Жаныңа жақын тұтқан адамың бір күні жат болып кетуі мүмкін
Кейде біз өзімізден бұрын адамгершілігімізді жоғары қойып, шекарамызға шектеу қоямыз. Өз ойымызды ашық айтуға ұялып, үнемі біреудің көңіліне қарап, жақсылықтан үміт күтіп жүреміз. Бірақ осы үнсіздігіміз қадіріміздің кетуіне, сенімнің жоғалуына әкеп соғады. Сол себепті уақытында барлығын тоқтата білу керек. Ескіден арылмай, жаңасы келмейді.
Кей адамдарды жүрекке тым жақын тұтып, оларды өзімізше мінсіз бейнеге айналдырып аламыз. Барымызды беріп, бағалауға тырысамыз. Алайда сенім мен құрметтің салмағын түсінбейтіндер болады. Олар сенің адалдығыңды әлсіздік, жанашырлығыңды міндет деп қабылдап, сені өз меншігіндей көруге тырысады.
Ондай адамға қажет болса, өзі ренжіп кету де, керек кезінде жылы сөз айтып көңіліңді табу да қиын емес. Бірақ бұл – шынайылық емес, бұл – менмендік. Ал әр әңгіменің соңы бар. Әр шекараның шегі, әр төзімнің нүктесі болады.
Жаныңа жақын тұтқан адамың бір күні жат болып кетуі мүмкін. Бірақ ең үлкен сабақ – сол сәтте деңгейіңді түсірмеу. Абыройыңды сақтап, үнсіз кету. Сеніміңді аяққа таптаған жанмен күресудің де, түсіндірудің де қажеті жоқ екенін түсінесің.
Кеш болса да, өткенге өкінудің қажеті жоқ. Себебі әр нәрсенің өз уақыты бар. Ең бастысы – жаның таза, ниетің түзу болып, ешкімге жамандық тілемеу. Жүрекке ауыр тиетіні – жылдар бойы адалдығыңды дәлелдеп келіп, бір ауыз сөзбен бәрін сызып тастауы. Көңіліңді қатты қалдырады!
Аяулым НҰРЛАНҚЫЗЫ