МЕЙІРІМ ЖЕТПЕГЕН АНА

13 мамырдың түнінде баршаға таныс, өздігінен өмір сүріп келе жатқан 73 жастағы кейуана фәни дүниемен қоштасты.
Ол кісінің бес қызы бар еді, әрқайсысын өсіріп, ұзатып, ақ адал тілекпен шығарып салған.
Бірақ, қартайған шағында жалғыз қалған…
Жаназа күні барша халық жиналғанда күтпеген жағдай орын алды.
Кенже күйеу баласы ортаға шығып, көзіне жас алып сөз бастады:

-Түнде енем маған қоңырау шалып:
“Балам, мазалағаным үшін кешір. Бір ауыз сөзім бар. Мүмкін, бұл соңғы қоңырауым шығар. Ертең үйге кел. Жастығымның астында саған аманат қалдырды”,-деді.
Таң ата сол аманатты алып үлгермей, өмірден өтті.
Күйеу бала жастықтың астынан бір хат тауып, жаназа үстінде дауыстап оқып берді.
Сол бір қарапайым ғана қағаз -жүрекке пышақтай қадалды:
“Алла маған бес қыз нәсіп етті. Бірақ ешқайсысы маған шын мейірім бере алмады. Қария жасымда тәнім ауырса, жүрегім жалғыздықтан сырқаттанды. Қыздарым бар, бірақ көңілім бос. Бәрі тірі, бірақ мені тірідей ұмытты.
Бір ғана сен ,күйеу балам ,маған баламдай жақын болдың. Жасырын болса да азық-түлік әкелдің, қолыма ақша ұстаттың, дәрілерімді апарып тұрдың. Перзент мейірімін сенен сезіндім. Сол себепті бұл хатты қыздарыма емес, саған арнап жазып отырмын.
Осы үйді саған аманат етемін.
Сат, ақшасын жетім-жесірге, білім іздеген шәкірттерге тарат.
Олар мен үшін дұға етсін.
Менен разы бол. Мейірімге шөлдеп өткен ананың соңғы аманатын баршаға жеткіз…”

Жиналған жұрт үнсіз қалды. Кейбірі көз жасын тыя алмады.
Ауыл имамы болса, үнсіз жылап тұрып қалды. Қыздарынан мейірім көрмеген ана бөтеннің мейірімін өз баласындай қабылдап, сол күйеу баласын “ерке ұлым”деп атап кетіпті…

Ана -дүниедегі ең ұлы жан. Ол тек өмір бермейді, өз өмірін балаға арнайды. Жан дүниесімен қуанса ,баласына бола қуанады, жыласа -баласының мұңын арқалайды.
Анаға лайықты мейірім көрсетпей кеткен жүрек -өз перзентінен дәл сондай қатыгездік көрмесіне кім кепіл?..

Әрбір жанға Жаратқан Ием,
мейірім-ізгілік нұрын аямасын!

АРУЖАН ТӘҢІРБЕРГЕН