Түркі әлемінің сәулетшілері мен реставраторлары Түркістанда бас қосты

Киелі Түркістанда «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбындағы II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумы басталды. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен өтіп жатқан симпозиумның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Мароккодан келген  ISESCO жоба менеджері Осама Элнахас, сонымен қатар Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан және Қазақстан Түркі әлемі мемлекеттерінің жетекші ғалымдары және де халықаралық ұйымдардан сарапшылар қатысты.

 

«Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын арқау еткен халықаралық жиынның Түркістан қаласында өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Бұл түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттау жолындағы игі бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойған болатын. Бұл бағытта қазір облыс орталығында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға, соның ішінде арихитектуралық нысандарға бай өлке. Симпозиум жұмысына отандық және шетелдік жетекші мамандардың қатысуы – бұл бастаманың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды. Бірлескен ізденістер мен тәжірибе алмасу арқылы біз сәулет мұрасын сақтау ісінің жаңа кезеңіне қадам басамыз деп сенемін» – деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев симпозуим жұмысына сәттілік тіледі.

Құттықтау сөз алған Ақтоты Райымқұлова қордың негізгі қызметі мен атқарылған жұмыстары туралы баяндады. «Қор жанынан құрылған Түркі мемлекеттерінің тарихшы-сәулетшілері мен реставраторларының консультативті кеңесі құрылып, ортақ мұрамызды сақтаудағы маңызды бастама болғаны сөзсіз. Кеңес жұмысы алдағы уақытта да түркі елдерінің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып, ғылыми негізде тұрақты диалог алаңына айналарына сенім мол. Өйткені мұндай басқосулар бізге тарих пен мәдениетіміздің тамырын терең түсініп, ұрпаққа аман-есен жеткізу жолындағы заманауи әдістер мен тәжірибелерді талқылауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қор тарапынан Түркі елдерінің Мемлекет басшылары қабылдаған «Түркі әлемінің келешегі – 2040», «TURKTIME» стратегиялық құжаттарында көрініс тапқан бастамаларды басшылыққа ала отырып, түптамыры бір, дәстүрлері ортақ түркі халықтарының тарихи, мәдени, рухани сабақтастықтарын жетілдіру бағытында өз бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. Симпозиум түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғау мен дамытуға тың серпін беретініне сенемін. Бірлігіміз нығайып, рухани тамырымыз тереңдей берсін» – деді қор президенті.

 

Әрі қарай пленарлық отырысқа ұласты. Жиынға Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті.  Әзербайжан Республикасы Археология және антропология институты директорының орынбасары З.Гасанов, Өзбекстанның халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің Жібек жолы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.Юсупова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен профессор, т.ғ.д. М.Қожа баяндама жасады.

 

Жиын аясында Қожа Ахмет Ясауи атында Халықаралық қазақ-түрік университетінде қос бірдей тағылымды іс-шара өтті. Соның бірі – «Тіл – ізгіліктің бастауы» көрмесінің ашылуы. Түркі әлемінің ортақ мұрасы – Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, еліміздің және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Түркі тілінің байлығын, тарихи сабақтастығын және мәдени мұрасын тереңінен сипаттаған көрмеде аталған оқу ордасының  ректор Жанар Темірбекова бұл шараның рухани-тарихи маңызға ие ие екенін жеткізді. Сондай-ақ бауырлас елдің өкілдеріне алғысын жеткізді. Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова да пікір білдірді. Қатысушылар бұл жиынның жастарымыз бен болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, оларды тарихпен таныстыруға, түркі тілдес мемлекеттердің мәдениеті қаншалықты бай болғанын көрсететін қазына екендігін айтты.

Көрермен назарына көрмеден соң «Мың заман – бір Түркістан» спектаклі ұсынылды.«Өнер, медиа және дизайн» факультеті мен «OzgeEpic» креатив хабының бірлескен музыкалық драма қойылымының қоюшы режиссері – Шырын Мұстафина.  Көрермен қойылымнан қазақ халқының тау тұлғасына айналған, ұлт жанашырлары мен білім адамдарының жарқын бейнесін тамашалады. Сонымен қатар Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абайдан бастап, Алаш зиялыларының қазақ халқы үшін жүріп өткен тарихи жолы көрсетілді. Қиын күндерге қарамастан, татулығын сақтаған түркі халықтарының мызғымас бірлігі, қайсар мінезі сомдалды. Жиын соңында спектакль жоғары бағаланып, қонақтар алған әсерлерімен бөлісті. Түркі халықтарының даналары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері арқылы рухани және тарихимұраны арқау еткен музыкалық қойылым соңында көрермен тік тұрып, қошемет көрсетті.

Күннің екінші бөлігінде «Түркі өркениетінің тарихи-мәдени маңызы және ескерткіштерін зерттеу»  және «Сәулет ескерткіштерін сақтау және қалпына келтіру» деп атты тақырыптарда екі секцияда ғылыми баяндамалар оқылады, пікірталастар мен тәжірибе алмасулар өткізіледі. Бұл түркі өркениетінің сәулет ескерткіштері мен тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру бағытында ұйымдастырылып отыр. Симпозиум түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіруге арналған. Алдыңғы қатарлы мамандар, сәулетшілер, реставраторлар, тарихшылар мен зерттеушілер сәулет мұрасы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу үшін бас қосады. Халықаралық шараның негізгі мақсаты – Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау. Сәулет және реставрация саласындағы шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу. Симпозиум аясында сәулетшілер мен реставраторлардың ұйымдастыруымен Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу жоспарлануда.

 

Тұрсынай Шаметова

Түркістан қаласы