«Адамның аты иттің кличкасы емес, атты абайлап қою керек.
Ата марқұм бірде: «Адамның аты иттің кличкасы емес, атты абайлап қою керек. Неге десең, адам есімі мен болмысының тылсым байланысы бар екені күмәнсіз, бірақ сыры ашылмаған, құпиясы көп», — деп еді. Осыған орай, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері, он кітаптың авторы Бақыт- бек Смағұлдың өз аузынан естіген бір әңгімені айта кетейін. Ол былай сөз бастады: — Амангелді Оспанов дейтін бауырымыз Талғар қаласына тойға шақырды. «Бұл не той?» — десек, баласына төлқұжат — паспорт алып, соның қуанышына жайылған дастарқан екен. Е-е, бала- сының азамат болғанына жасалған той екен ғой деп бармаймын ба! Сөйтсем, баланың Бауыржан деген атын шетелге оқуға барғанда айтуға қиын деп Майклға ауыстырып төлқұжат алыпты. Мына думан-той соның құрметіне екен. Өзінің аты Амангелді Иманов батырға баланып қойылса керек. Оның әкесі болса, ар- дақты тұлға Оспан батырмен аттас. Ал баласына Бәукеңнің есімін атасы ырымдап қойған екен, енді оны Майклға өзгерткен. Түңіліп күйіп кеттім. «Майкл демей, бірден маймыл деп қоймадың ба?» — деп бетке айтуға тура келді. Ол маған кәдімгідей реніш таныт- ты. Мен де ары қарай қалмай, тойдан кетіп қалдым. Сол тойдан кейін көп ұзамай Амангелді қайтыс болды. Арада төрт жыл өткенде Майкл мені өзі іздеп келді. Ол маған: «Аға, өмірім біртүрлі өзгеріп, әр алуан кедергілер көп кездесіп, берекем кетті. Үлкен бір атаның ақылымен өзімнің бұрынғы Бауыржан атымды қайтардым. Мазақ болғым келмеді, батыр ата секілді қазақ болғым келді», — деп ағынан жарылды. Бәукең атамыздың киелі адам екенін түсінгеніне қуандым. Апай, айтса да, мен сізге бір қызық деректі айтайын, 2015 жылдың басында Қазақстанда Бауыржан атын иеленген 62416 адам бар екені анықталды. Оның үш мыңдайы өзге ұлт өкілдері болып шықты. Мұның бәрі батырын ұлықтаған ел-жұрттың ниеті емес пе! — деп Бақытбек мақтанышпен әңгімесін аяқтады…
Зейнеп Ахметова апамыздың “Күретамыр” кітабынан .