Түркістандағы тіл мамандары Абай шығармашылығын дәріптеді

Абай күні осыдан бес жыл бұрын, яғни 2020 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу қарсаңында ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген болатын. Бұл күн – елді бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, бірін-бірі дос тұтатын қастерлі күн! Қазақтың әр баласы Абай шығармаларын оқып өсуі тиіс.
Биыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласындағы «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ақынның шығармашылығына құрмет көрсетті. Оның өлеңдерін оқып, өз үлестерін қосты. Әлеуметтік желілерге «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Есіңде бар ма жас күнің», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Интернатта оқып жүр», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды тағылымы мол өлеңдері кеңінен таралды.

Тақырыбымызға тұздық болсын деп көзі қарақты оқырман назарына қазақтың ағиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың Ұлы Абайға арнаған өлеңін ұсынамыз!

ДАЛА ДАНЫШПАНЫ

Дала жатыр – өн бойы тұнған өлең,
Абай, міне, жапанда тұрған емес.
Ата сөзі тербеткен бесігімді,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.

… Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,
(Мен емес, солай деген аталарым).
Сол ұранды ұрпаққа апарамын,
Мен қазақ – Абай болып атанамын.

Уһ, дала!
Дала толған көл-көсір жыр,
Дала – қобыз тұтпайды пернесін кір.
Тірі Абайды әлдиле, дархан далам,
Өлең селі өңірді тербесін бір.

Дала, дала…
Сал – дала селеулеген,
Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.
Дала деген – күй сандық бұл қазаққа,
Абай десе құлағы елеңдеген.

Жылдар, жылдар…
Қаншама алыстадық,
Қаншама өзен өзгертті ағыстарын.
Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,
Уа, армысың, арысым, данышпаным!

М. Мақатаев.
«Қазақ әдебиеті», 13 тамыз. 1965 ж.

Түркістан қаласы