңінен насихаттау, оның өлеңдері мен әндерінің терең мағынасын жас ұрпақтың санасына сіңіру, сондай-ақ қала тұрғындарының рухани байлығын арттыру болды. Тағылымды кешке келген тұрғындар мен жас оқырмандар ақынның мәңгілік мұраға айналған өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып, халық жүрегінен орын алған әндерін нақышына келтіре орындады. Шара барысында сахнада Абай бейнесі сомдалды. Ол көпшілік алдына шығып, шығармаларын оқып берді. Бұл көрініс көпшіліктің жүрегіне ерекше әсер қалдырды.

Шарада оқырмандар арасында әдеби викторина ұйымдастырылып, қатысушылар Абай өлеңдерінің жолдарын жалғастырып, қара сөздерінен үзінділер келтірді. Логикалық ойындарға да белсене қатысқан оқырмандар ақын мұрасына деген өз қызығушылықтарын айқын көрсетті. Белсенді қатысушыларға шара соңында естелік сыйлықтар табыс етілді. Жиналған жұрт сахнадағы Абай бейнесімен естелік суретке түсіп, шарадан рухани шабыт пен көтеріңкі көңіл-күй алып тарқасты.

Аталған шараны «Фараб» кітапханасы ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған онкүндік аясында ұйымдастырған. Осы ауқымды шараның бір бөлігі ретінде «Оқырман іздейміз» жобасы аясында өткізіліп отыр. Абай мұрасы – қазақ халқының сарқылмас қазынасы. Осындай шаралар арқылы ұлы ойшылдың шығармашылығы жас ұрпаққа жаңаша қырынан насихатталып, қоғамның рухани өмірінде маңызды рөл атқарып келеді.

Түркістан қаласы