«Адам қалай өмір сүреді»?

Л.Н.Толстой шығармаларының арасында құндылығы жоғары қысқа ғана бiр әңгiме һәм әфсана бар. «Адам қалай өмiр сүредi?» («Чем люди живы»). Әлқисса, баяғыда бiр Семен деген байғұс кедей болған екен. Етiк жамап күнделiктi нәпақасын тапса да, не өзiне, не бала-шаға, әйелiне жетпей қояды. Әбден ескiрген бiр iшiктi әйелi екеуi кезек-кезек киетiн. Сықырлаған аязды бiр күнi шайтан түртiп, жаңа iшiкке деп жинаған тиын-тебендi араққа жұмсап қояды. Үйде әр тiлiм нанды күн санап жеткiзiп отырған бәйбiшесiн ойлап бiрден өкiнедi. Қайтар жолда үйдегiлерге ақшаны қайда жiбергенiмдi қалай айтам деп тiршiлiк-ойларымен алысып келе жатқанда қар үстiнде киiм-кешексiз жатқан байғұсты көредi. Алдымен өз басына түскен iстерге бола, жолда жатқан адамды ескермеген болып өтедi де кетедi. Бiр мезетте есiн жиып, адамдыққа жат қылық танытқаны үшiн ұялып, қайта барады. Жол шетiнде жатқан бейтаныстан жөн сұраса, байғұс ештеңе деп жауап бере алмады. Тек ғана: «Менi Құдай қарғады» деп қайтарады. Есiмi де Михаил екен. Үстiндегi жалғыз iшiгiн бейтанысқа жауып, оны үйге алып келедi. Бәйбiшесi Матрена үйге келген құдайы қонақты көрiп одан сайын уайымға салынсын. Ертеңге деп дайындап қойған наннан басқа түк те жоқ едi. Бiраз зымыр қатып, күйеуiне қабағын түйiп алса да, шарасыз қалған байғұстың жүзiне қарап, оның да жүрегi жыли бердi. Алдына үйдегi бар тамағын берiп, адамгершiлiк танытады. Мұны көрген Михаил алғаш рет басын көтерiп, жүзi нұрланып, үй иелерiне күлiмдеп қарайды. Өз күндерiн әзер көрiп отырса да, Михаилге жанашырлық танытқан етiкшi мен бәйбiшесi оны бауырына басады. Оған етiк тiгудi үйретедi.

Осылайша айлар өтiп, жыл толады. Михаилдың қолдары өнерлi, икемдi екен. Мұны естiп-бiлген жұрт тапсырысты тек осы етiкшiге келiп бередi. Жағдайлары жақсарған кемпiр мен шал Михаилмен бiрге шаңырақтарына береке келдi деп сенедi. Бiр күнi етiкшiнiң үйiне көршi ауылдан бiр бай келiп, немiстiң қымбат былғарысынан етiк тiк деп бұйыра сөйлейдi. Бай көкiрегiне нан пiскен бiр даңғой екен, тапсырыс бермектен бұрын, егер қысқа уақытта әдемiлеп етiк тiгiп бермесе, жақсылық күтпеңдер деп қорқытып кетедi. Михаил байға қарап, тағы бiр күлiмдеп, бәрiн үлгеремiз деп жауап бередi. Бiрақ етiктiң орнына мәсi тiгедi. Мұны көрген Семен мен Матрена бiткен жерiмiз осы деп, ойбайлап қала бередi. Сол мезетте есiктi тағы бiр бейтаныс қағып, тапсырыс берген бай қайтар жолда үйiне жетпей жан тапсырғанын, ендi оған етiк керек емес екендiгiн, оның орнына жерлеу үшiн мәсi керек деп айтады. Мiне, ғажап, мәсiлер дайын. Арада алты жыл өтедi. Семенның етiкшiлiгi ел iшiнде кеңiнен танылған. Бiр күнi үйге қыздарына етiк тiктiру үшiн көпес әйел келедi. Бiр қызының аяғы ақсақ екен. Семен балалардың аяқ өлшемдерiн алғанша көпес әйел мен Матрена бiраз әңгiмелестi. «Аяғы неден ақсақ қалды?»,-деп сұрады көпестен. «Анасы үстiне құлаған сәби кезiнде, содан осылай болды. Құдай маған бiр бала берiп, ұзаққа жеткiзбей керi алды. Алты жыл бұрын ауылдағы бiр отбасыда мына екi бүлдiршiн жетiм қалды. Алдымен әкелерi қайтты. Содан кейiн анасы баласын емiзiп отырған күйi жан тапсырды, құлап түстi. Көршiлермен ақылдасып, жетiмдердi бауырыма бастым. Өзiмдей көрдiм. Қазiр барым да осылар. Балапандарым үшiн өмiр сүремiн», -дедi әйел. «Әкесiз, анасыз өмiр сүрер, Құдайсыз өмiр сүре алмас адам баласы деп бекер айтпаған екен ғой», -деп күрсiндi Матрена. Михаил болса екеуiне тағы бiр күлiмсiреп қарады. Көпес әйел кеткеннен кейiн Михаил да iсiн тоқтатып, үй iшiмен қоштасады: «Құдай менi кешiрдi, сiз де кешiрiңiз», -дейдi. Аяқасты не болды деп таңғалады етiкшi мен әйелi. Сонда Михаил: «Алты жыл бұрын мен аспанда перiште едiм. Құдай маған бiр әйелдiң жанын алып кел деп тапсырады. Жерге түсiп, әйелдi көргенiмде оның жанында екi сәби болатын. Байғұс әйел менен жанын алмауын сұрады. Әкесiз қалған балаларды анасыз қалдырма дедi. Мен де оған жаным ашып, бiр баланы төсiне жақындатып қайта аспанға қайттым. Маған жүктелген мiндеттi атқармағаным үшiн Құдайдың қарғысына ұшырап, қанаттарымнан айырылдым. Жаратушы маған жер үстiнде адамдарға не нәрсе тән, не нәрсе жат екенiн және олар қалай өмiр сүретiнiн ұғасын дедi. Алғашқыда шiркеуге бардым, бiрақ шiркеу жабық болған соң далада қалдым. Сiздер жағдайға қарамастан, менi бауырыңызға бастыңыздар, сонда адамға ең алдымен МАХАББАТ тән екенiн бiлдiм. Екiншiден, бiрнеше жылдық қамын ойлаған байды көрдiм, бiрақ ол бiрнеше сағаттан кейiн не боларын бiлмедi, сонда адамға ненiң ЖАТ екенiн түсiндiм. Ендi адам баласы қалай өмiр сүредi деген сауалға ғана жауап күтiп жүр едiм. Сонда анасыз, әкесiз қалған жетiмдердi бауырына басқан әйелдi көрдiм. Көрдiм де, оның дидарынан ҚҰДАЙды таныдым. Барлық жауапты бiлген соң мен де кешiрiлдiм», — деп Михаил ақ сәулеге шомылып, жоқ болып кетедi екен…

Йә, кейде сенiм мен махаббатты жоғалтқан сәттер адастырады. Күнi ертең не боларын бiлмей, пендешiлiкпен асыра сөйлеймiз. Ол да адастырады… «Махаббатсыз — дүние бос…» дейдi ұлы ақын.
Райхан Матаева