Түркістанда жас қаламгер Нәлжігіт Таңатбекұлының алғашқы әңгімелер жинағы таныстырылды

Түркістанда жас қаламгер Нәлжігіт Таңатбекұлының алғашқы әңгімелер жинағының таныстырылымы өтті. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған шығармашылық кешке кітапхана оқырмандары, жас әдебиетсүйер қауым, қаламгердің жақын достары қатысты.

Алдымен қаламгердің шығармашылық жолы мен алғашқы туындысы жайлы мағлұматтар ұсынылды. Кеш шымылдығы автор туралы дайындалған бейнежазбамен ашылды. Шара барысында автор Нәлжігіт Таңатбекұлы оқырмандармен ашық сұхбат құрып, өзінің шығармашылық жолының бастау алған кезеңі, әдебиетке келуіне әсер еткен тұлғалар, кітап жазу барысындағы қиындықтар мен қызықты сәттер туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар кеште қаламгердің балалық шақтағы достары естеліктерімен бөлісіп, авторға шығармашылық табыс тіледі.

Кеш қонақтары «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Бауыржанұлы және Түркістан облысының құрметті азаматы, «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы Еркінбай Керімбайұлы арнайы сөз сөйлеп, жас қаламгерге шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі. Кеш аясында әсем әндер шырқалып, көрерменге рухани ләззат сыйлады. Ерекше әсерге толы кеш әдебиет пен шығармашылықты бағалайтын көпшілікке рухани шабыт сыйлап, жас қаламгердің алғашқы қадамына сәттілік тілеген игі бастама болды. Кітапхана директорының орынбасары Шахмира Байжігітова қорытынды сөз сөйлеп, авторға алғысын білдірді. Кітапхана директоры атынан қаламгерге алғыс хат табыстады.

Нәлжігіт Таңатбекұлы 1989 жылы Түркістан өңірінің Қызылордаға шығар тұсындағы Майдамтал ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі қайтыс болғаннан кейін 2008 жылы Түркістан қаласына көшіп келеді. 2009 жылы Кентау қалалық кәсіби лицейінде бухгалтерия мамандығына түскен. Өкінішке орай денсаулығына байланысты оқудан шығуына тура келеді. Кейін фильмдерге сценарий жазуды машықтанып жазуды үйренеді. Қазіргі таңда кітап және сценарий жазуды жанына серік етіп отыр.

«Алғашқы атқан таңдарым» атты жинағында қаламгер сан түрлі өмір оқиғаларын көркем тілмен баяндап, оқырманға терең ой тастайды. «Бала» атты әңгімесінде балалық шақта орын алған ауыр тағдыр иесі – мүгедек бүлдіршіннің өмірге деген махаббатын, қиындықтарға мойымай, келешекке сеніммен қарайтынын шынайы суреттейді. Автор қоғамдағы қатігездік пен мейірімділікті шебер шендестіре отырып, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ой жүгіртуге итермелейді. Өмірден үмітін үзген бәйбатшаның бейнесін де жан-тәнімен жеткізіп, әрбір қайғының артында жақсылықтың болатынын тереңнен толғайды. Сонымен қатар материалдық дүниенің соңынан қуған, байлықты өмірдің мәні деп түсінген бизнесменнің тағдыры да назардан тыс қалмаған. Дертке ұшырап, мешіттен естілген азан дауысы арқылы жүрегіне иман ұялаған кейіпкердің молдамен кездесіп, рухани жолға түсуі де шынайы суреттелген. Байлықтың буына мастанып жүргенде жанында кімдердің болғанын енді ғана аңғарған іскер жігіттің өкініші – көпке ой саларлық. «Тоты құс» атты шығармасында қазіргі қоғамда жиі кездесетін жемқорлық мәселесін астарлы түрде әдемі жеткізе білген. Ақша үшін ардан безетін адамдарды бейнелей отырып, достық пен сатқындық, адалдық пен арамдық, махаббат пен дүниеқоңыздық секілді тақырыптарды терең қозғайды. Ойлы оқырманын бей-жай қалдырмайтын туындылары жас қаламгердің болашағынан үлкен үміт күттіреді. Бұдан бөлек жинаққа «Әділ шешім», «Дос», «Жіліктің майлы басы», «Көп ұлтты мемлекет», «Қайырлы іс» әңгімелері де енген.

Тұрсынай Шаметова