Елімізде жыл басынан бері 150-ге жуық жаңа білім беру нысаны ашылды
Қазақстан білім беру инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуды жалғастыруда. 2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда мектепке дейінгі, мектеп, арнайы, инклюзивті және қосымша білім беру салаларында 150-ге жуық жаңа нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы төрт айда 126 жаңа ұйым ашылды, олар балаларға 8,5 мыңға жуық қосымша орын берді. Сондай-ақ, балабақшаларға бармайтын сәбилердің ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісі кеңейтілді: қазір республика бойынша олардың саны 4 100-ден асады. Бұл орталықтарда отбасылар үйде баланы тәрбиелеу және дамыту мәселелері бойынша әдістемелік қолдау алады.
Президенттің тапсырмасы аясында 267 мың оқушы орнына есептелген 232 жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жаңа буынның үш мектебі ашылды. Сондай-ақ, ғимараттарды күрделі жөндеу, инженерлік желілерді ауыстыру және аумақтарды абаттандыруды қамтитын 23 мектепті ауқымды жаңарту басталды. 2027 жылға дейін жалпы 1 231 мектеп жаңартылады.
Инклюзивті білім беру саласында үш мамандандырылған мекеме, соның ішінде Ұлытау облысында ірі аутизм орталығы ашылды. Нәтижесінде мұндай ұйымдардың желісі 504-ке дейін өсті. Ел мектептері жанынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған қосымша 121 сүйемелдеу кабинеті іске қосылды. Бүгінде Қазақстандағы мектептердің 90% — ы инклюзивті оқытуға бейімделген.
Сондай-ақ, еліміздің өңірлері мен мегаполистерінде қосымша алты орталық ашылды. Маусым айында Ақтөбе және Жетісу облыстарында екі заманауи балалар сауықтыру орталығы жұмыс істей бастайды.