ҚР Президенті Қасым-ЖомартТоқаев: Кез келген елдің Президенті – халық жолдаған менеджер, ол Құдайдың хабаршысы емес

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ-ны өте біржақты ұйым деп атап, оның тиімділігіне күмән келтірді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында 2023 жылғы Қазақстандағы парламенттік сайлаудан кейін ЕҚЫҰ тарапынан айтылған мәлімдемелерге қатысты пікір білдірді. Ол кезде ұйым елдегі жиналыс еркіндігінің деңгейіне алаңдаушылық білдіріп, қосымша реформалар жүргізуді ұсынған болатын. Журналист сұрағына жауап берген Тоқаев ЕҚЫҰ-ның пікірін маңызды деп санамайтынын айтып, бұл ұйымның объективтілігі мен тиімділігіне күмән келтірді.

Осыған ұқсас пікірін Президент адам құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдарға, соның ішінде Human Rights Watch ұйымының саяси партияларды тіркеу мәселесіне қатысты сынына байланысты да білдірді. Ол мұндай ұсынымдардың міндетті еместігін және олар елдің ерекшелігін әрдайым ескере бермейтінін атап өтті.

«Мен өзімнің «Заң және Тәртіп» атты стратегиямды ілгерілетіп жатырмын. Біз заңдарымызды халықаралық стандарттарға сай толықтай жетілдірдік. Бүгінде адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың ұсынымдарына жүгіну қажет деп санамаймын. Біз оларды кім немесе қай елдер қаржыландыратынын жақсы білеміз. Олардың арасында бұл ұйымдарда жұмыс істейтін немесе айналысатын циник адамдар аз емес. Тағы да қайталап айтамын, олар объективті емес. Олар тарихи негіз бен халықтың саяси көңіл күйін ескергісі келмейді.

Олар тек ұсыным береді. Бірақ Қазақстанды қоса алғанда, барлық елдер бұл ұсынымдарды соқыр түрде орындауы тиіс деп айта алмаймын.  Ең алдымен, өз азаматтарымыздың игілігі үшін дұрыс жүзеге асырылуы тиіс ұлттық стратегияларымызды ойлауымыз қажет», – деді.

Мемлекет басшысы сұхбаттың соңында 2029 жылы отставкаға кететінін, себебі бұл «халықтың талабы» екенін айтты. «Кез келген елдің президенті, бұл – халық жалдаған менеджер, ол құдайдың хабаршысы емес» деді.

Мемлекет басшысы сұхбат кезінде Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағылар қолданған артықшылықтар және оны қайтару туралы да сұрады. «Экс-президентке қатысы бар кейбір маңызды құрылымдар әзірге ірі тексерістен өткен жоқ. Бұл жөнінде не айтасыз?» деген кезде Қазақстан басшысы жымқыру болғанын растап, «бұл бағытта тергеу жұмыстары жалғасып жатыр» деді.

«Әрине, біздің жұмысқа сын да айтылады. Бірақ біз көп шаруаны атқардық – бәрі халық, қоғам үшін. Дегенмен біз Президент Назарбаевтың тарихи рөлін мойындауымыз керек. Иә, қателіктер болды, өзіңіз айтқандай, жымқырулар болды. Біз тергеу жүргізіп жатырмыз және бұл процесс жалғасып жатыр. Бірақ бір мезетте мен Қазақстанда тәртіпсіздік ұйымдастырмаймын, себебі бұл елдегі  тұрақсыздыққа  әкелер  еді» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сұхбатта сонымен бірге мұнай экспорты, әлемдегі қақтығыстар, Қазақстанның сыртқы саясаты мәселелерін де қозғады.

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК