Ел экологиясын жақсартқандар мәртебесі
5 маусым – Дүниежүзілік Қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күні. 1972 жылы дәл осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша Стокгольм конференциясы басталған-ды. Сол уақыттан бері 5 маусымда Экологтар күні дәстүрлі түрде жылда аталып өтіледі.
Ақтөбеде өткен экологтардың төл мерекесіне арналған салтанатты іс-шара «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» деп аталды. Бұл жиынға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысып, мереке иелерін құттықтап, сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерге құрмет көрсетті.
— Баршаңызды кәсіби мереке – Экологтар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қоршаған ортаны қорғау – бұл табиғатқа деген жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Сіздер күн сайынғы табанды еңбектеріңіз арқылы еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, аянбай тер төгіп келесіздер.
Бүгінде елімізде, соның ішінде Ақтөбе облысында да экологиялық ахуалды сақтау мен жақсарту мәселелері күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы – осы бағыттағы нақты әрі тиімді қадамдардың бірі.
Аталған жоба – табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарлама. Біз сіздермен бірге бұл жобаны іске асыру жолында жұмысты жалғастыра береміз.
Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, қажымас күш-қуат, еңбектеріңізге табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін! – деді ол.
Мерекелік жиында аталған салада жемісті еңбек етіп келе жатқан мамандар түрлі марапаттарға ие болды. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен Абдуали Мақамбетов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Айымгүл Таханова мен мемлекеттік экологиялық инспектор Марат Карибаев «Экология саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Экология саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар азамат ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Бірнеше маманға Ақтөбе облысы әкімі мен облыс әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттар табысталды. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әрбір маманнан кәсібилікпен қатар, ерекше жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет. Бұл марапаттар – елдің экологиялық ахуалын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне берілген жоғары баға.
Кәсіби мереке иелерін Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов та құттықтап, лебізін білдірді. Оның айтуынша, бүгінде елімізде шамамен 2,5 миллион тонна зиянды зат ауаға таралады. Соның ішінде Ақтөбе облысында – шамамен 163 мың тонна.
– Бұл басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. Әрине, қаланың ішінде кейбір түйткілді мәселелер бар. Мәселен, құрылыс қалдықтарын өңдеу кешені қажет. Бұл бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасалған, мемлекеттік сараптамадан өткен. Қазіргі таңда жобаны іске асыру үшін қаражат мәселесі шешілуде.
Сондай-ақ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының төрт факелді қондырғысы мәселесін шешу мақсатында 80 МВт электр қуатын өндіретін құрылғы жобаланған. Құжаттар мемлекеттік экологиялық сараптамада қаралып жатыр, – дейді ол.
Осындай жұмыстардың басы-қасында, әлбетте, экологтар жүреді. Е.Қуановтың айтуынша, экологтар бірнеше санатқа бөлінеді: мемлекеттік, қоғамдық және өндірістік мекемелердегі экологтар.
– Әсіресе өндірістік кәсіпорындардағы экологтардың жұмысы ауқымды. Кей жағдайларда олар өндіріс басшылығымен келіспей жатса да, экологиялық заңнама талабын орындауды талап етеді. Бүгінгі мерекеде кәсіби адалдығына берік, жауапты экологтарды марапаттауды жөн көрдік, – деді ол.
Іс-шара аясында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар арасында өткен «Таза болса Табиғат – аман болар адамзат» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталып, сый-сияпатқа ие болды. Байқауға «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы мен Мәртөк ауданы Жайсаң арнайы білім беру ұйымының барлығы 21 тәрбиеленушісі қатысты. «Аяла» орталығының тұрғыны Айжан Абубакирова мен Жайсаңнан келген Даниял Айтжанов жүлделі бірінші орын алды. Жүлдегерлердің барлығына Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Бұл игі шара балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, оларды табиғатты сүюге, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеуге бағытталды.
М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы