САПАРБАЕВ САБАҚТАРЫ
(Тұсаукесер рәсіміндегі сөз)
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев туралы жаңа кітап жарық көрді. Осы жинақтың тұсаукесер рәсімі Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қабырғасында өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Қалай десеңіз де, бұл – үйлесімді үрдіс, жарасымды жаңалық. Себебі, баршаға танымал Бердібек аға мемлекеттік қызметшінің үздік үлгісіндей еді. Ол бүкіл болмыс-бітімімен мәртебелі мемлекеттік менеджер болды.
Жалпы, мемлекеттік қызметші дегенде ойымызға не нәрсе келеді өзі? Алдымен Президентімізге жүгінейік. «Мемлекеттік қызметшілер сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті әрі арлы адам болуы шарт», – дейді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, «Ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – жауапты әрі сауапты іс», – деп тұжырымдайды. Сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын орын емес», – деп ескертеді. Міне, осы қастерлі қағиданың бәрі де мемлекеттік қызметтің барлық буынынан өткен, кеше ғана арамыздан алыстаған Бердібек Сапарбаевтың тек-табиғатына толық сай келетін еді. Сөзі мен ісі үйлесті. Жауапты әрі сауапты міндет атқарды. Бақ-дәулетке қызыға қоймады.
Жалпы, Бекеңнің бойында нағыз мемлекеттік қызметшіге лайық бірнеше қасиет болды. Енді соны санамалап көрейік.
Біріншіден, оның жеке басы өте өнегелі еді. Бүкіл бастаманы алдымен жүрегінен өткізетін. Іс тетігін табудың жолын өзі көрсететін. Мемлекеттік қызметтегі ұл-қыз соған қарап бой түзейтін. Бердібек Сапарбаевтың тек-тұлғасын өрісті өнегенің өлшемі деуге болар.
Екіншіден, ол жастарды жұмысқа тартты. Өзі жас кезінде де сөйтетін. Небәрі қырық екі жасында Қызылорда облысының әкімі боп тағайындалды. Келді де университеттің ректоры Бақберген Досманбетовті қаланың әкімдігіне бекітті. Оның проректоры боп жүрген біз де ректорымызға ілесіп, мемлекеттік қызметке келдік. Сөйтіп, Бердібек Сапарбаевтың берекелі командасына кірдік. «Жақсылы-жаманды, Жинап алдым команды», – деп бір ақын айтқандай, Бекең Сыр өңірін өркендетуге құлшына кірісті. Жігерлі басшымыздың алапат екпініне ілесе алмай, кейде шарықтап, кейде шалықтап, ал кейде шатқаяқтап, шапқыладық та жүрдік.
Үшіншіден, жұртты жұмысқа жаппай жұмылдыра білді. Ұйымдастыру қабілеті орасан зор еді. Өзіне де, өзгелерге де тыным таптырмады. Қалыпты еңбек ырғағын бір сәтке де бәсеңсіткен жоқ. Сартылдап соғып тұрған сағат секілді ырғағынан жаңылмайтын ол тоқтаусыз тер төкті. Соны көрген ел-жұрт өзінен-өзі ортақ іске жегілді.
Төртіншіден, ол өңкей бір өміршең идеяларды алға тартты. Оның ұстанымдары бүгінгі күнмен шектелмейді. Алдағы жиырма-отыз
жылға азық болатын бастамалардың негізін қалады. «Черчилль өз заманының өнімі болды. Бірақ оның идеялары мен әрекеттері әлі күнге дейін қазіргі дәуірге ықпал етіп келеді», – деп әлемге әйгілі саясаткердің ғұмырнамасын зерттеген, шеберлігі таңдай қақтыратын ширақ черчилльтанушылар айтқандай, Бекеңнің де ой-пікірлері өте өзекті. Мұның бәрін басқару мектебінің әдістемесі ретінде қай кезде де кәдеге жаратуға әбден болады.
Бесіншіден, ылғи да шаруашылық жайы қиындай түскен кезеңде басшы болды. Проблемасы жетіп артылатын өңірлерді өрге шығарды. Етігімен су кешті. «Қу толағай бастанбай, Темір қазық жастанбай», – деп толғаған Махамбетше шамырқанып, тек қана алға жылжыды. Бұл жағынан «Әрқашан да қиын жолды таңдаңдар. Сонда бәсекелестерің жолыңда тұрмайды», – деген Шарль де Голльдің дәстүрін ұстанды. Ол, әрине қиын жолды таңдайын деп таңдаған жоқ. Маңдайына солай жазылыпты. Бәсекелес қайдан болсын? Шынында да мұндай жанкешті жұмысқа Бекеңнен басқа кім тәуекел етпек?!
Алтыншыдан, жалпақ жұртпен сыйласудан жаңылмады. Тентекпен де, телімен де талай рет бетпе-бет келді. Бірақ үнемі келісім жолын қалады. Даудан да, жаудан да аулағырақ жүрді. «Бір күн майдандасқанша он жыл келіссөз жүргізген жақсы», – деген даңқты дипломат Андрей Громыконың түйінді тұжырымына ден қойды.
Жетіншіден, көпке жақын болды. Жұрттың көңілін тапты. Ешқашан елдің ортасынан ұзамады. Бұл тұрғыдан алғанда, қала академиктерінің де, дала академиктерінің де пайдалы пікіріне құлақ асты. Мәселен, «Өнімді еңбек атқарам десең, көпке сүйен. Соның тілін тауып, соған қызмет қыла біл», – деген даңғайыр дихан Ыбырай Жақаевтың салмақты сөзін қаперге алды.
Сөйтіп, бес өңірді басқарған Бердібек Сапарбаев мәртебелі мемлекеттік қызметшінің эталоны болды. Енді оның ғибратты ғұмырнамасын бүгінгі мемлекеттік қызметшілерге үлгі етуіміз керек.
Бердібек ағаның Кеңсайдағы бейітінің басында:
Адал болды антына,
Берік болды салтына.
Алғыс алып жұртынан,
Тұлға болды халқына!
Еңбегімен еленді,
Жер-бесікке бөленді.
Ұлтын сүйген перзентін,
Ұмытпайды ел енді! –
деген жазу бар. Мұны эпитафия дейді. Дұрыс айтылған! Ол шынында да тұлға болды. Сондықтан, бүгін тұсаукесер рәсімі өткен «Сапарбаев тұлғасы» деген кітаптың атауы тауып қойылған деп ойлаймыз.
Сөз соңында Бердібек ағамен қызметтес болған інілерінің атынан кітап авторлары Ұлан Айқожа мен Абай Сейфуллаұлына, рәсімді ұйымдастырған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайға, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолмановқа ризашылығымызды білдіреміз!
Бауыржан Омаров * * *
/Суретті түсірген – Erlan Omarov/