Түркістанды жырына қосқан Дәурен

 

Киелі Түркістанды жырына қосып, қалам тербегендерді тарихтан білеміз. Ал бүгінде жас қаламгерлер еңбегі қалай? Шығармасында Түркістан табылады ма десеңіз, әрине иә дер едік. Өйткені жас буынның талғамы мен көзқарасы да ерек. Тарихи Түркістан мен Түрленген Түркістанды жырына қосып жүрген Дәурен Тілеухан жайлы назарларыңызға ұсынамыз.

Ол 2000 жылдың 28 қазанында Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Еңбекту (Көрпе) ауылында дүниеге келді. 2018-2022 жылдары Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде филология  мамандығы бойынша  білім алды. Сондай-ақ, аталған университеттің филология мамандығының магистранты. Бүгінде «Түркістан» қалалық газетінің тілшісі. «Сағыныш сыбыры» жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық  «Алтын қалам» әдеби байқауының «Жылдың үздік поэзиясы»аталымының, республикалық бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы.
Сондай-ақ, Аbai телеарнасында «Поэзия қағанаты»  және «Сөз  патшасы» бағдарламасы, Еларна телеарнасының «Жаңа қадам» ток-шоуы Дәуреннің  шығармашылығына  арнап  эфирлер  әзірледі.


ТҮРКІСТАН
Күмбез шәр.
Көк кесене.
Көгілдір мұң.
Қоңыр түн.
Қоңылтақсып көңіл-кірбің –
Өзеуреп Өзімді іздеп жүргенімде,
Өзіңе ертіп келді өмір-құрбым.

Өзіңе бастады ана-а-ау жолдың бәрі,
Жел сүйді,
Жауының да тоңдырмады.
Өткен күн – өкше ізіндей артта қалған,
Келемін ұмыта алмай сол күнді әлі.

Келемін көне шәрде арман кешіп,
Келеді жағаласып жалған көшіп.
…Ақшамда аят оқып тұрады іштей,
Аспанға алақанын жайған мешіт.

Адасқақ тағдырым-ай, қайран менің!..
Арасын қос өмірдің жалғай ма өлім?
Қабырғама батады қадірі жоқ
Қадым қала астында қалған қорым.

Өмір ме, өгейлесе арайлы әлем?!
Түс көрсем мазары көп маңай көрем.
Қызығын дүниенің тәрк етсем деп
Қызығып қылуетке қарай берем!..

Таба алмай тар қалада тыным әлі
Дөңгелекті табыттар зымырады.
Мұндағы шалшық көше, шаңдақ жолдың,
Қайғысын дәл өзімдей кім ұғады?..

Ұқпайды-ау ұлы шаһар ұғымдарын,
Содан-ақ, жаным жүдеу, мұңым қалың.
Өзіңнен кетер болсам, беу, Түркістан
Кімдерге қалдырамын мұның бәрін?..

МҰҢДАҚ
Жасырынған ішіне жанқамақтың,
Жанарыңнан ағады сорғалап мұң,
Баянсызын білерсің мына өмірдің
Тас төбеңнен сырғыса тайғанақ түн.

Ақұшқын кез артыңда алаулаған,
Оңай ма енді өртенбей қарау да оған?!
Мен — тамшының тағдырын кешіп тұрмын
Жанарыңнан іркіліп тама алмаған.

Шаттығыңды аңсатып шын қалаған,
Күз де келді мүрдесін мұңға ораған.
Сен де мендей сенделіп жүр ме екенсің,
Бір жұбаныш таба алмай бұл қаладан?..

Жаздың түсін түгелдей сарықты өңір,
Көңіл қоңыр тартады… — қалыпты өмір.
Күллі үмітті күл қылып кетсек те осы,
Әлденеге әйтеуір зарық көңіл.

Қарай-қарай жолдарға жанар талса,
Жымиғансып жүресің, амал қанша?
Өмір сүре берерміз дәл осылай,
Өп-өтірік, бақытты адамдарша…

«МАХАББАТ МЕЛОДИЯСЫ»
Жасыл түнде жаураған
Бұлттар білер сырымды.
Шуақ таңда қаулаған
Шықтар білер сырымды.
Үздігетін іңірге
Шамдар білер сырымды.
Ажал тұрған түбінде
Жолдар білер сырымды.
Жел қытықтап, сүйетін
Әйнек білер сырымды.
Кездесуге киетін
Көйлек білер сырымды.
Жарым түнде жөтелген
Бақтар білер сырымды.
Сағынышын әкелген,
Шақтар білер сырымды.
Жан-жүйемді езетін,
Әуен білер сырымды.
Жүрегімді кезетін,
Өлең білер сырымды.
Шоғы сөнген табанда
Шылым білер сырымды.
Гүлкүлтеден жаралған,
Бұрым білер сырымды.
Мейлі, өртенсін, сарғайсын
Парақ білер сырымды.
Көз жасынан аумайтын
Шарап білер сырымды.
Қарашаның дауысы –
Қаздар білер сырымды.
Қоштасу мен қауышу –
Вокзал білер сырымды.
Айдан алып дерегін
Жұлдыз білер сырымды.
…Мен – арқалап келемін
Мүрдесі ауыр Мұңымды.
Тек сен ғана, жарығым,
Тек сен ғана білмейсің –
Сені сүйетінімді!..
Сені сүйетінімді!..

АЯҚТАЛМАҒАН ЖЫР
Артта қалып алғашқы арман-сағым,
Ауыл жаққа ауатын мәңгі аңсарым.
…Қалың ойдың қойнында қалушы едім,
Бейіт жақты бетке алып барған сайын.

Сол бейітте —
жанымның бір бөлшегі!
Жаза алмадым, қайтейін, жырды еңселі.
Өлім ғана күтетін ең түбінде
Өмір маған секілді мұңды ертегі.

Көңілшек күн көшіріп көп өлеңге,
Жамау жүрек жетелер сол әлемге.
Марқұм әжем
Мәңгілік байыз тапқан,
Кім сағынар бұл маңды менен өңге?

Түмен ойға тартқанда сол көне көш,
Тіріледі көзімде сөнген елес.
Жанарымнан сырғыды
Жалғыз тамшы –
«Бұлт қой анау жылаған…»
Ол мен емес.

Мен секілді мөлдіреп қос жанары,
Боздауық бұлт көшпей жүр бастан әлі.
Түсіне алмай тірі жан хәлімді осы,
Тастап шыққым келетін тас қаланы.

Өлең жазып оңаша ойға медет,
Ақын болдым ақыры,
ой, керемет.
Анам алаң болатын кенже ұлына
– Балам, аман жүргейсің қайда да,- деп!..

Жылы жауып жылдарды жылыстаған,
«Қалаға бар — дейді әкем — дұрыс, балам!».
Еңкіш тартып барады екі асқарым,
Дүниенің тұтқасын кім ұстаған?!

Еркеліксіз өткенде жылдар әрең,
Табысқалы тасбауыр бұл қаламен:
Жалғыздыққа жұтылған көпшіл де – мен,
Сағыныштан сенделген сұлба да – мен.

Аңсап келген ауыл-ай,
амалым жоқ,
Қоштасарда көңілсіз қарадым көп.
Тас қамалға тоғытып мені де ертең,
Қарсы алады қатігез қала-дүрмек!..


Ол өз сөзінде былай дейді. «Түркістан – менің шығармашылық шеберханама айналған қасиетті мекен, киелі құтхана. Содан да болар Қазақстанның қай қиырына сапар шексем де Түркістанды сағынып тұрамын. Есенғалиша айтсам, менің «өтәрне ситиім» осы қала. 2018 жылы мектепті тәмамдап, үлкен өмірдің табалдырығына беттеген бозбала Дәуреннен бүгінгі жігіттік шақта жүрген Дәуреннің өміріндегі ең елеулі оқиғаларда осынау жұмбақ шаһар бастыорын алды.
Бүгінде іңкәр қаланың, күмбез шаһардың тұрғыны болу да бір бақыт. Түркістанның таңғы нөсері, түнгі салқыны, іңірдегі ірбі бұлттары — «көз бенкөңілде мөлтілдеп тұрып алатын» көркем суреттер. Алғаш Ақтөбеден алыстап, балаң жырларыммен қақпасын жасқана ашқан аяулы шаһар бүгінде көне мен келешек көпіріндей күн сайын көркейіп келеді. Айтулы Жұмекен ақын:
«Отанның қай жеріне де күн мен ауа тарайды,
Қай төбенің аспаны да арайлы,
Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды»дейді ғой. Арайлы Ақтөбеде дүниеге келіп, қазақ рухының қағбасы Түркістанда өмір сүру кез келген адам сезіне бермейтін, сирек кездесетін бақыт. Сөзге сыймайтын сезім. Тағы бір мақсат — бұл ғажайып сезімді болашақта өміршең өлеңдерге, көркем шығармаға айналдырарыма сенемін» дейді ол. Ендеше біз де Мағжан жырлағандай, жас қаламгерге сенім артамыз.

Түркістан қаласы