Түркістандық әжелер Димаш Құдайбергеннің әніне тренд түсіріп, көпшілікті тәнті етті
Киелі Түркістан қаласында бүгінде үш «Белсенді ұзақ өмір» орталығы қызмет көрсетіп келеді. Үш жыл бұрын облыс орталығында алғашқы нысаны пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Түркістан қалалық Әйелдер алқысының төрайымы Ұлжан Мұстафаева орталыққа келуші әжелерге би үйретіп жүр. Ашылғалы орталық жұмысына белсене атсалып келе жатқан ол бір айда 30-дан астам әже осы үйірмеге қатысып жүргенін тілге тиек етті. Ал жалпы орталықта осы уақыт ішінде 150-дей әже би үйірмесіне қатысқан. Сонымен қатар бос уақытта қолөнермен айналысуды да құптайтынын жеткізді. Қазақстанның халық әртісі, әлемдік жұлдыз Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне қолдау көрсетіп, би билеген әжелер аз уақыт ішінде көпшілікті тәнті етті. Әлеуметтік желілерде мыңдаған қаралым жинап, елдің оң бағасына да ие болды. Олардың ең үлкені 76-да, ең жасы 63-те. Би өнеріне ғұмырын а рнаған Ұлжан Әбенқызынан осы жайлы пікірін сұраған едік.
– Би өнерін жақсы көремін. Бұл бүкіл айналаңа көз қуанышын сыйлайтын өнер деп білемін. Дене бітімің мен ішкі құрылыстарыңа, жүріс-тұрысыңа пайдасы өте көп. Әсіресе вальсті жақсы көрем, ол бидің королі саналады. Мен кішкенай Бабайқорған ауылында дүниеге келгенмін. Мен сонда билегім келетін. Бірақ бізде би үйірмелері болған жоқ. Мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түстік. Сонда сахналық жұптық би дейді ғой, соған қатыса бастадым. Бірақ онда да керемет биші болмадым, бірақ үйреніп жүрдім. Мен балалы болған соң ғана мықты биші ағайлармен жұмыс істедім. Сөйтіп біраз мемлекеттерді араладым.
Мен енді зейнеткерлікке шыққаннан кейін осы орталықта үш жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Бұл бір жағы өзіме де тиімді, денеге тұз жиналып қалмау үшін адамға қимыл керек екені белгілі. Бір жағынан әжелерге де өзімнің көмегімді тигіземін. Әсіресе бел, мойын омыртқаларында жарығы бар, буындары ауыратын және инсульт алғандар көп қимылдау керек. Оларға да зияным тимеу үшін алдымен өзім жасап көремін, содан соң барып қимылдарды әжелерге жасатамын. Жиырма жылдай педагогикалық колледжде ритмика деген пәннен сабақ бердім. Былай айтқанда қалаға би өнерін алып келдім десем болады. Есімхан алаңында бір сәтте 1000-1500 адамды билеткен кездерім болды. Сондықтан болар көпшілік маған «Би падишасы» атағын берді.
Менде шәкірттер көп, мақтанамын әрқайсысымен. Алдында Бенефис шоу өткізген кезде 37 жыл бұрын бітіріп кеткен шәкірттерім келді. Олар да сахнада би билеп, ризашылықтарын білдірді. Тек биден емес, өнерден де тәрбиелеген шәкірттерім аз болмапты шүкір, өміріме ризамын. Қайта өмірді баста десе, дәл осылай бастар едім, өнер жолындағы еңбек оңай емес. Десе де ол ерекше құбылыс. Мәдениетті және тіл, ономастика алып жүрдім. Қанша адамға шарапатым тиді деп ұялмай айта аламын. Мен биді әзір де тастай алмаймын. Себебі менің өне бойым биді қажет етіп тұрады. Еліме пайдам тисе ризамын, – деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар бидің ауырмауға, әдемі болып жүруге, тазалыққа, мейірімділікке бидің пайдасы ұшан теңіз екенін жеткізді. Бүгінде шәкірттері Түркітан қаласындағы білім ошақтарынан бастап, өзге өңірлерде де қызмет етіп жүрген жайы бар.
Өткен жылы орталықтың қызметіне зейнеткерлердің арасында сұраныс жоғары болуына байланысты Түркістан өаласы әкімдігінің қолдауымен «Бекзат» тұрғын алқабынан №1 филиалы және «Отырар» тұрғын алқабынан №2 филиалы ашылған болатын. Орталықтың негізгі мақсаты – ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталыққа баратын қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі. Олардың алаңсыз тынығып, салауатты өмір салтымен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Тұрсынай Шаметова