ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ТАЗА БОЛАШАҚ
Ақтөбеліктер Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсенді қатысып жатыр.
Жақында Ақтөбедегі Жақсы Қарғалы өзенінің жағасында кезекті экологиялық акция өтті. «Таза аймақ» акциясы аясындағы сенбілікке жергілікті әкімдік, облыстық экология департаменті, мемлекеттік мекеме өкілдері, ірі өндіріс орындарының қызметкерлері және ерікті жастар қатысты. Олардың қатарында ферроқорытпа зауыты, металл конструкциялары зауыты, рельс-арқалық зауыты, «Жасыл ел» жасағының мүшелері болды. Жалпы саны 170-ке жуық адам қоршаған орта тазалығына белсенді түрде атсалысты.
Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин өзен жағалауын тазарту жөніндегі ұсынысқа жергілікті кәсіпорындар бірден қолдау көрсеткенін айтады. Ферроқорытпа зауытының экологиялық бөлімінің басшысы Толқын Бабағожинаның айтуынша, зауыт қызметкерлері де тазалық, көгалдандыру жұмыстарына ұдайы қатысады. Кәсіпорын ұжымы зауыт маңына екі мың, ал қала ішіне үш мыңға жуық ағаш отырғызған.
Тазалық жұмыстарына облыс жастары да белсенді атсалысып келеді. Мәселен, өткен демалыс күндері облыстық жастар ресурстық орталығының ұйтқы болуымен саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіш – «Түйетөбе» тарихи-мемориалды кешенінде тазалық жұмыстары жүргізілді. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жүргізілген акция мақсаты – өткен тарихымызды құрметтеу, қасиетті орындарды таза ұстау арқылы құрбандар рухына тағзым ету. Тазалық жұмыстарына облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының мамандары, облыстық «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының өкілдері, «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары мен еріктілер қатысты.
Жалпы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өңірдің 112 мыңнан астам тұрғыны мен 2,6 мыңнан астам ұйым және кәсіпорын қатысты. Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аталған экожобаның жүзеге асырылу барысы талқыланған болатын. Жиын барысында облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов акция аясында 39 мыңға жуық аула тазартылып, мыңнан астам әлеуметтік нысан мен 260-қа жуық саябақ және скверлер абаттандырылғанын хабарлады. Сондай-ақ 117 су айдыны мен 40 шақырымнан астам арық жағалауы тазартылды. Көгалдандыру мәселелері де айтылды. Бес жылдық жоспар аясында 2025 жылы 168 000 көшет отырғызу жоспарлануда, оның 43 926 бүгінгі күнге дейін егілді. Қалған жасыл желектерді егу күз айында жалғастырылмақ. Көшеттер елдімекендер және қалалардың шеткі аумақтарына отырғызылады, осылайша «жасыл белдеу» қалыптастыру жоспары бар.
Өңір басшысы жергілікті жерлердегі әкімдерге ағаштарға күтім жасау жұмыстарын күшейтуді және қалған жасыл желектің уақытылы отырғызылуын қамтамасыз етуді тапсырды. «Экологиялық тәрбие жеке мысалдан басталады. Біздің үйдегі, ауладағы, аудандағы тазалық, бұл – аймақтың болашағына қосқан ортақ үлесіміз. Мен әрбір тұрғынды, сондай-ақ кәсіпорындар мен бизнес-қоғамдастықты шетте қалмай «Таза Қазақстан» жобасына қатысуға шақырамын», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы