Түркістанда Өзбекәлі Жәнібеков есімі ұлықталды
28 тамыз көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, тарихшы-этнограф, өнер зерттеушісі Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні. Осыған орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Өзбекәлі Жәнібеков – зерттеуші ғалым» атты тақырыптық көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмеде Өзбекәлі Жәнібековтің кеңседе қолданған жеке заттары, ғылыми еңбектері мен қолжазбалары, жарық көрген мақалалары, кітаптар мен басылымдар, жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер мен сирек құжаттар қойылды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Кітапхана бөлмесінде өткен іс-шараның негізгі мақсаты – ғалымның санқырлы тұлғалық болмысын дәріптеу, оның терең әрі тың зерттеушілік еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету және музей қорындағы құнды жәдігерлерді көпшілік назарына ұсыну. Жиынға қалалық әкімдік өкілдері мен жергілікті музей басшылары,«Фараб» қалалық кітапханасы қызметкерлері, Түркістан қаласының әжелер қауымы, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Кітапханашылар ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Өзаға жөнінде әсерлі мағлұмат алып, оның еңбектерінің бүгінгі жас ұрпақ үшін маңызын тағы бір мәрте айқындады. «Өзбекәлі Жәнібеков – тек зерттеуші ғалым ғана емес, ұлт руханиятының шамшырағы, мәдениетіміздің қайталанбас қайраткері. Оның мол ғылыми мұрасы мен еңбектері ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек» дейді музейдің мәдени іс-шара ұйымдастырушы Т.Бердібек. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып дамуына елеулі үлес қосқан, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің негізінде музей-қорықтың құрылуына септігін тигізген, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің шапаны музей-қорық қорында сақтаулы.
Мәулен Садықбек әлеуметтік желі парақшасында қайраткер туралы жазба қалдырыпты. «Бүгін Өзбекәлі Жәнібеков жарық дүниеге келген күн. Ар-ұяты мол, білімі терең, өнері сан-қырлы сом тұлға. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, елдің алғысына бөленген бақытты жан. Құлбек Ергөбек айтқандай: «Өзбекәлі Жәнібектің өзі өлшем. Бойын таза ұстар кісілік, халқына қалтқысыз қызмет етер жанпида қайраткерлік, тың танымнан туар жаңалыққа толы ғұламалықтың өлшемі». Бітім-болмысы ұлтшыл, іс-әрекеті мемлекетшіл қайраткер. Мен Өзбекәлі Жәнібековты музей ісі арқылы таныдым. Тәнті болдым. Ұстаз тұтамын. Қазақ музей ісінің атасы санаймын. Мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарған тұста (1977-1987 жж.) Қазақстанда жаңа 49 музей жасақталды. Музейлер саны 79 жетті. Өзбекәлі Жәнібековтың музей ісіндегі қолтаңбасы құбылысқа айналды. Өз-Ағаң (Ә.Кекілбаев) өрнектеген музейлердің қай-қайсысы да біртуар дүние, қайталанбас туынды. Әсіресе, Торғай облыстық музейі (1971-1973 ж.ж.) мен Алматыдағы Халық музыкалық аспаптар музейіне (1980 ж.) қатысты еселі еңбегін бөлекше атап өтер едім. Ал, Өзбекәлі Жәнібековтың қайраткерлігін ұлтқа қызмет етудің шыңы деп бағалаймын. Бабтардың бабы — Арыстанбабтың қасына жерленгенін Алланың рахымы деп қабылдаймын. Жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын! Өз-Ағаңның мұрасын ел игілігіне жарататын шәкірттері көп болсын!» деген.
Шара аясында Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Динара Берікқызы құрастырған «Арда туған Өзағаң» атты Өзбекәлі Жәнібеков туралы естеліктер жинағы музей кітапханасына табысталды. Аталған іс-шараға кітапхананың Ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкерлері қатысып, көрменің таныстырылымын тамашалады. Көрме барысында қоғам қайраткерінің өмірі мен ғылыми мұрасына қатысты тың деректер ұсынылып, жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
Түркістан қаласы




